Шымкенттіктер енді скутермен жүреді

Шымкенттіктер енді скутермен жүреді

Шымкент қаласында 1 наурыздан бастап әкімдік пен «Ozim Scooters» компаниясы мен бірлесе отырып скутер-ширинг жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жоба әлемдік деңгейде кеңінен таралып келеді. Бүгінде Орта Азиядағы елдер ішінде тек Қазақстанда ғана жүзеге асырылуда. Бұған дейін аталған жоба Алматы қаласында іске қосылған болатын.  Жобаны жүзеге асыру үшін қалаға 127 млн теңгеден астам инвестиция тартылып отыр. Сондай-ақ тұрақты 20 жұмыс орны ашылмақ.

Бүгінде скутерлерге жылдам қызмет көрсету үшін қала орталығынан техникалық база дайындалып отыр. Электрскутерді алдын ала жалдау бағасы минутына 30 теңгені құрайды, сондай-ақ абонементтер: апталық және айлық болып қарастырылған. Бірінші кезеңде 300 скутерді іске қосу жоспарлануда және қаланың әртүрлі бөліктерінде орналасқан 30 бекет ашылады. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында скутерлердің жылдамдығы сағатына 25 км дейін шектелген.

Экологиялық таза - барлық скутерлер батареямен жұмыс жасайтын электр қозғалтқыштарымен жабдықталған. Қызметті пайдалану үшін сізге OZIM мобильді қосымшасына тіркелу қажет. Ол үшін ең алдымен App Store немесе Play Market -тен қосымшаны жүктеп алу қажет. Тіркелу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың алдыңғы жағын суретке түсіру керек, сонымен бірге құжатпен бірге суретке түсу (селфи) қажет. Айта кетейік, скутерлерді 18 жасқа толмаған адамдарға пайдалануға тыйым салынады. Егер тексеру кезінде қолданушының кәмелет жасқа толмағаны анықталса, онда бұл қолданушы бұғатталады.

Назгүл Назарбек, Шымкент қаласы