Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында экранға үңілген көрермен міндетті түрде режиссер Эльдар Рязановтың «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!» фильмін көретіні анық.
Рязановтың шытырманға толы бұл лирикалық кинокомедиясы сізді еріксіз көк жәшікке телміртетіні де рас. Шамамен 40 жылдан асты, Мягковтың кейіпкерінсіз жаңа жыл табалдырық аттамайтын секілді көрінеді. Әңгімеміздің әлқиссасын «Тағдыр тәлкегінен» бастағанымызбен, біздің айтпағымыз бұл емес. 31 желтоқсан сайын телеарнаның дені эфирді «студиядағы концертпен» айшықтайды. Жыл сайын тек сценарий өзгеріп отыруы мүмкін, бірақ оқиға бір-бірінен алшақтап кетпейді. Сол баяғы ресейліктер алып келген «Голубой огонектің» қазақша баламасы. Бұл концепцияның үздіксіз жалғасып келе жатқанына да – 15 жылдың шамасы. Қазақстандық негізгі арналардың дені осы үлгіні пайдаланады. Бұл – отандық телевидение саласы бір орында тұралақтап, түбегейлі идеялық реформаны қажетсінеді деген сөз емес пе? Белгілі журналист Арман Сқабылұлы «телевидение ғана емес, әдебиет, мәдениет саласына да реформа жасаудың уақыты келді» деген пікірде.
«Өткен ғасырдың 90-жылдары Ресейде осындай форматпен жаңажылдық бағдарламалар көрсетіле бастады. Сол бағдарламаларды қазақстандық арналар да бірден көшіріп алды. Біз де эфирді әншілермен толтырамыз. Ең қорқыныштысы, телеарналар жаңажылдық бағдарлама жасаудан жарысқа түсіп кетті. Әлеуметтік желіде «Ұлттық арна жаңажылдық бағдарлама бойынша рейтингтен алғашқы орынға шықты» деп жазып жатыр. Мүмкін, рейтингте жоғары болғаны да дұрыс шығар. Әңгіме рейтингте емес. Онсыз да жаңа жыл түні көпшілік Ұлттық арнаны таңдайтыны рас. Түнгі 12-ге дейін арнадан Президент құттықтауын күтеді, одан кейін де теледидар қосулы тұрады. Сол үшін де рейтинг жоғарылады деп мақтануға болмас», – дейді журналист.
ТВ саласы үшін рейтинг маңызды. Алайда рейтинг көтерудің негізгі әдісі тек тойда немесе YouTube-та қараламы мол әрі мәнсіз-мағынасыз әндерге жүгіну ме? «Оппа-оппа», «Дорогой», «Зың-зың» секілді жеңіл әндерді мемлекеттік арнаның эфиріне шығару да рейтингке әсер ете ме?
«Біріншіден, жаңажылдық бағдарламаларға қымбат декорация жасалады. Екіншіден, мұндай бағдарламалар аутсорсинг компанияларда дайындалады. Оны қай аутсорсинг компания жасайтынын телеарна басшылары өздері шешеді. Бұрынғыдай оған көркемдік кеңестің қатысы жоқ. Қандай әнші қатысатынын, қандай ән орындайтынын, сценарий қалай болатынын компания өзі анықтайды. Сол себепті де кейде эфирде орынсыз әзіл-қалжыңдар айтылып қалады. Өйткені оны бақылап-қадағалап отырған көркемдік кеңес жоқ. Табиғи шыршадан бас тартып, жасанды шыршаға көшкен жоқпыз ба? Сол секілді соншама мол қаражат шығарып, жаңажылдық бағдарлама жасау қажет пе? Кемінде оған бір тарихи фильм түсіруге болатын қаржы жұмсалады. Тарихи фильмді қайталап көрсетуге болады. Ал жаңажылдық кеш қайталанбайды ғой», – дейді Арман Сқабылұлы.
Сонымен, телеарналар ұсынған бағдарламалар тізбегіне көз салсақ: «Жап-жақсы жаңа жыл», (QAZAQSTAN), «Жұлдызды жаңа жыл», («Хабар»), «Голубой огонек на Шаболовке», («КТК»), «Новогодняя ночь на первом» («ПКЕ») және т.б. Барлығы дерлік көңілді, жеңіл, әзіл-қалжыңға құрылған думанды кеш дерсің. Жаңа сценарий, жаңа бағдарлама болғанымен, формат бір, ескі үрдіс, бұзылмайтын дәстүр мұнда да сақталған.
Трендтен қалмаған дұрыс шығар, алайда қызықтың көкесі осы деп, қазақтілді эфирді орысша шұбарлату кімге керек? Мәселен, «Хабар» арнасынан шығатын «Қызық Times» бағдарламасының жаңажылдық «Қызық Премия» атты арнайы жобасы бізді таңғалдырды.
«Хабар» арнасының бас продюсері Айдос Тұрысбек «Жаңажылдық бағдарламаның негізгі үш критериі бар: ән, әзіл және көркем фильм элементтері. Бұл бір Қазақстанға ғана тән дүние емес. Ресейде де, Украинада да және тағы басқа посткеңестік мемлекеттерде жаңажылдық бағдарлама осылай жасалады. Жаңадан ешкім ешнәрсе ойлап таппайды. Мәселен, биыл «Хабар» арнасы жаңа жыл кешінде «Тақиясыз періште» деген бағдарлама ұсынды. Онда қазақтың әнші қыздары Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева ұлдарына қалыңдық іздейді. Қалыңдық іздеу үшін концертке барады. Онда әзіл де бар, қалжың да, сюжеттік желісі де бар, бас-аяғы жинақы көркем фильм секілді. Көпшілік арналардағы концерттің концепциясы осындай. Мазмұны өзгеруі мүмкін, бірақ форматы өзгермей қалып отырады. Ал жеңіл-желпі әндерге келер болсақ, көрерменнің сұранысы қандай, соған жауап беруге тырысады. Мәселен, шетелдерде жаңа жылға арналған әндер бар. Біз оны қазақшаға аударып, шырқай алмаймыз. Өйткені ондай әндерді көпшілік қабылдай қоюы екіталай. Сондықтан көрерменнің қалауындағы нәрсені орындауға тырысады. Қазір YouTube арнасын қарасаңыз, трендте «Әзіл әлемі», «Шаншар», «Тамаша» секілді әзіл-сықақ шоу бағдарламалары тұр. Сол себепті көрерменге өтімді болу үшін сценарий мықты болуы керек», – дейді.
Трендтен қалмаған дұрыс шығар, алайда қызықтың көкесі осы деп, қазақтілді эфирді орысша шұбарлату кімге керек? Мәселен, «Хабар» арнасынан шығатын «Қызық Times» бағдарламасының жаңажылдық «Қызық Премия» атты арнайы жобасы бізді таңғалдырды. Бұған дейін Ұлттық арнада жұртты күлдірем деп екі сөзінің біріне орысша қосып сөйлейтін Тұрсынбек Қабатов талай көрерменнің сынына ұшыраған. «Қызық Times» жүргізушілері де сол қателікті толығымен қайталады. Алдымен жылдың үздіктерін атап өту үшін орыстың премия сөзін қазақша аударудан бас тартыпты. Сыйлық, марапат секілді қазақ сөздерін керек қылмаған. Ал жоба бойы бес сөздің екеуі орысша болды. КВН-нан шыққан жігіттер сондай деп жылы жабуға болар ма еді, алайда Хабар агенттігінің эфирін қадағалаушы шеф-редакторлар аталған жобаның атауын, сценарийін қалайша бекіткен?
Ұлттық арна биыл «Жап-жақсы Жаңа жыл» бағдарламасымен рейтингте бірінші орынға шықты. TNS Central Asia зерттеу компаниясының деректері бойынша, отандық арналар арасында үздік үштіктің көшін «Евразия» телеарнасы бастаған. Бұл қалыптасқан дәстүрге айналып барады. Өйткені 2018 жылдың 31 желтоқсанында да «Евразия» арнасы бірінші орында болған. Бірақ биыл олай болған жоқ. Qazaqstan ұлттық телеарнасының «Жап-жақсы Жаңа жыл» деп аталатын мерекелік жобасының көрсеткіші ресейлік өнімнен де асып түсіпті. TNS Central Asia деректері бойынша, аудиторияның басым бөлігі отандық өнімді таңдаған. Жобаның үлесі 24,3 пайыз болды.
«Мұны стандарт деп айту қиындау, қалыптасып қалған дәстүр. Бірақ кез келген дәстүрдің озығы мен тозығы бар. Көрермен сұранысына қарай уақыт өте келе кез келген формат өзгереді. Жалпы, Жаңа жылды мұндай форматта атап өту біртіндеп өзекті болмай қалуы да мүмкін. Биыл Qazaqstan ұлттық арнасы осындай жаңашылдыққа бастайтын алғашқы қадамды жасады. Көлемді студия, музыкадағы жаңа трендтер, көрермен жақсы көретін жас өнер иелерінің жүргізушілік қырынан танылуы – эксперименттік қадам. Жарық қою, қосымша бірнеше локацияны жаңажылдық жобаға қауымдастырудағы (интеграциялаудағы) мақсатымыз – жаңажылдық тележобаларды жаңа, сапалы форматқа өткізудің алғашқы қадамдары. Мұны көрермен ескерусіз қалдырмады. Рейтингтік компаниялардың мағлұматтары бойынша Ұлттық арна осы жолы көш басына шықты. Алдағы Наурыз мерекесіне арналған тележобаларды да тек мазмұндық емес, телевизиялық сапа, идеологиялық тұрғыдан жаңа форматта ұсынғымыз келіп отыр. Жалпы, жаңажылдық жобаларды форматтау мәселесі тек бізде ғана емес, көпшілікке «Голубой огонек» атауымен таныс форматты дүниеге әкелген Ресейдің орталық телеарналарында да көтеріле бастады. Бұл – заңды құбылыс. Біз әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде жаңа телетрендттерден қалмай, ұлттық ерекшеліктерімізді естен шығармаймыз» дейді Qazaqstan ұлттық телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов.
Дегенмен бүгінгі көрерменнің талғамы да өзгерген. Жаңажылдық бағдарламаларды жақсы қабылдап, жылы пікірін білдіріп жатқандар да бар. Керісінше, кейбіреулер мұндай «көшірме» хабарлардан шаршағанын айтады. Мәселен, өнертану магистрі Сырым Мұхамеджанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Жеңіл-желпі концерттер бірнеше күннен бері барлық телеарнадан беріліп жатыр. Біздің деңгейіміз соншалықты түсіп бітіпті ғой. Бірде-бір эстрадалық ән тыңдамайтын едім, торыққаным соншалық бізге кәдімгідей реформа керек сияқты. Ұлттық құндылықтарымыз жоқ. Әләуләй-хәләуләйлар төрге озыпты. Домбыра сүйемелдеуімен бір әннің не болмаса, халық әнінің шырқалғанын көрсем, көзім шықсын!» деп жазды.
P.S.
Қалай десек те, бюджет қаражатына күн көретін мемлекеттік арналардан көрермен сапалы дүниелер күтері анық. «Жылтыңдатып» кей әншілердің барлық эфирді жаулай бергені де телевидение секілді ірі индустрияның контент тұрғысынан арзандағанын айшықтайтындай. Бұл консервативтік сын емес, жоғары сапаны талап ету. Өнерге, мәдениетке салмақты қарайтын жан өз қадір-қасиетін бұлай түсірмесе керек-ті. Ал телеарналарға әлі де концепциялық ізденіс қажет екені көрініп-ақ тұр. Жаңа мазмұн, тың пішіндегі тартымды бағдарлама көбейіп жатса, өзіміздің өнім деп қуануға біз даяр.
Гүл БЕКЗАТ