Малышеваның iPhone-ы жоғалғаны үшін «Қазпоштада» тексеріс басталды
Малышеваның iPhone-ы жоғалғаны үшін «Қазпоштада» тексеріс басталды
129
оқылды

Астана тұрғыны Екатерина Малышева «Қазпошта» арқылы жолданған қораптың ішіндегі телефон қолды болғанын айтып шағымданды. Бұл туралы «Sputnik Қазақстан» жазды.

Малышеваның айтуынша, 25 қаңтар күні "EMS Қазпошта" қорабын ашып, ішіндегі iPhone-ды ұрлап кеткен. Қораптың дәл телефон жатқан тұсын байқалмайтындай етіп кескен. Қораптағы басқа заттар орнында тұр. Ол қораптың ашылғанын көрген соң пошта қызметкерлерін шақырып, сәлемдеменің салмағын өлшегенде 400 грамға жеңіл екені анықталды. Бұл жайтқа қатысты «Қазпоштаның» баспасөз қызметінің жетекшісі Тимур Мухамдеев компанияда ішкі тексеру басталғанын хабарлады.

«Әріптестерім ұрлық фактісі бойынша шағым түскенін растады. Кеше бұл мәлімдеме тіркелді. Осының негізінде ішкі тексеру жұмысы басталды. Бұл компаниядағы стандартты рәсім. Оның аясында ең алдымен филиалдарға өтінімдер жолданады. Одан кейін осы қорапты жөнелту кезінде онымен жұмыс істеген барлық қызметкерлер тізбегі анықталады», – деді ол.

Ұрлыққа қатысты мән-жайды анықтауға полицейлер де атсалысып жатыр.

Бұған дейін «Қазпошта» ғимаратына пандустың жоқтығынан еңбектеп кіріп, сәлемдемесін алып жүрген қарағандылық туралы жазған едік.