Уәдені орындаудың Жол картасы
Уәдені орындаудың Жол картасы

«Nur Otan» партиясының сай­­лауалды бағдарламасын жү­зеге асырудың Жол картасы әзірленді. Кеше Мәжіліс Төра­ғасы, «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракцияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиын­ға Премьер-Министр Асқар Мамин, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және Үкімет мүшелері, депутаттар қатысты.

Бейнеконференция форматында өткен басқосуда Үкіметтің және «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясының партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлау бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру жөніндегі бір­лескен жұмысы талқыланды. Басқосуда баяндама жасаған Премьер-Министр Асқар Мамин партияның сайлау бағдарламасын орындау үшін әзірленген Жол кар­тасының 362 іс-шараны қамтитынын айтты. Бұл іс-шаралар 4 бағытта жүзеге асырылмақ. Әрі іс-шараның әрқайсысы жылдарға бөлініп, тиісті қаржысы қарастырылған. – «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа ла­йықты өмір!» партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жө­ніндегі Жол картасы әзірленді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламаның уақытылы әрі тиімді орындалуы бойынша іс-шара қабылдауды тапсырды», – деді А.Мамин. Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасының 14 қаңтарда партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын әзірлеп, жария түрде қарауға қатысты тапсырмасын айта келе: «Партия Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, бұл бағдарлама осы жылдарда жа­салған реформалардың заңды жал­ғасы. Сонымен бірге бұл құжат – бүкіл елімізді жаңғырту және барша қазақстандықтардың өмірін жақ­сарту­дың нақты жоспары», – деді Жалпы, Жол картасы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын толық әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Үкімет барлық іс-шараның уақы­тылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Жол картасы аясында тұрғын үй құрылысының көлемін, оның ішінде жеңілдікті әлеуметтік тұрғын үй көлемін ұлғайту, әйелдер кәсіп­керлігін, мектепке дейінгі және орта білім беруді дамыту арқылы қазақ­стандық отбасыларды қолдау мен нығайту бойынша жүйелі іс-шара іске асырылады. Атап айтқанда, 5 жыл­да миллионға жуық отбасы бас­паналы болады. Сонымен бірге халықты жұмыспен қамтуды сақтау және ұлғайту жөнінде кешенді іс-шара іске асырылады. Жыл сайын жұмыспен қамтудың белсенді фор­маларымен кемінде 700 мың адам қамтылатын болады. 2025 жылға қарай барлық көрсетілетін мемле­кеттік қызметтер автоматтанды­рылып, электронды форматқа кө­шіріледі. Үкімет басшысының айтуынша, 2023 жылға қарай медицина қыз­меткерлерінің еңбекақысы 2,5 есе көбейіп, дәрігерлердің жалақысы 561 мың, орта медициналық пер­со­нал­дың еңбекақысы 201 мың теңгеге жетпек. Сонымен қатар Үкімет ден­саулық сақтау саласын қаржы­лан­дыруға ЖІӨ-нің 5 пайыз бөлуді көздеп отыр. Одан бөлек 2025 жылға дейін барлық өңірде 20 заманауи медициналық орталық салынады. 2022 жылы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында екі ғылыми-инновация­лық көпбейінді клиника іске қо­сылады. Жалпы, бағдарлама қоғамның барлық саласын қамтығанын ескер­сек, алдағы 5 жылда еліміз экономи­касы өсіп, халықтың әлеуметтік жағ­дайы жақсара түседі деген сөз. Көптеген мәселелер бірте-бірте шешілмек. Айталық, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін 800 мектеп салынады. Биылдың өзінде жастардың тегін білім алуы үшін 20 мың квота бө­лінеді. Сөйтіп, 2025 жылға қарай бұл мөлшер 50 мыңға жеткізіледі. 2022 жылға қарай Шымкент пен Петро­павлда Nazarbayev University үл­гісінде 2 аймақтық жетекші жоғары оқу орны ашылмақ. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет па­тия бағдарламасын толық орын­дауға тыңғылықты дайындалса керек. Оған Үкімет басшысының баяндама­сынан кейін депутаттардың ми­нистр­лерге қойған сұрақтарына жауап берілген кезде көз жеткіздік. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика ми­нистрі Әсет Ерғалиевтен Үкіметтің «Б» жоспары туралы сұрады. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мәжіліс Төрағасының сауалына «Үкімет Ұлттық банк және Қаржы нарығын дамыту агенттігімен бірле­сіп, әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірледі. Бизнесті дамыту, сондай-ақ макроэкономика­лық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Коронавирустың та­ралуы және мұнай бағасының тұ­рақ­сыздығы және тағы басқа да сыртқы факторлар бар» деп жауап берді. Ал Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа «Nur Otan» пар­тиясының сайлауалды бағдар­ламасына сәйкес 600 мың гектар жаңа суармалы жерді игеріп, оның жалпы алаңын 2,2 млн гектарға дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтты. Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы: – Әрине, 600 мың гектар жаңа жерді игеру ол оңай шаруа емес. Бағдарламада жазылғаннан кейін, оған жеткізуіміз керек. Меніңше, бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің сұрағы емес. Бұған Экология ми­нистрлігі де үлесін қосуы керек», – деді. Мәжіліс Спикері сайлауалды бағдарламада көрсетілген іс-шара­ларды іске асыруға қажетті қара­жат­тың көзделгенін атап өтіп, депутаттар сыртқы және ішкі нақты жағдайды ескере отырып, кезекті республикалық бюджет жобасын қарау кезінде халық алдындағы міндеттемені қаржы­ландыру үшін қажетті түзету енгізуге дайын екенін жеткізді. Жол картасы партияның нақты мақсатқа бағытталғанын жеткізген палата Спикері сайлауалды бағдар­лама халықтың барлық санатын қамтығанын айта келе: «Сонымен бірге әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, денсаулық, ауыл шаруашы­лығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа қадам жасал­ды. Осы бағдарламада от­басын, әйел азаматтарды, жастарды қол­дауға да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатқа жету үшін Жол кар­тасының әрбір тармағының орын­далуын қатаң бақылау қажет. Бұл Елбасы­мыздың қаңтардың орта­сында бізге берген тапсырмасы», – деді. Соны­мен қатар Мәжіліс Төрағасы Жол картасының орын­далуына мони­торинг жасаудың маңызды екенін айта келе үш жақты үйлестіруші бар екенін атап өтті. «Ең алдымен үш та­раптан үйлестірушілер айқын­далған. Үкімет тарапынан – Пре­мьер-Министрдің бірінші орын­басары Әлихан Смайылов, біздің фракция тарапынан – Мәжіліс Төрағасының орынбасары, фракция жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев, орталық аппарат тара­пынан – партия хатшысы Марат Сембеков. Бұған қоса, бақылау дең­гейлері де нақты бөлінген. Орын­далуының қазіргі мәртебесіне тұ­рақты бақылау болады. Яғни, әрбір кезекті жылдың басында, демек ақпанда. Сайлауалды міндеттеме­лердің орындалуы бойынша өткен жылдың қорытындысы шығарылып отырады. Әр жылдың ақпанында, статистиканы алғаннан кейін оны фракция жиынында қарап, өткен жылдағы сайлауалды бағдарламаның орындалуын талқылаймыз. Партия­мыздың Көшбасшысына, жалпы Қа­зақстан халқына қандай нәтиже­лерге қол жеткізілгені, қандай тәуе­келдер туындағаны жайында есеп береміз», – деді Нұрлан Нығматулин. Бұл ретте Жол картасының бар­лық бағыты Мәжілістің коми­теттері арасында бөлінгенін атап өту керек. Ал Жол картасының нақты тармақтарына бақылауды күшейту үшін «Nur Otan» фракциясының депутаттары бекітілді. Атап айтқанда, жауапты болып Мәжілістің комитет төрағалары Қ.Мусин, Ж.Нұр­манбе­това, М.Құсаинов, А.Құспан, А.Рау, ал басқа саяси партиялардың төраға­лары бар екі комитетте бұл жұмысты комитеттердің хатшылары-фракция мүшелері үйлестіретін болады. Олар – А.Қожахметов және Б.Оспанов. Сонымен қатар депутаттар бағ­дар­лама тармақтарының орындалуы туралы ақпарат беруге дербес жауап­ты мемлекеттік органдардан да анық­­тауды ұсынды. Кем дегенде, бұл вице-министр деңгейінде болуы керек. Жиынды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы: «Бұл Жол картасы – әрбір об­лысты, әрбір ауданды, әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды. Алға қойған міндеттерді, ашық, сапалы, тиімді орындауға кең жол ашады. Себебі онда партиямыздың Төрағасы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасына сәйкес, барлық сала бойынша, әсіресе әлеуметтік сұрақтарды шешудің нақты іс-ша­ралары көрсетілді», – деді. Расул Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: – Соңғы кезге дейін посткеңестік кеңістікте саясаткерлер мен пар­тиялардың сайлауалды уәделеріне деген күдік басым болып келді. Бұл олқылықтың себебі бөлек әңгіме. Қалай болғанда да, таяуда бізде өткен сайлаудан соң билеуші партия ұсынған бағдарлама нақты істерге ұласып отырғаны қуантарлық жағдай. Соның бір көрінісі – арнайы Жол картасының қабылдануы. Оған сәйкес, алдағы 5 жылда 1 миллионға жуық отбасы тұрғын үймен қам­тылмақ. Оның үштен бірі әлеуметтік жеңілдікпен беріледі. Халыққа ар­налған түрлі әлеуметтік төлемдердің индексациясына (құнын сақтауға) зор қаржы – 3 триллион теңге қа­растырылған. Ел бойынша 800 жаңа мектеп салынып, үш ауысымда білім беру сынды ескі келеңсіздік мүлде жойылар түрі бар. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы, студент­тердің стипендиясы бұрынғыдай 10-20 пайызға емес, бірден 2-2,5 есе өседі. Елге қажет мамандықтар бойынша жастар үшін колледжде оқу тегін болмақ. Осындай нақты, ал ең бастысы көзбен көріп, қолмен ұс­тауға болатын іс-шаралардың ұзын саны – 362. Үлкен саясаттың беті бері қарап, ел  игілігі жолындағы ісіне тек – сәттілік. Қазыбек Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы: – Үкімет басшысының «Nur Otan» партиясы фракциясының жиынындағы баяндамасына толық тоқталмай-ақ қояйын. Тек екі мә­селені ғана айтқым келеді. Олар – балалар мен жастар. Еліміздегі апат­ты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін 800 мектеп салынады. Соның ішінде биыл 200 мектеп пайдалануға беріледі. Іс жүзінде осы мәселені шешу ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырсақ, стратегиялық маңызды мәселе саналады. Мектептерде балаларды үш ауысымда оқыту мұғалімдер мен балаларға, ата-аналарға қолайсыздық туғызып отыр. Бұл өз кезегінде бала­лардың моральдық-психологиялық жағдайына әсер етіп, оқу үлгерімін төмендетеді. Сөйтіп, қоғамның толыққанды мүшесінің қалып­тасуына кедергі жасайды. Екіншіден, апатты мектептер тура мағынасында айтқанда, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпті. Сондықтан олардың білім алуына қолайлы жағдай жасау арқылы ғана біз білім сапасы туралы сөз қозғай аламыз.

А.СҰЛТАН