Тілсіз жау табиғаттың түбіне жетеді
Тілсіз жау табиғаттың түбіне жетеді
226
оқылды

2019 жыл өрт жиі тіркелген жыл болды. Жер шарының әр жерінен бой көрсеткен жалын жыл соңына дейін жалғасып, 2020-ға да жетті. Австралия жаңа жылды қып-қызыл өрттің ішінде қарсы алып жатыр.

31 желтоқсан күні алапат орман өрті Австралияның Корбарго қаласына кіріп кетті. Келген жылды алаңсыз қарсы алуға дайындалып жатқан жұрт күтпеген жерден әбі­гер­ге түсіп, қаланы тастай қашу­ға мәжбүр болған. Әлемдік ақпа­рат көздері жариялаған дерек­терге сүйен­сек, тілсіз жау жалмаған жан­уар­­лардың саны жарты мил­лиард­қа жетіп қалған.

 

Австралия жанып жатты...

Корбарго – елдің оңтүстік-шығы­­сындағы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатына қарасты қала. Мыңдаған азамат жан сақтау үшін жапа-тар­мағай теңіз жағасына жеткенімен, бір­неше адам құрбан болған. Жа­ға­лауға жақын орналасқан Мал­лакута қаласының тұрғындары Би-Би-Си журналистеріне адамдар қызыл   жалынның ішінде арпалыса жүріп, қолы жеткені қайыққа міне теңізге түсіп жатқанын хабарлаған.

Өрттің салдарынан Сидней мен Мельбурнның танымал бірнеше ку­рортты аймағы жұмысын тоқтат­ты. Жаңа Оңтүстік Уэльс және Вик­то­рия штаттарында оннан аса өрт ошағы тіркелген. Бұл шамамен ұзындығы 500 шақырымға созылған аумақ.

Австралия – Австралия құр­лы­ғы мен Тасмания аралында және көп­теген кішігірім арал­дар жиын­­тығынан құралған мем­лекет. Құрлықтағы өрт 2019 жыл­дың қыр­күйегінде басталған. Сарап­шы­лар өрттің шығу себебі – аптап ыстық пен құрғақшылық деген қоры­тынды жасады. РИА Новости агенттігі өрт 5 миллион гектар жерді шарпығанын хабарлады.   Мыңдаған үй өртеніп кеткен. The Straits Times мәлі­метінше, елдегі коаланың 30 пайы­зы, яғни 8 мыңға жуығы қыры­лып қалған. Себебі орманда ағашқа өрмелеп күнелтетін коала ашық жерде баяу қимылдайтын жануар. Одан бөлек, 480 миллиондай жан-жануар қырылған.

Құрлықты жайпап бара жатқан жа­лынның аумағы ұлғайғаны сон­ша­­­лық, кейбір жердегі ошақты ұшақ­пен сөндіру мүмкін болмай отыр. Ел билігі орман өртін сөндіруге 3 мыңға жуық әскери қызметкер атса­лы­са­ты­нын мәлімдеді. Австралия­ның қорғаныс министрі Линда Рейнольдс бұл – ел тарихында болған ең ірі өрт деп мәлімдеді. 31 желтоқсаннан бері құрбан болғандар саны артып, 23-ке жеткен. Ал DW мәліметінше, Вик­­тория штатында 17 адам із-түзсіз жоға­лып кеткен.

Дегенмен 6 қаңтарда Австралияда нөсер жаңбыр жауып, жауын-ша­шын елдің шығыс жағалауынан, Сид­ней мен Мельбурнға дейін жет­кені айтылды.

Орман өртінің зардабы көршілес аймақтағы мемлекеттерге залал келтіре бастаған. Мәселен, Жаңа Зелан­диядағы мұздықтар өрт күлі­нің кесірінен қоңыр түске боял­ған. Австралиядағы жағдайға байла­ныс­ты танымал адамдар қалыс қал­­май, қаржылай көмек көрсетіп жа­тыр. Мәселен, ресейлік теннисші Мария Шарапова Twitter желісіндегі парақшасында Австралияға көмек ретінде 25 мың АҚШ долларын аударатынын мәлімдеп, әріптесі Новак Джоковичті де ұсынысын қолдауға шақырған. Ал Джокович Шарапованың ұсынысын қабылдап, ол да көмек ретінде қаржы аудараты­нын мәлімдеді.

Одан бөлек, Грета Тунберг, Лео­нарди Ди Каприо, Ева Лонго­рия және тағы басқа танымал тұл­­ғалар Instagram желісіндегі парақ­ша­ла­рында қолдау сұрап жазып жатыр.

Былтырғы жыл табиғат апаты­ның жиілеп, төтенше жағдайлар көбей­­ген жыл ретінде есте қалатын­дай. Ұлыбританиялық Оксфорд сөздігі «климаттық төтенше жағдай» сөзі 2019 жылы әлем бо­йын­ша ең көп қолданылғанын анық­­тапты. Ал Ресейдегі Орыс тілі институты «өрт» сөзі жыл сөзі бол­ға­нын айтып отыр. Өйткені биыл жазда Ресейдің Сібірінде алапат ор­ман өрті күллі әлемді алаңдатып, түтіні мен ыстың иісі біздің елге де жеткені есімізде.

 

Сібір мен Амазония өртеніп еді

2019 жылғы 7 тамызда ақпарат құралдары Ресейде 4,3 млн гектар ор­ман алқабы жанып жатыр деген мәлі­мет таратты. Сібірдің жалпы гео­графиялық аумағы 13,1 млн шар­шы километр екенін есепке алсақ, бұл өте үлкен көлем.   Осынау өрттің түтіні Қазақстанның теріскей аймақтарына да, Мәскеуге дейін жеткені бар. Былтыр жазда Ресейдің 10 аймағында өрт болған. Соның салдарынан қоршаған ортаға орасан зор зиян келді. Өкініштісі, алапат орман өрті кезінде адамзат қауқарсыз болып қалатыны бар. Ресейдегі өрт кезінде де солай болды. Өрт сөндіруге жұмылдырылған техни­калар жалын шарпыған аймақ­қа жете де алмай қалатыны бар. Мәселен, Сібірдің теріскей аймақтарына өрт сөндіруші ұшақтарды жіберуді қажет деп таппады көршілер. Өйткені 500 шақырым алыстағы орман өртін сөндіруге ұшып барған ұшақтың шығыны мол болады. Сондықтан Ресей билігі алыс аймақтағы өрт­ті сөндіруге тырысқан да жоқ. Ал жалпы Сібірдегі орман өртін сөн­ді­руге 2 715 адам мен 343 техника жұ­мыл­­дырылды. Одан бөлек 28 ұшақ пен тікұшақ өрт сөндіруге ара­­ласты.

Өрт демекші, былтыр Амазония ормандары да отқа оранған. Масс-медиадан байқайтынымыздай Ама­зо­ния ормандары жылда өртеніп жататыны бар. Алайда былтыр орасан зор болды. Орман өрті Бразилияда, Боливияда және Перуде тіркелді. Жалпы, 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында Амазония алқабында 77 мың өрт ошағы тіркелген. Онда да миллиондаған гектар орман өр­те­нді. Ал атмосфераға былтыр орман өртінен 6,7 мың мегатонна көмірқышқыл газы қосылыпты. Бұл дегеніңіз АҚШ-тың барлық өндірістері шығаратын зиянды қалдықтардан көп. Алып елдің зауыттары мен түрлі өндірістері ауаға былтыр 5,1 мың мегатонна көмір­қыш­қыл газын шығарыпты. Демек, орман өрті жаһандық сипат алған жайы бар.

 

Орман-тоғай өрті Қазақстанда да аз емес

2019 жылдың тамызына дейін елі­­мізде 500-ге жуық орман өрті бол­ды. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Е.Нысанбаев тамызға дейін орман­ды алқаптарда 499 өрт шығып, шы­ғы­ны 221,2 млн теңге болғанын айт­­­қан. Ал 2015-2018 жылдар ара­лы­ғында елімізде мемлекеттік орман қоры аумағына кіретін 226 мың 835 гектар жер өртенді. Жалпы, соңғы 3 жылда орман өртінің саны 1 703-ке жетіпті. Бір сөзбен айтқанда, ор­ман өрті бізде де болып тұрады. Өкі­нішке қарай, әзірге осынау апат­тың алдын алу ісінде адамзат қателік көп жасап келеді. Біздің елде де солай. Мысалы, 2018 жылы бір ғана Жамбыл облысындағы орман өрті еліміздегі орман өртінің 90 пайы­зы­нан асып кеткен. 146 мың 461 гек­тар орман мен ерекше қор­ға­латын аумақ өртенген. Әр өңірде мұн­дай деректер кездеседі.

Жалпы, орман мен дала өртінің көбінің шығуына адам себепші болатыны жасырын емес. Біздің елде де, шетелдерде де солай. Біз айт­қан Амазония ормандарының өртенуіне жергілікті тұрғындар біраз «үлес» қосса керек. Ал Қазақстанда ағаш саудалайтындар мен «шөп жақ­сы шықсын» деген ниетпен дала­ны өртеп жіберетін адамдардың, салғырт-салақ демалушылардың да кесірі тиіп жатады. Дегенмен найзағай мен қуаңшылықтың кесі­рі­нен де өрт шығатын кездер аз емес. Қалай болғанда да орман өрті жақ­­сылық әкеле қоймайтыны анық.

   


P.S.

Австралиядағы өртке қатысты деректер соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушыларын кәдімгідей алаңдатып қойғандай болды. Тұтас құрлықтың өртеніп жатқаны жайлы фотоны көп адам бөліскен. Жер серігі түсірген фото екен-мыс. Алайда әлгі фото фейк еді. Иә, Австралияда өрт болды, бірақ құрлық түгел жанып кеткен жоқ. Осындайда ақпараттың рас, өтірігін тергеп алатын сергек сана да жетіспейді-ау дейміз. Кез келген дүниеге сергек қарасақ адам қолымен жасалатын апатқа да жол бермес едік.