Қазақстанда тағы бір банк лицензиясынан айырылды
Қазақстанда тағы бір банк лицензиясынан айырылды
184
оқылды

Агенттіктің мәліметінше, лицензиядан айыруға банктің талаптарды орындамағаны себеп болған.

«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2021 жылғы 11 ақпандағы №22 қаулысына сәйкес, Asia Credit Bank (Азия Кредит Банк) АҚ-ты агенттік банкке банк және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берген лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды» делінген хабарламада.

Лицензиядан айыруға себеп болған жайттар:

  • пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу;
  • қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;
  • уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын банктің ірі қатысушысының орындамауы.
Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша банк активтерінің мөлшері 45,4 миллиард теңге, несие портфелі – 45,0 миллиард теңге, оның ішінде 31,6 миллиард теңге немесе банктің несие портфелінің 70,0 пайызы 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Лицензиядан айырылған күні Asia Credit Bank өтімді активтерінің мөлшері – 75 миллион теңге. Орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8,0 миллиард теңгеден асады.

Asia Credit Bank-те биыл 1 ақпандағы мәлімет бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиттері бар, олардың жиынтық қалдығы - шамамен 19 млрд теңге. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7 пайызының депозиттері ҚДКҚ кепілдігімен толық көлемде өтеледі.