130-бап қалай жұмсарады?
130-бап қалай жұмсарады?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отыры­сын­да Қылмыстық кодекстің 130-бабы қылмыстық си­пат­тан арылатыны ай­тыл­ды. Бұл жаңалыққа БАҚ өкіл­­дері қатты қуанды. Се­бебі дәл осы бап 2014 жы­лы Қыл­­мыстық кодекске ен­­­гізіліп, тал­­қыланып жат­қан­­да тәуел­­сіз БАҚ өкіл­дері да­­был қаққан. Олар атал­­ған бап ой ер­кін­дігі мен сөз бос­­тан­­­дығына соққы бо­ла­­тынын айтып, Үндеу де жа­рия­лаған. Алайда жур­на­лис­тер­дің жан дауысы Парла­менттің қалың қа­быр­ға­сын «бұзып-жарып» өте ал­мады.

Кодексті өзгертуге қарсылар да болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жасаған баян­дамасында 130-бапты де­крими­нализациялауға қар­сылық та­ныт­қандардың болғанын ай­тып қалды. Кейбір қоғам мүшелері, тіпті құқық қор­ғау­шылар бұл нор­маны сақтап қалу үшін барын салған. Олар, тіпті адам құқын, оның абыройы мен ар-намысын сақ­тау мәселесін қарсы аргумент ретінде ұсынған.

«130-бапты өзгерту мәселе­сінің өзіне ғана Ұлттық кеңес мү­шелері мен меморгандар өкіл­дерінің қатысуымен бірнеше талқылау өтті. Осы норманы тал­қылау барысында бір шешім табу­дың қаншалықты күрделі екені анық байқалды. Барлық ұс­танымды және бұл мәсе­ленің ерек­шелігін сараптау қоры­тындысы мен Қылмыстық ко­декстің 130-бабын декриминали­зациялау және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы ше­шім қабылдадым», – деді Президент.

Қазақстан Медиа Альянсы­ның төрағасы Арманжан Бай­тасовтың пікірінше, Прези­дент­тің шешімі журналистік зерт­теу­лердің қайта жандануына ықпал етеді.

«Журналист ретінде, медиа саласының қызметкері ретінде, Қазақстан Медиа Альянсының төрағасы ретінде, әрине осы бап­тың қылмыстық сипаттан алып тасталатыны қуантады. Өйт­кені сөз бостандығы, менің ойымша, мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді. Осы баптың де­крими­нализациялануы жур­налистердің батыл жұмыс іс­теуіне мүмкіндік береді. Жур­на­листік зерттеулер қайта шы­­­ға бастайды, журналистер са­палы материалдар дайындау­ға ұмтылады. Сосын біздің жур­­­налистерді де көп оқи бас­тай­ды. Сондықтан да 130-бапты қыл­мыстық сипаттан алып тас­тау ту­ралы шешім өте маңызды болды деп санаймын», – дейді ол.

 

Ойланбай сөйлеп, опық жеп қалмаңыз

Сонымен, аталған бапты өз­гертуге халық не үшін қуан­ды? Әуелі соған тоқталсақ, қол­­даныстағы Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» туралы 130-баптың 1-бөлімінде «Жала жабу, яғни басқа адамның абы­­ройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан кел­тiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөл­шерде айыппұл салуға, не сол мөл­шерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бос­тандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Аталған баптың 2-бөлімінде «Көп­шiлiк алдында немесе бұ­қаралық ақпарат құралдарын не­месе телекоммуникациялар желі­лерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл са­луға, не сол мөлшерде түзеу жұмыс­тарына, не екi жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бос­тандығынан айыруға жаза­ланады» деп жазылса, 3-бөлімде «Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан, сол сияқты ауыр зардаптарға әкеліп соққан іс-әрекеттер үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл са­луға, не сол мөлшерде түзеу жұ­мыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шек­теуге, не сол мерзімге бас бостан­дығынан айыруға жаза­ла­нады» делінген болатын. Бұл 2015 жылы қабылданған, яғни бүгіндері қолданылып отырған норма.

Ал оған дейінгі Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» туралы 129-бабында «100 айлық есептiк көрсеткiштен 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не 120 са­ғаттан 180 сағатқа дейiнгi мер­зiмге қоғамдық жұмыстарға тар­ту, не бiр жылға дейiнгi мер­зiмге түзеу жұмыстары жазасы беріледі» және 130-бапта «1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл са­лына­ды, не сол мөлшерде түзеу жұ­мыс­тарына жазаланады, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бос­­тандығы шектеледі, не сол мер­­зімге қамауға алынады» делінген.

коллаж.JPG

Көріп отырғанымыздай, екі норманың айырмасы жер мен көктей. Біріншіден, ескі кодексте «Жала жабу» туралы екі бап бөлімдерсіз болса, қолданыстағы кодексте де екі бап (130-бап, 131-бап) бар, алайда 130-баптың өзі үлкен үш бөлімнен тұрады. Қолданыстағы бап журналистің ғана емес, кез келген қазақстан­дық­тың ой еркіндігі мен сөз бостан­дығын шектеуге жұмыс істеп тұр. Бұл демократия принцип­теріне қайшы. Айтқандай, қол­даныстағы заң күшіне енген соң Қазақстанның тиісті органдары БАҚ-пен бірге әлеуметтік же­ліні де қатаң бақылауға алды. Ойланбай жазылған бір сөз үшін соттау басталды. Мысалы, 2016 жылдың соңғы айларында ғана Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде ұлтаралық шиеленіс ту­дырды деген күдікпен 3 жылға сотталса, осы облыстың тағы бір тұрғыны Қазақстанды Ре­сейге қайта қосу керек деген жазбасы үшін 5,5 жылға сот­талды. Щучинск қаласының тұр­ғыны интернетте терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл, әрине алаңдатарлық мәселе еді. Оң-солын танып үлгермеген, сөздің байыбын ұға бермейтін балалар мен жасөспірімдер әлеу­меттік желіде ойланбай жазған жазбасы үшін темір тордан бір-ақ шығуы мүмкін ғой.

Негізі, бұл норма әлі де қол­даныста, сондықтан 130-бап жұ­мсарғанға дейін ойланбай сөйлеп, опық жеп жүрмеңіз.

 

Журналистер жауапкершіліктен қашқан емес

Сөз басында айтып өт­ке­німіздей, атышулы 130-баптың қабылдануына қарсылық та­нытқан журналистер қауымы болды. 2014 жылдан бастап да­­был қаққан әріптестеріміз жала жабу мен тіл тигізгені үшін бас бостандығынан айыратын қауіп төнгендіктен, журналистік зерттеумен айналысуды доғарды деуге болады. Салдарынан елі­мізде журналистік зерттеу жанры жоғалды: бүгіндері жемқорлық оқиғалары, қылмыстық істерді зерттейтін журналистер жоқ­тың қасы. Барының өзі жем­қор­лықпен күресуші органның ресми дерегімен ғана шектеледі. Шындыққа жету үшін қадалған жерден қан алмай қоймайтын қасиет талантты журналистің бір қыры саналмай қалды, се­бебі індетіп зерттеудің соңы те­мір тордан бір-ақ шығаруы әб­ден мүмкін. Осылай деген елу­ден астам журналистің Үн­деуі ескерусіз қалды, назарға алын­бады. Сөйтіп, Қылмыстық ко­декстің атышулы 130-бабы қабыл­данып кетті. Оған дейін жала жапқаны үшін айыппұл тө­лейтін журналистер енді 3 жыл­­ға дейін бас бостандығынан айырылатын нормаға бағынуға мәжбүр болды. Әлі де мәжбүр, себебі, әлгінде айтылғандай,130-бап әзірге қылмыстық сипа­тынан арылған жоқ.

«Менің түсінгенім, 130-бап­тың барлық бөлімі декри­ми­нализацияланады. Бұған дейін Бас Прокуратураның былтыр күзде Парламентке кіргізген заң жобасында аталған баптың 1-бөлімін декриминализациялау туралы ғана айтылған еді. Біз үшін – БАҚ өкілдері үшін 130-баптың 2-бөлімі аса маңыз­ды, себебі онда журналистердің жауапкершілігі туралы айтылады. Сондықтан 130-баптың толы­ғымен декриминализация жа­салғаны дұрыс. Бұл мәселені қо­ғамдық қауымдастық, БАҚ өкіл­дері он жылдан бері көтеріп келеді. Себебі, бұл норма жур­налистердің еркін пікір біл­діруіне, журналистік зерттеу жүр­гізуіне кедергі болып тұр. Бұл бап бойынша журналист бас бостандығынан айырылмаған күннің өзінде, айыппұл төлесе де, оның сотталғаны сүйекке түскен таңбадай қала береді, – дейді Гүлмира Біржанова. – Біз алты жыл бұрын осы бапқа қарсы болғанда, бізді – журналистерді жауапкершіліктен қашып жатыр деп кінәлады. Шындығында, жур­налистер жауапкершіліктен қашпайды, іс-әрекеті үшін жауап бермейміз деген жоқ. Бар болғаны, жауап­кершілік қыл­мыстық болма­сын, әкім­шілік болсын деді. Әрі-беріден соң әлем елдері алдында Қа­зақстан­ның адам құқы бойын­­ша міндеттемелері бар, 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төра­ғалық еттік. Ал бұл ұйымның ең басты ұстанымы – адам құқын қорғау».

Заңгердің айтуынша, енді 130-бап Әкімшілік кодекске ауыстырылғанда, айыппұл кө­лемі қанша болады, жала жапқан, тіл тигізген журна­листің жазасы қандай бола­ды деген мәселеге назар аударуымыз керек. Себебі, журналистік зерттеу жүргізуге кедергі болып тұрған бапқа дауыс берген Парламенттің бесінші шақырылымындағы депутаттардың үштен бірі бүгінгі алтыншы шақырылымның да депутаты болып отыр. Кезінде өздері қатайтқан 130-бапты Президент шешімінен кейін қа­лай жұмсартар екен?..


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ