2020 жылы сыртқы туризм жабылғанда ішкі туристік бағыттарды дамытудың өзектілігі артты. Қарағанды облысы – бірегей туристік әлеуетке ие аймақ. Инфрақұрылымды, ақпараттандыру саласын заманауи стандарттарға сәйкестендіру – осы жылдың әлеуетті міндеті.
«Биылдан бастап біз перспективті жобалар үшін преференциялары бар жайлы туристік аумақтар құру жөніндегі жұмысты күшейтеміз. Бізде Балқаш (ТОП-10), Қарқаралы және Ұлытау (ТОП-50) - 3 туркластер бар. Балқаш курорттық аймағын дамытудың шеберлік-жоспарына сәйкес, бюджеттік және жеке құйылатын инвестиция сомасы 30 млрд теңге шамасында. 2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы Алматы–Екатеринбург тасжолынан Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерінің автомобиль жолдары мен жалпы ұзындығы 9,4 шақырым кентішілік жолдарына орташа жөндеу аяқталды. Сонымен қатар жыл соңына дейін ұзындығы 360 шақырым болатын төрт жолақты Қарағанды–Балқаш автобаны толық ашылады. Балқаш қаласының әуежайын қайта жаңғырту және Бертіс шығанағының туристік объектілеріне және Шұбартүбек және Тораңғалық кенттеріне коммуналдық инфрақұрылым құрылысы да басталады. Сондай-ақ Балқаш қаласының қалалық жағалауын абаттандыру үшін ЖСҚ әзірленуде. Жеке инвестициялар есебінен 9 жаңа демалыс аумағының құрылысы басталады. Жағалауда туристік инфрақұрылым үшін тағы 60 гектар бос жер резервте», – дейді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Өткен жылы Ұлытау ауданында «Визит-орталық» 10 нөмірлі қонақ үй кешені бар туристік орталық құрылысы аяқталды. Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау өңірлеріндегі жол инфрақұрылымы жақсартылды, онда 230 шақырымға жөндеу жүргізілді. Биыл Ұлытауда Жошы ханның мүсіндік композициясы мен экспозициялық залы бар «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады. Кешен Ұлытаудың киелі жерлеріне келетін туристерді тартатын орынға айналады. Қарқаралы ауданында туристерді тарту мақсатында ұлттық парк аумағында 11 туристік маршрут іске қосылды, 54 шақырым жол жөнделді. Қонақтарды 30-дан астам мейманхана, демалыс орны, қонақ үй және тағы басқалары қабылдауға дайын. Осы жылы тағы да 5 демалу аумағын ашу көзделуде. Оның инвестициясы 1 млрд теңге шамасында. Пандемияға байланысты ішкі туризмді дамыту және туристік лекті 10 есе (2025 жылға қарай) арттыру үшін барлық мүмкіндік қолданылуда. Елбасы саясатының негізінде Қарағанды облысында қазақстандық әуе компаниялары ел ішінде әуе қатынастарын кеңейтуде. Облыста 10 әуемаршруты қызмет көрсетеді, оның 2-еуі – халықаралық, 7-еуі – облысаралық және облысішілік – 1 бағыт. Осы жылдың наурыз айында FlyArystan әуекомпаниясы Шымкент және Атырау қалаларына қайта ұша бастайды. Желтоқсаннан бастап «Қарағанды-Жезқазған» әуемаршрутының ұшу жиілігі аптасына үштен төрт ретке дейін ұлғайтылды және тариф 12 мыңнан 10 мың теңгеге дейін төмендетілді. Балқаш қаласы әуежайының ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу аяқталды. Жақын арада аэровокзал ғимараты мен перронды қайта жаңғырту жоспарланған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қарқаралы және Ұлытау аудандарында шағын авиация әуежайлары құрылысының ТЭН-ін дайындау аяқталды. Пандемияға байланысты Қарағанды облысында енгізілген шектеулерге орай, тасымалданатын жолаушылар саны 64%-ға төмендеді, жолаушылар айналымы 70%-ға қысқарды. Дегенмен облыста жолаушылар тасымалы саласын дамыту назардан тыс қалған жоқ. Алдағы 2-3 жылда ескірген қоғамдық көліктерді кезең-кезеңмен жаңарту міндеті тұр. Биыл мемлекеттік қолдау тетіктері есебінен облыс орталығының тасымалдаушылары – 60 және Теміртау қаласының автокәсіпорындары 75 автобус сатып алады. Автобустар бірінші жартыжылдықта жеткізіледі деп күтілуде. 2020 жылы «Нұрлы Жол», «ЖҚЖК» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде 2 мың шақырымнан астам жалпы пайдаланымдағы жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталды. Оның 1 200 шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. Жөндеу жұмыстарына 10 мыңға жуық адам, 4 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Аймақта «Қызылорда–Жезқазған» көлік жолының мәселесі өзекті. ИИДМ ЖСҚ әзірленді, қаржыландыру көзі анықталғанда жол құрылысы басталады. Республикалық маңызы бар «Қарағанды–Балқаш» және «Балқаш–Бурылбайтал» автомобиль жолдарының учаскелерін «Орталық–Оңтүстік» көлік дәлізінде қайта жөндеу жалғасуда. 2021 жылдың соңына дейін бұл учаскеде жол құрылысы толық абаттандырылып, аяқталады. Пандемия зардаптарын еңсеру үшін мемлекет кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуде дағдарысқа қарсы шаралар қабылдады. 2020 жылы «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 421 бизнес жобасына субсидиялар, кепілдіктер, гранттар және инфрақұрылым берілді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 46%-ға көп. Жобалар өңдеу өнеркәсібін, құрылысты, сауданы, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қызметтерді, қонақ үй бизнесін және т.б. дамытуға бағытталған. Нәтижесінде 561 жұмыс орны ашылды. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша 2020 жылы АӨК, тамақ, жеңіл, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 114 жоба мақұлданды. Несие сомасы – 9,5 млрд теңге. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 1 187 несие берілді, оның 92%-ы ауылдық жерге бағытталды. Жобалар мал және өсімдік шаруашылығын, қызмет көрсету саласын дамытпақ. Өз ісін ашуға жас кәсіпкерлерге, көпбалалы аналарға және азаматтардың басқа да санаттарына 1,135 млрд теңге көлемінде 1 871 грант берілді. Экономиканың зардап шеккен секторларын қолдауға бағытталған ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасы бойынша 25,1 млрд теңгеге 111 несие берілді. «ҚР Президентінің тапсырмасымен ЖАО мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлікті жалға берудің 1 289 шарты негізінде 125 млн теңгеге төлемақы есептеу тоқтатылды. 4 800 кәсіпкер жалға беруден босатылды немесе 40% жеңілдікпен жалға алды. 300 кәсіпкерге несиесін, негізгі қарызын және пайыздарын екінші деңгейлі банк кейін төлеуге рұқсат берді», – дейді аймақ басшысы. Қарағанды облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік іске асыру аясында 2020 жылы жалпы сомасы 3,8 млрд теңгенің 8 шартына қол қойылды. Аталған жобалардың барлығы жеке қаржылық бастама негізінде және мемлекеттік міндеттемелері жоқ. Бұл бағытта көштің басында денсаулық сақтау саласы тұр. Онда жалпы 3,8 млрд теңгеге 7 шарт жасалды. Қарағанды қаласында клиникалық-диагностикалық зертхана, Теміртау қаласында Балаларды оңалту инклюзивті орталығы, сәулелік терапия орталығы, Қарағанды қаласындағы Степной-2 шағынауданында және Балқаш қаласындағы З.Сәбитова атындағы шағынаудандағы емханалар, Осакаров, Абай, Қарқаралы ауданында гемодиализ орталықтары ашылды, сондай-ақ ауылдық денсаулық сақтау объектілерін интернетке қолжетімді ету үшін деректерді берудің спутниктік арналарымен қамтамасыз ету жобасы іске асырылуда. Маусым айында Шахтинск қаласында 10 млн теңгеге 25 орындық балабақша ашу жөнінде шартқа қол қойылды. Салалық мемлекеттік органдар мен аудан, қала әкімдіктерінің ұсыныстары негізінде ай сайын МЖӘ жобаларының пұлы қалыптастырылады. Бүгінде ол 6 салада 28 жобаны қамтиды. 2021 жылы 22,6 млрд теңге сомасына 16 жобаны іске асыру міндеті тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 шақырымнан астам инженерлік желілер қайта жаңартылды. Қалалардың проблемалық магистральдық жылу желілеріне ерекше назар аударылады. 378 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынды және қайта жаңартылды. 923 қосалқы стансаның 5 100 шақырым электр желілері жөнделді және жаңғыртылды. Жылу және электрмен жабдықтау саласында 11,7 млрд теңге сомасына 12 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Саран қаласының орталық қазандығының құрылысы қайта басталды және Шахан кентінде орталық қазандықтың құрылысы бойынша жұмыстар жалғастырылды. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 22 шақырым жылу желілерін ағымдағы жөндеу бойынша шамамен 1 млрд теңгеге жұмыстар атқарылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасының» ірі жобаларының бірі – Балқаш қаласының ЖЭО-нан «Қоңырат» шағынауданына дейін ұзындығы 34 шақырым жылу құбырын салу. 2021 жылы 12,3 млрд теңге сомасына 35 жобаны іске асыру, жыл қорытындысы бойынша 300 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілерін, 5,3 шақырым жылу желілерін салу және қайта жаңғырту жоспарланған. Облыс бойынша барлығы 94 саябақ, 234 гүлзар және 11 362 аула аумақтары бар. 2020 жылы 32 саябақ, 103 гүлзар және 268 аула аумағы абаттандырылды. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 195 балалар және спорт алаңдары орнатылып, 1 050 контейнер алаңы салынды, оның ішінде 1 000 алаң Қарағанды қаласында. Көшені жарықтандыру тіректерін орнату, көгалдандыру, жаяужолдарды, көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберіс жолдарын жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Қарағанды облысында 204 мыңнан астам оқушы білім алатын 504 мектеп жұмыс істейді. 2020 жылы үш ауысымды оқыту мен апаттылықты жою мақсатында Жезқазған, Қарағанды қалалары мен Ұлытау ауданында 3 мектептің құрылысы аяқталды. Тағы 4 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 2 мектеп – апатты мектептердің орнына, 2 мектеп – үш ауысымды мектептердің орнына салынады. Жалпы, облыс бойынша 13 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде: 4 мектеп, 2 балабақша, 2 оқушылар сарайы, 4 жапсарлас құрылыс, 1 жатақхана құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы апаттардың алдын алу үшін облыстық бюджеттен және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 448 білім беру нысанын жөндеуге 17 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда үш есе көп. 2021 жылы 99 білім беру нысанына жөндеу жүргізу, жылыту қазандықтарын мектеп ғимаратынан шығару, МЖӘ аясында облыстың 23 мектеп-интернатында және облыс орталығының 5 мектебінде асханаларды жаңғырту бойынша екі жобаны іске асыру, барлық мектеп асханаларында қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға кезең-кезеңімен көшу жоспарланды. 1 145 жаңа орын ашу есебінен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 84%-дан 84,4%-ға, оның ішінде жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда – 1 320-ға дейін ұлғайту, облыс орталығында 20 инклюзияны қолдау кабинетін, бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, Қарағанды және Сәтбаев қалаларында 2 түзету кабинетін ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған арнайы ұйымдардың мамандар штатын ұлғайту міндеті қойылды. Қабылданған шаралар қосымша 1 мыңнан астам баланы оңалту көмегімен қамтуға мүмкіндік береді. 2020 жылы Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға кірісті. Басты назар профилактикалық медицинаны дамытуға бағытталады. МЖӘ тетіктері арқылы Қарағанды және Теміртау қалаларында 3 жаңа емхана, маммологиялық және эндоскопиялық орталықтар ашылды, оңалту орталықтарының желісі дамуда. Абай және Осакаров аудандарында бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттер тұрғылықты жері бойынша гемодиализ сеанстарын алу мүмкіндігіне ие болды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада 370 дәрігер оқиды, олар жақын арада облыстың ауруханалары мен емханаларына жұмыс істеуге келеді. Ең сұранысқа ие мамандықтарға басымдық беріледі. 2021 жылы коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың ықтимал өсуі жағдайында денсаулық сақтау кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, 10 денсаулық сақтау, оның ішінде инфекциялық бейін нысандарына күрделі жөндеу жүргізу, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды жалғастыру, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту (позитронды-эмиссиялық томография орталығы (ПЭТ КТ), сәулелік терапия орталығы (желілік үдеткішті орнату)), №3 көпбейінді аурухананың (облыстық онкологиялық диспансер) операциялық-реанимациялық блогын салу, облыстық балалар ауруханасының (200 төсектік), жедел медициналық жәрдемнің екі қосалқы стансасының құрылысын аяқтау көзделіп отыр.Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы