Нұр-Сұлтандағы "Қазақстан" спорт кешені апатты жағдайда. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов есеп беру жиналысында айтты. "Қазіргі уақытта ғимарат апатты жағдайда тұр. Сондықтан біз жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Ғимаратты толығымен бұзуға тура келуі де мүмкін", - деді Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде. "Қазақстан" СК бассейні 2018 жылғы тамызда жөндеуге жабылған, ал спорт кешені 2019 жылғы сәуірден бастап жұмыс істемей тұр. "Бірінші кезекте мамандар кешеннің қандай бөлігін алып тастап қайта жасау қажет екенін жоспарлап береді. Жобаға сәйкес жұмыс істейміз. Құрылыс биыл басталады. 2022 жылы кешенді тұрғындар қолданысына беруіміз қажет",– дейді қала әкімі. Бұған дейін "Қазақстан" спорт кешені "Барыс" хоккей клубының аренасы болған.