Жас ғалымның мәселесі аз емес
Жас ғалымның мәселесі аз емес
189
оқылды

Әйгілі «Менің атым – Қожа» фильмінде бас кейіпкер «Атым­ды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай бо­лады да тұрады» деп әңгіме бастаушы еді ғой. Сол секілді Қа­зақ­стан­дағы ғылымды айта бастасақ, «плагиат» немесе «ашып жатқан жөнді жаңалығы жоқ» деуге әуес болып барамыз. Одан қала берді, ғалымдарға айтарлықтай жағдай жасал­мағанын айтып күңіренетініміз тағы бар.

Қандай жетістіктер бар?

Былтыр қазақстандық ғылыми қыз­меткерлер күнінде Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағам­­бетов құттықтау жолдап, ғалым­­­­дарды құрметтеуге шақырған. «Бұл салада қазір елімізде 22 000-нан астам маман еңбек етіп жатыр. Ғы­­лымсыз, жаңа технологиялар мен білімді енгізбей, экономикада да, әлеуметтік салада да табысқа жету мүмкін емес. Сондықтан өмі­рін ғылымның дамуына арнаған жан­­дарды бағалауымыз керек» деген еді. Расында, кейінгі жыл­­­дары Қа­­­зақстан ғылымының әлеуеті артып, жас ғалым­­­дары­­мыздың жетістігі көбейіп келеді. Оған дәлел ретінде ғалым­­­дары­­мыз­­дың ха­­­­­лық­аралық ғылыми ба­­сылымдарда жа­­рық көріп жатқан еңбектерін атап өтуге болады. Мәселен, 2011-2019 жыл­­­­дар ара­­­­лығында Қазақстан Web of Science ба­­­­­­з­асында жа­­­­­рия­­ланған мақа­­­­­­­­лалар саны жөнінен 122-орын­­­­нан 87-орынға көтерілген. Бүгінге дейін отандық ғалымдардың Web of Science мәліметтер база­­­­сында – 28 973, Scopus-та 33 116 материалы жарық көріпті. Соны­мен бірге 2011 жылмен салыс­тыр­­ған­­да ғалым­­­дарымыздың жа­­рия­­ланған ең­­бектері Scopus база­­сында 34,5 есе, Web of Science-та 59 есе арт­қан.

Плагиат неге азаймай отыр?

Байқасақ, жетістік деп ауыз толтырып айтуға болады. Дегенмен шын мықтылардың ішінде бір қарын майды шірітетін құмалақтың болуы да заңды. Мәселен, жыл ба­сында сенатор Сәуле Айтбаева палатаның кеңейтілген оты­­­­ры­­­сында докторлық, кандидаттық жұ­­­­мыстардың сатылатынын айтып, мәселе көтерген болатын. «Google іздеу жүйесіне «докторлық, канди­­­даттық диссертация сатып алу» деп жазса, Қазақстанның өзінде 303 мыңға жуық нәтиже шығарып бе­реді. Кандидаттық жұмыстарға тап­сырыс беретін сайттардың бі­­рінде сатып алу арқылы уақыт үнемдейтініңіз, керегіңізді ала­­­тыңыз­­ды айта отырып, жоғары бі­­­­лікті мамандардың жазатынын және бағасы қандай екенін де ашық көрсеткен. Тапсырыс бере отырып, қосымша ғылыми журналдарға шығарып беру жайлы да айтылған. Тіпті, студенттер, магистрант­тар­дың пікірлері де бар. Көшіру қазір жеңілдегенін, сапа бақылауы тө­мендегенін айтыпты. Сөйте тұра, интернетте Қазақстан ғылымы ту­­­­ралы ақпарат аз» деген еді С.Айт­­баева. Сенатордың бұл сауалына Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Шолпан Каринова былай деп жауап берді: «Бұл мәселеден сала министрлігі хабардар. Осы жағдайға мониторинг жасалып жа­­тыр. БҒМ-ның жыл сайын қабыл­­дайтын нормативтік-құқық­тық актілері зерттеу нәтижелері мен ғылыми қызметкерлерге деген та­лапты күшейтуге бағытталады. Бү­гінде плагиатқа, оның мойын­­далуына қатысты талаптар қатаң­дай түсті. Жылына докто­рантураға мемлекеттік бюджет есебінен 2 мың­ға жуық грант бөлінеді. Ал соның нәтижесін көрсетіп, док­торлық алатындар саны 200-дей. Бұл аса көп емес». Сонымен бірге вице-министрдің айтуынша, қазір ағылшын тілін білуі де міндетті екенін атап өтті. Ал енді плагиат табылған жағдайда, Бас проку­ра­тура іске кіріседі екен. Әрі былтыр мемлекеттік мекемелерде бірыңғай антиплагиат жүйесі енгізілген. Яғ­ни, мәселені шешу үшін осындай шаралар атқарылып жатыр. Ендігі үміт – айтылған іс-шаралардың пла­гиаттың азаюына әсер етуінде.

Ғылымды дамыту үшін мемлекет не істеп жатыр?

Әлбетте, ғылымның әрі қарай кең қанат жаюы үшін бірқатар өз­геріс болуы керек. Соның ішінде бас­қару жүйесі мен қаржыландыру механизмдері де жаңартуды талап етеді. Осыған байланысты Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржыландыруды көбейтуді тапсырған. Бұл бағытта жұмыс басталып та кетті. Нақтырақ айт­­­қанда, 2020 жылы ғылыми-зерттеу институттарының инфра­­құрыл­ы­мын жаңартуға тұңғыш рет қаражат бөлінді. Бұл дегеніміз ендігі жыл­дары ғылыми мекемелердің жұмы­сын жандана түсетінін білдірсе керек. Сонымен қатар гранттық жә­не ғылыми бағдар­ламаларға ар­налған мақсатты қаржы­лан­­­ды­ры­латын байқаулар бұрын­ғыдай үш жылда бір емес, жыл сайын өт­кі­зілетін болды. Әрі жас ғалымдар ара­сында түрлі гранттық байқау да жү­зеге асырылуға тиіс. Біздегі үлкен мәселенің бірі – қызметті асыра пайдалану және жемқорлық. Бұл саладан да пара алыс пен беріс айналшықтап өте қоймас. Десе де, осының алдын алу үшін қаржыны бөлуде толық ашық­тық орнайды деседі. Мұны енді уақыт көрсете жатар. Жоғары оқу орындары мен академиялық ғы­лымның интеграциясын жасауға да көп көңіл бөлу жоспарда бар. Осы мақсатта 10 ең үздік оқу орны таң­далып, солардың базасында мақ­сатты қаржыландыру бөле оты­рып, академиялық орталықтар ашу көз­де­ліп отыр. Ең маңыздысы, ғы­лымға ерекше көңіл бөлінетінін біл­діретін қадам – оған бөлетін қар­­жының көлемі. Бұл орайда да Бі­лім және ғылым министрлігі мә­ліметтері бойынша, жақсы жаңа­лық бар. Атап айтқанда, 2020-2022 жыл­дар арналған қаржы көлемі артады екен. 2025 жылға қарай ол ЖІӨ-нің 1 пайызын құрайды деседі. «Әлемдік ғылыми орта­­­лық­тардан біздің ғалымдар тағы­лым­­дамадан өтуі үшін арнайы гранттар бөлуді қарастырып жатырмыз. Әрі дәстүрлі гранттан бөлек, шағын, шұғыл және коллаборацияға ар­налған жаңа гранттардың түрлері пайда болады. Бағдарламалық-мақ­сатты қаржыландыру нақты ғылыми-техникалық мәселелерді шешу үшін ғана беріледі. Бұл ретте ашықтық аса қажет. Мәселен, бұ­рын қаржыландыру туралы ше­шім құпия дауыс беру арқылы жүзеге асырылып келген болса, енді нақты критерийлері бекітілген, ұпай бе­рілетін, отырыс онлайн көр­сеті­летіндей етіп ұйым­дасты­рылған ашық дауыс беру арқылы бөлінеді» деген еді министр Ай­мағамбетов.

Жас ғалымдардың пікірі қандай?

 Министрдің бұл айтқандары көңілге қуаныш сыйлайды. Де­генмен алғашқы нәтижелері анық көріне бастағанда ғана қуануға болады. Осы ретте жас ғалымдардан отандық ғылымның, соның ішінде жас әріптестерінің әлеуетіне қан­дай баға беретіні жайлы сұрас­­­тырған едік. Химик Аяулым Бел­гібаеваның елдегі ғылымның да­муына көңілі толады екен. «Қа­зақ­стандық жас ғалымдардың перс­пективасы зор деп ойлаймын. Жылдан-жылға ғылымға көбірек көңіл бөлініп келеді. Шетелде оқып, тағылымдамалардан өтіп, ғы­­­­­лымның әлемдік стан­­­­­­­­­дарт­­тары­мен танысып жатқан жас ғалым­дарымыз аз емес. «Ғылым Faces» жобасының кейіп­керлері соған дәлел. Химия, физика, биология сияқты жаратылыстану ғылым­дарын­да, робототехникада ауыз толтырып айтатын жетістік көп. Нанотехнология бағытындағы ғалым­дарымыздың еңбектері әлем ғалымдары ең көп дәйексөз еткен мақалалар қатарынан табылып жатыр. Биологтарымыз корона­­вирусқа қарсы вакцинаны дамы­тып, үй жағдайында коронавирусты анықтауға болатын экспресс-тесттер жасап шығарды. Тоқ­­таң­­қырап тұрған салалар да бар. Мы­салы, археология. Мұнда шет­елдік тәжірибесі бар мамандар аздау, толыққанды археологиялық зерт­теулер жүргізуге қажетті пәнаралық зертханалар жетіспейді, архео­логиялық нысандар дұрыс қорғал­майды. Десе де, әлем ғалымдарымен бірлесе елімізде археологияның дамуына үлес қосып жатқан ға­лымдарымыз барын атап өту ке­рек», – дейді жас ғалым. Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қыз­­­­меткері, патент істерін үйлестіруші Ботагөз Құлжанова ғылымның дамуы үшін қатаң талаптардың қойылуын құптайтынын айтып отыр. Оның сөзінше, ғылым са­­­ласына соңғы кездері көп өзгеріс енгізіліп жатыр. «Атап айтсақ, докторантурада оқитын жас ғалым­­­­дарға PhD атағын қорғау үшін та­­лаптар күшейтілді. Яғни, бұрын шетелдік журналда бір ғылыми мақала шығарған жағдайда PhD атағын қорғай беруге болатын бол­са, қазір шетелдік басылымдарда жа­­­­­рық көрген ғылыми мақаланың бағыты мен арнайы көрсеткіштері сәйкес келуі қажет. Сонымен қатар соңғы жылдары БҒМ-нің қол­­дауы­­­мен бұрын-соңды бол­маған, 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға ар­налған гранттық жобалардың бай­­­қаулары жыл сайын өткізіліп тұ­­рады. Менің ойымша, бұл қазір жас ғалымдарды ғылыммен айна­лысуға жігерлендіреді. Қазір жалпы ғы­­­­лымның барлық бағыты бойынша іл­гері істер жасалып жатыр. Ғы­­­лым­ның басым бағыттары бойын­ша Ұлттық ғылыми кеңес­тердің құра­­­­мында да жастардың үлесі көп», – дейді Б.Құлжанова.

Отандық ғылымның күрмеулі мәселелері

Ал отандық ғылымды кері тар­тып тұрған қандай факторлар бар? Ғалым десе, көз алдымызға ақ шаш­ты, алпысты алқымдаған адам неге елестейді? Жас ғалымдардың жа­лақысы аз болғаны жастар үле­сінің төмен болуына тікелей әсер ете ме? Бұған қатысты ғалымдар пікірлерін білдірді. «Елдегі негізгі проблема – қаржыландырудың аз­дығы. Білім және ғылым ми­нистрлігі бөлетін гранттардың со­­масы әдетте сұратылған сомадан бірнеше есе төмен болады. Одан кейінгісі – зертханалардың жаб­дықталуы. Бөлінген қаржы қажетті құрал-жабдықтың бар­­­лығын алуға жетпей жатады. Елімізде көптеген өндірістің жоғынан барлығын шет­­­елден алдыруға тура келеді. Бұл қо­­­­сым­ша уақыт пен қаржыны қа­жет етеді. Ал енді ғылымда жастар­дың аз болуының негізгі себептері­нің бірі – жалақының аздығы. Одан бөлек, жалпы ғылыми жұ­мыс­пен айна­­­­лысуға болатынын кө­бі біле бермейді. Себебі мек­теп­тер мен уни­­­­­­верситеттерде ол ту­ралы көп айтылмайды. Ғалым­дар­ды тек оқу­лықтардан ғана көруге бо­латындай түсінік қалыптасқан. Бі­рақ қазір ғылымға қызығатын жас­тар саны артып келеді», – дейді А.Белгібаева. Б.Құлжанова болса, ғы­­лым­дағы жастардың үлесі аз бо­­луына аға буын­­­­ның да әсері бар деп есептейді. Одан да бөлек мә­­селені меңзеп өтті. «Аға буын өкілдерінің жас­тар­ды баулып, ғылымға құл­шынысын арттыр­­­мауына бай­ланысты деп ой­­­лаймын. Жас ға­лымдар магис­­­­тра­­тураны бітіріп, ғылыми орта­­­лыққа жұмысқа кел­генде тәжіри­бесінің болмауына байланысты бас­­­­­­­­­тапқы уақытта төменгі жала­қыға қызмет етуге мәжбүр. Әрі қазір бұрынғы Кеңес Одағының ке­зін­­­дегідей жас ға­лымдарға бір­реттік көмек, жер телімі немесе бас­пана сияқты ма­те­­­риалдық жағ­дайын көтеретін ын­та­­ландыру жағ­дайлары қарас­ты­­­рылмаған» деп атап өтті. Бұл – көп мәселенің бір­не­шеуі ғана. Ғы­­­лым дамуына ке­дергі болып отырған бұдан да бөлек мә­селелер жет­­кілікті. Одан бөлек, отандық ғылым же­­­тістіктері туралы көп ай­­тылып, жа­­зылмауы да жас ұр­пақ­­тың ғы­­лыммен айналысуға құл­шынысын ашпай отыр. Есесіне жағымсыз жаңалықтардан көз сүрі­неді.

Жадыра АҚҚАЙЫР