Аударыспақтан республикалық турнир өтті

Аударыспақтан республикалық турнир өтті

Аударыспақтан «Түркістан облысы әкімінің кубогіне» арналған ашық республикалық турнир өтті. Ұлттық спорт­тың көшін бастаған спорт түрінен өткен жарысқа еліміздің ең таңдаулы балуандары қатысып, бағын сынады.

Биылғы турнирдің ережелері өзгерген. Өткен жылы төрт салмақ дәрежесі бойынша балуандар жекелей күш сынасса, биыл сегіз салмақта командалық жеңімпаздарды анықтады. Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спортымызды өскелең ұрпаққа дәріптеу. Бұл сайысқа Түркістан облысының құрамасы жоғары деңгейдегі дайындықпен келгенін тағы да көрсетті. Еліміздің ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов бұл турнирдің жастар үшін берер пайдасы мол екенін атап өтті. Көптен күткен дүбірлі додаға спортшылар да асқан дайындықпен келіп, жарыс көркін қыздырды. Сайыс қорытындысымен түркістандықтар 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль еншілеп, Түркістан облысы әкімі кубогына  арналған жарыста бірінші орынды жеңіп алды. Ал Қызылорда облысынан келген жігіттер 3 күміс, 1 қола алқаны олжалап, командалық есепте екінші орынды иеленді. Жамбыл облысының құрамасы 2 күміс медаль еншілеп, жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты.