Қарағандылық дәрігер министрлікті сотқа берді

Қарағандылық дәрігер министрлікті сотқа берді

25 жыл адам жанына араша бол­ған Роза Көккөзова панде­мия кезінде коронавирус жұқ­тырып, өзі дәрігер көмегіне зәру болды. Індет ушыққанда демалыс­сыз жұмыс істеген дә­рі­герге министрлік уәде еткен 2 миллион теңге төленбеді. Қа­ра­ғандылық акушер-гине­колог өзіне тиісті өтемақыны талап етіп, сотқа жүгініп отыр.

Роза Көккөзова Қарағанды об­лысы Абай қаласының орталық ау­руханасына облыс орталығынан қатынап жұмыс істейді. Ол жүкті әйел­дерді перзентханада да, про­визор­лық ауруханада да емдейді. Пнев­мония асқынған уақытта бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Егер дәрігер айына 176 сағат жұ­мыс істеуі керек болса, мен 23 күнде 228 сағат жұмыс істедім. Күні-түні жұ­мыста болдым. Көптеген дәрі­гер сияқты мен де коронавирус жұқ­тыр­дым. Біздің бөлім екі аптаға каран­тинге жабылды. Акушер дәрігерлер министрлік уәде еткен төлемді күт­тік. Бірақ маған корона­вирусты ав­тобуста немесе үйде жұқтырған деген шешім шығарып, тиісті төлем­ді өтемеді. Мен жұмысқа қызметтік көлікпен барып-келіп жүрдім. Үйде жалғыз тұрамын», – дейді дәрігер. Эпидемиологиялық картада Роза Көккөзова вирусты үйде немесе қызметке барарда жұқтыруы мүмкін деп жазылған. Картадағы дерек­термен дәрігер келіспейді. Мәселен, дәрігер коронавирусқа талдауды Қарағандыда тапсырған. Ал картада оны Абай қаласында тапсырды деп көрсеткен. Әрі картадағы барлық мәлімет науқастың сөзімен тол­тырыл­ған деген жазба да дәрігерді шамдандырып отыр. «2 миллион теңгені алу басты мақсатым емес. Дәрігерлерге берілген уәде орындалуы керек. Әр маман өзінің денсаулығына келген зиян үшін өтемақы алуы тиіс», – дейді Роза Көккөзова. Оның айтуынша, бөлімде одан бөлек тағы төрт дәрігер коронавирус жұқтырған. Олардың бірде-біреуіне бұл өтемақы төленбеген. Құқығын қорғау үшін Роза Көк­көзова сотқа шағым түсірді. Арыз­да бес жауапкер көрсетілген. Жауап­керлер: Денсаулық сақтау ми­нистрлігі, облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасы, облыстық және ау­дандық Санитарлық-эпи­демио­логия­лық бақылау де­партамен­­ті және Абай қаласының орта­лық ауру­ханасы. Дәрігердің адвокаты Майра Жақу­­­баеваның айтуынша, эпи­демиологиялық картаны толтырған мамандар қазір  жұмыс істемейді. Біреуі  жұмыстан шыққан, екіншісі – декреттік демалыста. «Құзырлы орган өтемақыны тө­леу бойынша әрекетсіздік танытып отыр. Өтемақыны қарайтын комис­сия бүгінде жұмысын тоқтатқан. Біз сол себепті сотқа жүгініп отырмыз»,– дейді адвокат. Қарағанды облысының Ден­саулық сақтау басқармасы сот ше­шімінен кейін ғана жауап бе­ріледі деп отыр. Адвокатқа ко­рона­вирус жұқтырған тағы үш дәрі­гер құқығын қорғауды өтініпті. Былтыр наурызда Үкімет коро­на­вирус жұқтырған медицина қыз­меткерлеріне 2 миллион теңге кө­лемінде өтемақы төлеуге шешім қабылдады. Ал дәрігерлер асқынған коронавирустан көз жұмса,  от­басына 10 миллион теңге көмек таға­йындады. Дегенмен бұл өтем­ақыны алу үшін ақ халаттылар ви­русты жұмыста жұқтырғанын дәлел­деуі керек  болды. Жеті ай өткен соң, 20 қазан­да коронавирус жұқтырған меди­цина қызметкерлеріне берілетін өтемақы тоқтатылды. Үкімет ауруханалар санитарлық режимді сақтауға өздері мүдделі болуы тиіс екенін алға тартты. Санитарлық дәрігерлер де бұл жеңілдік дәрі­герлерді босаң­сытып жібереді деген қауіп айтты. «Осыған дейін бірреттік өтем­ақыны алдыңғы шепте жүріп, коро­на­вирус жұқтырған 9 мыңға жуық медқызметкер алған. Енді дә­рігер ауырса, мемлекет тарапынан төлем жасалмайды. Бірақ көмек жергілікті атқарушы орган есебінен көрсетілуі мүмкін. Бұған дейін ауру жұқтыр­ған­дарға 2 мил­лион, қайтыс болғандарға 10 мил­лион теңгеден төленіп келді. 20 қа­заннан бастап өтініш қабылдан­байды. Ал осыған дейін 13 мың ме­дицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Олардың 95 пайызына өтемақы төленді. Қалған 5 пайызы осы аптаның аяғына дейін алады» деген болатын Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-ми­нистрі Марат Шоранов. Пандемия кезінде 13 мыңға жуық медицина қызметкері коро­навирус жұқтырды, оның 182-сі қайтыс болды.  Бұл нақты статистикаға кірген мәлімет. Де­генмен індет ө­ршігенде ПТР-тесті мен КТ ап­параттардың  жеткілік­сіздігінен біраз медицина қызмет­кері қауіпті вирус жұқтырғанын дер ке­зінде дәлелдей алмады. Кейбірі үйін­де емделді. Ал Роза Көккөзоваға тоқ­татылған төле­мнің берілу-беріл­меуін сот шешеді.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы