Банктер бағаланды, тұтынушы сорға қалды
Банктер бағаланды, тұтынушы сорға қалды

Үкімет «Проблемалық кредиттер қоры» арқылы 2015 жылы «Қазком­мерц­банкке» 250 млрд теңге ($1,3 млрд) құйды. 2017 жылы одан «БТА банкінің» 958 активін, соның ішінде 600 жер телімін 2 трлн 640 млрд тең­геге ($7,9 млрд) сатып алды. 2018 жылы «Цеснабанкке» 450 млрд, ал «Астана банкіне» 100,1 млрд теңге бағытталған. Үш жыл бұрын Банк сек­торының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы аясында жетекші 5 банкке 650 млрд теңге берілді. Банкирлер тағы қолдауды сұрап отыр.

Өткен 2019 жылы Ұлттық банк Қа­зақстанның банк секторының активтері сапасын бағалауды (Asset quality review, AQR) аяқтағаны мәлім. ҰБ төрағасы Ерболат Досаев 8 ай бойы жүрген бұл ша­ра­ны ел тарихында «ауқымы жөнінен бұрын-соңды болмаған бағдарлама» деп бағалады. Оның арқасында мемлекет банктердің және тұтастай алғанда бүкіл қаржы индустриясының жай-күйі туралы егжей-тегжейлі ақпарат жиған.

AQR-ге барлық банк активтерінің жал­пы көлемінің 87%-ын және несие портфелінің 90%-ын иеленген ірі 14 банк қана ілікті. Тұтастай алғанда, бүгінде рес­пуб­ликамызда 27 банк бар. Басқа­ла­рының үлесі тым ұсақ, маңызы төмен деп та­ны­лып, оларды бағалауға күш жұмсал­маған.

Активтер сапасын бағалау (АСБ) қоры­тындысы бойынша есеп дайындалды. Ол активтер сапасын жүйелі деңгейде бағалау нәтижелерінен ғана емес, сондай-ақ алда қолға алынатын іс-қимылдар тізбесінен тұрады.


Топ құрып, тоқпақ сайлап...

Е.Досаевтың айтуынша, бұл «ұлы» науқанға үлкен команда – халықаралық аудиторлар мен кеңесшілер, тәуелсіз бағалау ком­панияларының қыз­меткер­лері тартылған. АСБ есе­бінде бұл ақ­парат расталған.

Есепте осы жұмысқа жұмыл­ғандар дәл бір майдандағыдай 3 қорғау тарабына (орысша нұс­қасында «три линии защиты») бөлінгені хабарланды. І қорғау шебі екі топтан тұрады. Бі­рінші топқа шетелдік тәуелсіз аудитор­лық компаниялардың 500-ден астам қызметкері енген. Олар банктер ұсынған деректерді егжей-тегжейлі талдауға жауап берді. Екінші топта 80-ге жуық тә­уелсіз бағалаушы компания бол­ды. Олар банктер иелігіндегі қаптаған кепілзат пен активтер құнын қайта бағалауды ұйым­дастырды.

ІІ қорғау тарабына Ұлттық банктің 35 инспекторы алынып, олардан тексеруге іліккен банктер санына қарай 14 команда құрыл­ды. Инспекторларға әр банк өзі­нің бас кеңсесінен жеке бөлме-офис бөліпті. Сонда отырып олар жергілікті тексеру жүргізуге бас­шылық жасады және қорғаудың І шебінен келіп түскен нәтижелер сапасына тәуелсіз бақылау жүр­гізді. Бұдан бөлек, инспекторлар банкирлерді асықтырып, олар­дың есеп беру мерзімдерін бұз­бауына қол жеткізген.

ІІІ қорғау тарабы Бағдар­ла­маны басқарудың орталық офи­сінен (ББОО) құралды. Оның құ­рамы Ұлттық банк мамандарын және AQR саласының тәуелсіз сарапшыларын қамтыды. ББОО негізгі міндеті – бүкіл жұмыс бөліктеріндегі барлық нәтиже­лер­дің бірыңғай келісілген әдіс­нама талаптарына сәйкес келуін, сапаны бақылау рәсімдерінің орын­далуын қамтамасыз ету бол­ды. Дәл осы кеңсе Басқарушы комитет мүшелеріне АСБ-ның алдын ала қорытындыларын ұсы­нып отырған. Ірі науқанға Ұлттық банк төрағасымен қоса, «елдің жоғарғы басшылығының 7 өкілі» жетекшілік еткені көр­сетілген. 14 банк тізімін де солар бекітіпті.

Олардың ұйғаруымен тізімге Қазақстан Халық банкі, Kaspi Bank, Forte Bank, ЦентрКредит банкі, АТФ банкі, Еуразиялық банк, Jýsan Bank, Bank RBK, Нұрбанк, Altyn Bank, Сбербанк, Альфа банк, Хоум Кредит банкі, ВТБ банкі кірді.

 

Таяқтың ұшы тұтынушыға тиді

АСБ барысында 14 ірі банктегі 8,5 миллионнан астам қарыз алушының несиесі түбегейлі тек­серілген, олардың провизия­ла­рын қайта есептеу жүргізілген. 750 мыңнан астам жеке тексеру өткізілді. Оның басым бөлігі ав­томатты түрде жүзеге асырылған.

Барлық банктегі кредиттер бойынша 1,9 миллиард мәлімет жиналыпты. Несие алу үшін жеке және заңды тұлғалар ұсынған, жалпы құны 2 триллион теңгеден асатын 7 мыңдай кепілзат, 877 жыл­жымайтын мүлік нысаны және 147 құнды қағаз қайта бағаланды.

159 мыңнан аса қарыз алу­шының кредиттік құжаттамасы қайта зерделенген.

Тексеру кезінде «банкпен ерек­ше қарым-қатынасы бар» де­лінген 850 тұлғаның 860 мил­лиард теңге қарыз алғаны анық­талыпты.

Банктер активтерінің сапасын жаппай бағалау науқаны жүрген­де қалың жұртшылық оған тек қаржылық ұйымдарға ғана қа­тысты нәрседей бей-жай қара­ғаны мәлім. Шын мәнінде, АСБ банктен несие алған қарапайым қазақстандықтар мен кәсіпкер­лерге ауыртпалық түсіретіні анық­талуда. Мысалы, AQR нәти­желеріне сай біраз банк тексе­рушілер күдік келтірген бизнес­мендерге бұрыннан беріп келген несие желілерін жауып тастапты. Кейбір кәсіпкерлермен «жеке әңгіме» жүргізген банкирлер оларға қиын таңдау ұсынды: не қосымша әрі аса құнды кепілзат табуы немесе кредитті мерзімінен бұрын қайтаруы тиіс.

– Көптеген банктер АСБ про­цесінің өзінде-ақ бақыланған нәтижелерді ескеріп, порт­фель­дер сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдағанын атап өт­кен жөн. Мысалы, бірқатар банк лимиттерін қысқартты. Проб­ле­малық қарыз алушыларға кредит желілері бойынша ары қарай транш бермеу туралы ресми ше­шімдерді бекітті. Басқа банктер проблемалық қарыз алушылармен жұмыс жүргізді, олардан берешек­терін өтеуді немесе қосымша ке­пілдікпен қамтамасыз етуді талап етті. Көптеген банктер АСБ аясында табылған сәйкес­сіз­дік­терді жою үшін өз саясаты мен про­цестерін, деректері мен жүйе­ле­рін жетілдіру жұмыстарын бас­тады, – делінген Ұлттық банк есебінде.

Бұған қоса, алда банктер не­сие алушылар кепілге қоятын жыл­жымайтын мүлікке талап­тарды қатайтады. Салдарынан көптеген қарызға зәру адамдар­дың банктен беті қайтып, салы суға кетуі ғажап емес. Бұл қазақ­стандықтарды микроқаржы ұйым­дары, ломбард, онлайн-кре­дит секілді мөлшерлемелері то­науға көбірек ұқсайтын ұйым­дар­ға тәуелді етуі ықтимал.

Оның үстіне табысы күнкөріс шегінен төмен яғни 2020 жылы отбасының әр мүшесіне шақ­қан­дағы кірісі 31 мың 183 теңгеден аз азаматтарға несие беруге тыйым салынған.


Банктер стреске дайындалуда

АСБ жүргізумен бірге Ерболат Досаевтың ұжымының осы сек­тордағы тарихи миссиясы да аяқ­талады. Ары қарай банк саласын Мәдина Әбілқасымова басқа­ратын жаңа меморган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жатқызып-өргізбек. AQR-ден туындайтын жаңа ша­ралар мен реформаларды да сол іске асырады.

Түңлігін жаңадан түрген ұйым активтер сапасын бағалау есебіне қатысты алғашқы түсініктеме берді. Агенттік төрағасының бі­рінші орынбасары Олег Смоляков қазақстандық банктер өз тәуе­келдерін жабуы үшін тағы 450 миллиард теңге капитал тарту ке­регін жеткізді.

– Қатысушы банктердің не­гізгі капиталы 2,3 триллион тең­гені құрайды. AQR-ге сай 14 банк өз тәуекелдерін өтеу үшін актив­тердің 3 пайызы немесе 450 млрд теңге көлемінде қосымша негізгі капитал табуы қажет. Бұған дейін банктердің нормативтік мини­мумы бойынша капитал қоры 1,2 триллион теңгеге тең болатын. Алайда енді АСБ қорытынды­сында капитал қоры 775 млрд теңгеге ғана жетіп отыр, – деді Олег Смоляков.

Ол банктерге ішкі саясаттарын жақсарту жөнінде ұсыным бағыт­талғанын атап өтті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, осы қаңтар айында әр банк рет­теушінің ұсынымдарына сәйкес жеке іс-шаралар жоспарын түзеді. Ол жоспарларды агенттіктің ма­құлдауынан өткізу ісі 2020 жыл­­ғы 15 ақпанда аяқталады. 14 банк­тің әрқайсысымен нақты жұмыс­тың қорытындылары 28 ақ­панда жария етіледі. Содан кейін рет­теу­ші банктердің төл құжа­тын­дағы іс-шараларды орындауын қатаң қадағаламақ.

АСБ талаптары негізінде биыл ірі банктің әрқайсысы әртүрлі стрестік жағдайлардан өтудің бірнеше нұсқасын түзуге, тәуе­келдерді азайту бойынша страте­гияларының дұрыстығын қар­жылық реттеуші алдында дәлел­деп шығуы тиіс болады.

Мұның сыртында бұдан бы­лай банктер қаржылық сауықтыру жоспарын үнемі жаңартып оты­руға және ұдайы тестілеуден өтуге міндеттеледі.

Жалпы алғанда, AQR Қазақ­станның банк секторында оң өз­­герістер жүріп жатқанын паш етті.


Елдос СЕНБАЙ