Агенттіктің мәліметінше, лицензиядан айыруға банктің талаптарды орындамағаны себеп болған.
«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2021 жылғы 11 ақпандағы №22 қаулысына сәйкес, Asia Credit Bank (Азия Кредит Банк) АҚ-ты агенттік банкке банк және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берген лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды» делінген хабарламада.
Лицензиядан айыруға себеп болған жайттар:
- пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу;
- қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;
- уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын банктің ірі қатысушысының орындамауы.
Asia Credit Bank-те биыл 1 ақпандағы мәлімет бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиттері бар, олардың жиынтық қалдығы - шамамен 19 млрд теңге. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7 пайызының депозиттері ҚДКҚ кепілдігімен толық көлемде өтеледі.