Ұлыларды дұрыс ұлықтап жүрміз бе?
Ұлыларды дұрыс ұлықтап жүрміз бе?

Биыл Жамбыл Жабаевтың ту­ғанына – 175 жыл, Әлихан Бөкейханның туғанына – 155, күш атасы Қажымұқанға 150 жыл толады. Ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Бәрі де ерекше атап өту­ге тұрарлық айрықша ме­ре­келер. Алайда біз мерей­тойды қалай атап өтіп жүрміз? Түрлі ғылыми-практикалық кон­ференциялар, науқандық іс-шаралармен шектелген жоқпыз ба? Атаулы күнді өткізудің идеологиясы қалай болғаны жөн?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау» дейді. Әрі Президент: «Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұрт­ты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадақ­қа толы мақалалардан еш қайыр болмайды» деген еді. Мерейтойды атап өтудің фор­ма­сын өзгерту қажет дегенді Мем­лекет басшысы бекер айтып отыр­ған жоқ. Бізде мерейтой өткізу белгілі бір стандарттардан аса ал­май жүр. Көбіне ғылыми-прак­тика­лық конференциялар ұйым­дас­тыруды мақсат тұтады. Науқан­шылдықтан аса алмайтынымыз тағы бар. «Тойды  өткізудің жаңа рефор­ма­сы қажет» дейтіндер де табыла­ды. Ол қандай реформа? «Оны атап өтудің қалыптасқан  форматы бо­луы керек», – дейді публицист Марат Тоқашбай. Оның айтуынша, үлкен қайраткерлеріміздің атаулы жылдарына байланысты әрқай­сы­сы­ның кемінде үш деңгейі болғаны жөн. «Абай, Жамбыл, Әлихан, Ахмет сияқты ірі тұлғалардың ме­рей­тойын атап өткенде ескерілетін дүниелер өте көп. Бұл мерей­той­ларды атап өтудің белгілі бір тәртібі түзілгені жөн. Құр мадақ мақалалар не болмаса құр ақпаратпен шектелу қажет емес. Керісінше, тың ақ­парат­тар, бұрын естіле қоймаған дүниелер, жаңа көркем бейнелер болса, құба-құп. Мұның өзі оқыр­манға, көрерменге жаңалық болар еді. Әлиханның бейнесі, Ахметтің тұлғасы, Жамбылдың ойлы образы қайта шығып жатса, айып па? Сондықтан  мерейтойға да жаңа­шыл­дық керек», – дейді публицист. Абай Құнанбаевтың 175 жыл­ды­ғында екі бірдей сериал түсірілді. Ұлттық арна мен «Хабар» арна­сы­ның өніміне қатысты сын да ай­тыл­ды. Ұнатқандар да баршылық. Кемшілігін түзгендер де жетерлік. Дегенде, Абай мен әл-Фараби жылы өте мағыналы өткен секілді. Олар­дың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері көпшілікке жақсы таралды. Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері, ақын Ақұштап Бақтыгереева: «Тәуелсіздік алғалы ұлылардың тойы тойланып жатыр. Былтыр Абай деп шуладық. Ескерткіштер қойдық, өлеңдерін оқыдық. Жа­сыра­тыны жоқ, Абай атын біл­гені­мізбен, оның ойын санаға сіңіре алдық па? Абайдың ойына терең батып, ұғынып түсінген біреу бар ма?», – дейді. Ақынның айтуынша, мерейтой өткізудің форматын жаңа­ша ойлау керек. «Мына зама­н­нан да Ілияс Ома­ров, Өз­бекәлі Жәнібеков сияқ­ты мық­ты идеологтарды көргім келеді. Олар ұлт үшін жанқиярлар еді. Қа­зір не істейміз? «Есеп» үшін той өт­кізіп тастайтын секілдіміз. Қыруар қаржы бөлінеді. Оның бәрі игі­лікті іске арналып жатыр ма?  Ұлы­лар тойынан ұрпақ сауаттануы ке­рек. Оқу орындарында жазба поэ­зия­ның, жазба әдебиеттің беде­лін көтеретіндей іс-шаралар өткені дұрыс. Олардың бастан кешкен өмі­рін халық сезінетіндей болуы ке­рек. Қалай дегенде де, мектеп оқушыларын  көбірек тартса деп ойлаймын. Біздің үмітіміз – келе­шек ұрпақ», – дейді ақын. Ол кез келген тойдың (ұлы­лар­дың тойы) ұрпаққа берер сәулелі сәттері көп болуы қажет дегенді айтып отыр. Биыл ақиық ақын Мұқа­ғали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды. Жыр алыбының мерейтойы Қарасазда аталып өтті. Сонымен, той бітті ме? «Улап-шулап тарап кеткен той­дан ештеңе қалмайды. Керісінше, ұлылар туралы деректі фильмдер, жыр кештері, естеліктер көбірек берілсе, сол ұрпақтың есінде қала­ды. Оны туған күнінде ғана атап өту де дұрыс емес. Көрерменге ой сала­тын хабарлар жыл бойы жалғасса да жарасады.  Өзге елдер ұлыларын қалай насихаттайды? Елді елең еткізетін дүниелер жасауға тырыса­ды. Терең, мазмұнды іс-шаралар өткізуге талпынады. Қазір тойдың өзі де онлайн өтіп жатыр. Жастар­дың көбі әлеуметтік желіде отыр. Осы әлеуметтік желінің өзін тәрбие құралына айналдыруға болады», – дейді ақын Ақұштап Бақты­гереева. Ұлылардың ұлылығын жастар көбірек сіңіріп өсуі керек. Олар жадына түюі үшін тарихи деректер анық болуы қажет. Ол тұлғаның атқарған қызметі қандай? Еңбегі, өнегесі толық зерттеліп-зерделенуі керек. Мәселен, батыс Сократтың қай жылы, қай ғасырда туғанын анық біледі. Бізде керісінше, кейбір тұлғалардың өмірбаяны туралы деректер сан түрлі. Тарихи біріз­ділік жоқ. Мәселен, Абай тақырыбында сериал  түсіргендердің дені Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпо­пеясына  көбірек сүйенеді. Одан бөлек, Абайды танытатын шығарма жоқ па? Рамазан Тоқтаров «Абай­дың жұмбағын» жазды. Ол шығар­мада «Абай жолына» енбей қалған тұстар өте көп. Болмаса, Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбайынан» да құнды деректер табуға болар еді. Рамазан Тоқтаров «Абай жұмбағы» ту­ралы: «Абайдың не бергені – біздің қолымызда. Өзінің өмірден не алғаны, қалай алғаны – жұмбақ. Ол жұрт көрмегенді көрді, жұрт сезінбегенді сезінді. Қалай көрді, қалай сезінді, түсінік-түйсігі қай дәрежеде қалыптасты? Не нәрсеге көбірек әсерленді? Абайдың дос­ты­ғы, мейірбанды жүрегі, махаб­баты, сүйініш-күйініші – бәрі өзгеше» деп бекер жазған жоқ. Сол секілді, Әлихан кім? Оның тарихи тұлғасын көрсете алдық па?  Мұқағали неден күйінді? Оның шек­кен азабы мен көрген қиын­дығын кинода суреттеп бере ала­мыз ба? Жамбыл жазған жырлар қандай? Қажымұқанды Қажымұқан еткен не күш-қайрат? Алыптың өмірінде біз білмейтін дүние бар ма?  Ресейліктер  Поддубный туралы бірнеше фильм түсірді. Ал  бізде Қажымұқан туралы бар-жоғы бір ғана фильм бар. Оның өзі   1985 жылы түсірілді.  «Знай наших» фи­льмінің режиссері – Сұлтан Қожы­қов. Кеңес Одағының идеологиясы негізінде түсірілген фильмде Қажы­мұқанның бейнесі Поддуб­ный­дың көлеңкесінде қалып қой­ған.  Цензура болмаса, Қожықов оның образын мүлдем басқаша түсірер еді. Өкінішті-ақ дерсің. Ал біз  ұлылардың еңбегі мен ісін, өмірі мен өнегесін дұрыс көр­се­те алмай жүрміз. Мерейтойды атап өтуге бөлінетін қаржы-қара­жат та қомақты болары сөзсіз. Осы орай­да, сол ақшаның  осындай мақ­сатты  дүниелерге жұмсалғаны жөн болар еді.

Айым БЕКТҰР