«Шағала» армияның «көзіне» айнала ма?
«Шағала» армияның «көзіне» айнала ма?

Жуырда Қорғаныс министрлігі Қазақстанда жасалған «Шағала» атты пилотсыз ұшатын аппараттың сынақтан өтіп жат­қанын хабарлады. Барлау қызметі үшін қолданылатын құрылғыны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ға­лым­дары құрастырса керек. Дегенмен құрылғыны құрас­тыруға Kaztechinnovation компаниясы да атсалысыпты.

Әлбетте, «Шағала» деген құ­рылғыны жасауға Kaztechinnovation компаниясы атсалысқанын әскерилер айтқан жоқ. Біз жоба жасауға осы компанияның қа­тысқанын әлеуметтік желілер ар­қылы білдік. Демек, отандық ком­паниялар қорғанысқа қажетті өнім­­­­дерді құрастыруға шындап бет бұра бастады деген сөз. Тек «Ша­ғаланың» «бақыты» баянды болса дейміз.

Әскерилер дрондарға көп көңіл бөле бастады

Жалпы, соңғы жылдары Қа­­зақстан Қарулы Күштерін жаңа техникамен қамтамасыз ету ісіне көп көңіл бөліне бастағанына куә болып жүрміз. Былтыр армия 370 жаңа техника сатып алыпты. Олар­­­­­­­­­­­­­­дың арасында француздармен бірлескен кәсіпорын құрастырған «Нұр» радиолокациялық кешені де бар еді. Ал «Шағала» шетел­дік­термен бірлескен жоба емес, отан­дық ғалымдар мен кәсіп­керлердің тізе қоса отырып жасаған дүниесі екен. Әрі әскери ғалымдар дрон­дарды пайдаланудың ерек­ше­ліктерін мықтап зерттеуге көшсе керек. Ұлттық қорғаныс уни­вер­ситетінің ғалымдары қар­сы­ластың бронды техникасы мен күшіне қарсы тиімді қару ретінде тек барлау дрондарын емес, со­нымен қатар соққы беруші пилот­сыз ұшу аппаратын қолдануға да талдау жасапты. Сондықтан пи­лотсыз ұшатын құралдарға сұраныс артып отырған көрінеді. Қорғаныс министрінің орын­басары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаевтың ойынша, отандық кәсіпорындардың мұндай құралдар жасауға ұмтылысы құптарлық іс. «Ұшқышсыз ұшу аппараты ауқы­мында әскерлерді отандық әзірле­мелермен қамтамасыз етуге деген ұмтылыс қуантады. Дегенмен бұл осындай шетелдік құрылғылармен бірдей болмауы керек. Отандық аппараттардың тактикалық-тех­никалық сипаттамаларын әзірлеу кезінде қазақстандық армияның барлық қажеттіліктерін, біздің қор­ғаныс мақсатындағы гео­гра­фиялық ерекшеліктерді ескеру қа­­­­жет», – дейді генерал-лейтенант. Гене­­рал­дың сөзінен әскерилердің отан­дық дронға кәдімгідей іш тарта­тыны байқалады. Өйткені әлемнің көп­теген мемлекеті қазір өз дрон­дарын жасауға талпынып жатыр. Мәселен, Әзербайжан елі Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде Түркия мен Из­раильден сатып алған пилотсыз ұшатын аппараттардан бөлек өз­дері құрастырған Itikovan дейтін ка­микадзе дрондарды пайдаланды. Ал Қазақстан Қарулы Күштерінде әзірге елімізде құрастырылған дрон жоқ. Армия израильдік SkyLark барлаушы дрондары мен қытайлық WingLoong барлау-шабуылдау кешенін қолданады. Бірақ соң­ғысының бірнеше данасы ғана бар. Ал соңғы екі-үш жылда пи­лот­сыз ұшатын аппараттарды бір­лесе құрастыру жөнінде еліміз Из­раильмен, Түркиямен келіс­сөздер жүргізіп жатқанымен, бір­лескен кәсіпорын әзірге құрыла қойған жоқ. Бірақ жан-жақты талпыныс бар. Мәселен, 5 ақпанда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Түр­кия ұлттық қорғаныс ми­нистрінің орынбасары Мухсин Деремен кездескенде әскери дрондарды са­тып алу жайлы да әңгімелескен. Әрине, әскерилердің көп мәліметті аша қоймайтыны анық, дегенмен біздің пайымдауымызша, Қа­­­зақ­стан Түркиядан шабуыл­­даушы дрондар сатып алу жағын да қа­растыруы мүмкін. Өйткені бар­лаушы дрондар өзімізде де бар. Одан бөлек, оларды елімізде бір­лесе құрастыру жағы да сөз болғанға ұқсайды. Яғни, әскерилер түрлі мүмкіндікті қарастырып жатыр. Ал «Шағаланың» сынақтан өткізілуі әскерилердің балама жол іздеуінің көрінісі болса керек.

 «Шағала» қандай құрал?

Әзірге қазақтың «Шағаласын» түріктің Bayraktar-ымен салыс­тыруға болмайтын шығар. Өйткені «Шағала» тек барлау мақсатында қолданылатын құрал. Білетіндер олар аспанда 2,5 сағатқа дейін ұшып, 30 шақырым алысқа жете алатынын айтады. Әскери ғылыми-зерттеу орталығының бастығы, полковник Қуандық Ақшо­­­­ла­­­қов­тың сөзіне қарағанда аппарат жыл­дамдығы 14 метр/секундқа дейін жететін желдің екпініне де төтеп беріп, әуеде тұрақты қалықтайды екен. «Ұшқышсыз ұшу аппара­тының ұшу қашықтығы 30 ша­қырымға дейінгі аралықты құ­райды. Ауада ол екі жарым сағатқа дейін болады, желдің екпіні се­­­кундына 14 метрге дейін күшейген кезде ауада өзін тұрақты ұстайды. Болашақта біз оны взводтан ба­тальонға дейінгі буындағы әс­­­­керлердің қару-жарақ қатарына қосуды жоспарлап отырмыз», – дейді полковник Қуандық Ақ­­­шолақов. Алайда «Шағаланың ұшу қашықтығы SkyLark-қа жетпейтіні де белгілі болды. Израильдік дрон 40 шақырым алысқа ұша алады. Әрі олардың кейбір модификациясы аспанда 6 сағатқа дейін ұшады. Дегенмен әскери мамандар «Ша­­ғаланың» отандық компоненттері мол екенін алға тартады. Айталық, оған аязға төзімді батареялар ор­натылған. Оны Ұлттық қорғаныс университетінің мамандары ойлап тауыпты. Ал Kaztechinnovation компаниясының директоры Таир Балбаевтың сөзіне қарағанда ап­параттың 76 пайызы отандық компоненттен құралған. Шағала дроны «Әскери мақсатқа арналған осынау пилотсыз ұшатын аппарат азаматтық саладағы құрылғылардан мүлдем бөлек. Аппарат тек әскери міндеттерді орындайды. Ап­­­па­раттың бағдарламасы мен элек­тронды схемасы қазақстандық өнімдер. Оларды біздің компания Ұлттық қорғаныс университетінің мамандарымен бірлесе әзірледі. Ал аппараттың корпусы мен өзге де жабдықтарына келсек, иә, біз дайын шикізат, яғни композитті материалдарды сатып алып, солар арқылы аппараттың корпусын жа­­садық. Микросхемалардан плата жасаймыз, бағдарлама жазамыз. Осылайша, аппаратты жасаудағы қазақстандық үлес деңгейі 76 пайызға жетті», – дейді Таир Бал­баев. Сонымен қатар ол Kaztechinnovation компаниясы алдағы уа­қытта шабуылдаушы дрондар әзір­­­­леуді жоспарлап отырғанын айт­­ты. Ал Ұлттық қорғаныс уни­верситеті былтыр гранттық қар­­­­жыландыру бойынша 13, бағ­дарламалық-нысаналы қаржы­­­ландыру арқылы 3 ғылыми жобаны аяқтапты. «Шағала» да солардың бірі.

«Жасау» мен «құрастыру» екі бөлек дүние

Әрине, отандық ғалымдардың әр жетістігіне қуанамыз ғой. Де­­­­генмен дәл осы әскери саланың да біршама былықтары болған. Осы­дан он шақты жыл бұрын израиль­діктермен бірлесіп жасаған «Най­за», «Семсер», «Айбат» тәрізді ар­­тиллериялық қондырғылар жарам­­­сыз болып шыққан. Сөйтіп, бір­­неше әскери шенді істі болғаны бар. Одан кейін Ресейден «Тер­минатор» БМПТ дейтін тех­ника алып, оны бірлесе жасау туралы әңгіме шыққан. 2013 жылы Урал­вагонзавод кәсіпорнының әскери-тех­никалық ынтымақтастық жө­­­­­ніндегі арнайы өкілі Алексей Мас­­лов осындай мәлімдеме жа­­­саған. Одан соң жым-жырт болды. Ал ресейлік әскерилер аталған тех­­никаны тек 2018 жылы ғана ар­­мияның пайдалануына қабыл­дады. Біз сәл асықтық. Дегенмен «Най­за», «Семсерлерден» кейін дәл әс­кери техниканы құрастыру, бір­лескен кәсіпорын құру ісінде са­пасыз дүние жасалғаны жайлы дерек естімедік. Тек әскери салада жемқорлық түбегейлі жойылған жоқ. Айтпақшы, «Шағалаға» қа­тыс­ты өзіндік уәж айтатын ма­мандар да бар. Мәселен, радио­­электроника саласындағы ІТ ин­­женер Серік Төлеу аппаратты «біз жасадық емес, құрастырдық деу қажет» де­ген уәж айтады. Өйткені елімізде қандай да бір техника құрас­­­ты­рылғанымен, толық отандық бо­лып жасалмайтынын алға тартады маман. «Софт (хардқа қатысты) жасау деңгейіміз төмен. Себеп көп: хард­ты оқу, оқығанды тоқу қиын. Те­­­­­­мірге деген көп қызығушылықтың болмауы. Біліміңнің жемісін көру үшін ондаған жылдар жеткіліксіз. Электроника саласына қы­­­­­­зы­­­­­ғу­шылық танытушыны үркітетін себептер осы. Маман тапшы. Өте тапшы. Әрі бір-бірін біле де бер­­мейді. Үндеместер ғой, инженерлер. Бірен-саран харвардта, тағы басқа оқу орындарында оқығандар бол­са, тәжірибе жеткіліксіз болып жа­­тады. МPU іш құрылысын өте жақсы түсінбей хардқа софт жазу мүмкін емес. Мұны сізге кез келген электроншы айтады», – дейді Се­рік Төлеу. Сонымен бірге ол қан­дай да бір техника «жасау» деп өнім­­нің басқарушы жүйесін өзіміз жаса­ғанда ғана айта алатынымызды атап өтті. «Жасау: егер өнімнің басқарушы (micro processing units) жүйесін өзіміз жасап шығарсақ! Архитектурасына, перифериямен байланыс схемасына, timing және тағы басқа интимді дүниелерге «фулл эксесс» болған жағдайда, міне осы кезде біз өзіміз жасадық дей ала­мыз!» – дейді. Маман «Шағала» дронына қатысты кү­мәнін осылай білдірді. Қысқасы, құрастырсақ та, «жа­сасақ» та өз дронымызды ұшыр­дық. Енді оны жетілдіру қалып тұр. Тек әдемі басталған іс аяқсыз қал­маса болғаны.

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ