Қашықтан жұмыс істеу қолайлы ма?
Қашықтан жұмыс істеу қолайлы ма?
183
оқылды

Мәжіліс қашықтан жұмыс істеу бойынша ережені реттеуді қолға алды. Ұсыныстарды қабылдап, өзгерістерді ой елегінен өткізбек. Мұның бәрі Еңбек заңнамасына өзгеріс әкелуі мүмкін. Ал әлеуметтік сауалнама жүргізгенімізде  қа­тысушылардың 55%-ы қашықтан жұмыс істеуді қол­дайтынын айтты. Жалпы, аталған ережені бекіту жұмыстары 2021 жылдың 22 желтоқсанына дейін жалғасады.

Мәжіліс «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Еңбек кодексіне қа­шықтан жұмыс істеуді құқықтық жағынан реттеуді жетілдіру м­­ә­селелері бойынша өзерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарастырады. Егер жоба қабылданса, елімізде құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағынан алға ілгерілеу болуы мүмкін.  

Ереженің қандай артықшылығы бар?

Палата отырысында Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комит­е­тінің төрайымы Жәмилә Нұрман­бетова қашықтан жұмыс істеу ережесін бекітудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, заман та­лабы еңбек заңнамасын жетілдіру қажетін көрсетті. «Уақытша және аралас жұмыс режимін енгізу, жұмыс кестесін, мерзімін, жұмыс­кердің, сондай-ақ жұмыс берушінің жауапкершілігін белгілеу ұсы­нылады», – деді ол. Комитет төрайымының сөзін көпшілік мақұлдағандай болды. Өйткені қашықтан жұмыс істеу әлеуметтің оң жамбасына кел­гендей. Халық екі-үш жерден жұ­мыс тауып, әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жағдайын түзеуге тырысып жатыр. Одан кейін құқық турасына келгенде әлеуметтанушылар да мұның құптарлық іс екенін айтып отыр. Әлеуметтанушы Салтанат Рамазанқызы қашықтан жұмыс істеуді заңмен бекіту жалғызбасты аналарға айтарлықтай көмек бола­тынын атап өтті. Иә, төтенше жағдай жариялан­ған тұста компаниялар абдырап қалды. Әсіресе, жұмыс берушілер өнімділік пен жұмыс сапасын қа­шықтан қалай үйлестірерін біл­мей дал болды. Бірақ ірі компаниялар мұндай тәжірибені көптен бері енгізуді ойға алған екен. Мәселен, Beeline компаниясы қашықтан жұмыс істеу тәжірибесін екі жыл­дан аса жүргізіп келеді. 2017-2018 жыл­дары сынақ жүргізу мақса­тында 6 ай бойы 14 филиал тәжі­рибе алаңына айналған. 2020 жылы BeFlex жобасы арқылы компа­нияның 97% қызметкері тұрақты түрде қашықтан жұмыс істеп жа­тыр. Олардың айтуынша, бағдар­ламаның мақсаты – сенім, еркіндік және жауапкершілік. Бұл турасында компания вебинар ұйымдастырып, арнайы бейнеролик түсірген. Ком­панияның HR дирекциясы, ұйым­дық даму қызметінің же­текшісі Ботагөз Оразымбетова бас­­тапқыда күйеуінің жұмыс бабымен Жаңа Зеландияға қоныс аудармақ болған. Компанияға жұмыстан шығу туралы арыз жазуға шешім қа­былдапты. Артынша, компания қызметкеріне BeFlex жо­басын ұсынған. Ботагөз Оразымбетованың айтуынша, ол 2017 жылы Қазақстан мен Жаңа Зеландия арасын жал­ғаған. Бастысы, дедлайнға үлгеріп, жұмысты тиянақты жүргізу керек. «Қазір елге оралдым. Қашықтан жұмыс істеп жатырмын. Кейінгі 2 жылда компания қашықтан жұ­­­мыс істеу жағын шындап қолға ал­­­ды. BeFlex қанатын кеңге жайып ке­леді», – дейді ол. қашықтан жұмыс істеу Қызметкерлерді қашықтан жұ­мыс істеуге тез әрі нәтижелі кө­шіргендердің бірі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ. Компанияның цифр­­ландыру және транс­форма­­циялау жөніндегі басқарушы ди­ректоры Дәурен Керейбаевтың сөзінше, бұған цифрландырудың сәтті тәжірибесі әсер еткен. Нә­­­­тижесінде, компаниялар тобы бір мезетте 84%-ға, яғни 20 мыңнан астам әкімшілік қызметкер өнім­­ділікке зиян келтірмей қашықтан жұмыс істеуге ауысқан. Олар құр­ған трансформация бағдарламасы басқару мен өндіріс процестерін қайта құрып, жетілдірген. Сон­дай-ақ компания қызмет­керлерді да­мыту мен қауіпсіздікті қолға алып, оның ішінде ақпараттық техно­логиялар саласындағы кем-кетікті түзеуге ден қойған. Әрі олар 29 млрд теңгені транс­формация жобасынан түскен таза пайда деп отыр. 2024 жылға дейін пайда көзін 130 миллиардқа жет­кізбек. Бір сөзбен айтқанда, қа­шықтан жұмыс істеу процестерді оңтайландырып, технологиялық өзгеріс пен инно­вациялық ше­шімге әкеледі.

Көпшіліктің пікірі қандай?

Жұмысқа барып-келіп жүрген тұрғындар бастапқыда қашықтан жұмыс істеуге қызығушылық та­нытқаны рас. Кейіннен көз бен арқасының ауыратынын айтып шағымданғандар көбейді. Мә­селен, «Алтын ине» орта­лығының жетекшісі Бекзат Бағдаулетқызы ТЖ-дан кейін орталыққа арқасы ауырып, көмек сұрап келгендердің қарасы көп екенін айтты. Демек, қашықтан жұмыс істеудің арнайы ережесі керек-ақ. Мұны бізге «Әділ­мед» көпсалалы колледжінің оқытушысы Мунира Құрбанова төмендегідей түсіндіріп берді. «Иә, көпшілік наурыздан бері қашықтан жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде өзім де бармын. Бірақ жұмыс істейтін салама келсек, ме­дицинада қашықтан жұмыс істеуді біршама оңтайландыру керек. Се­бебі колледж студенттері 70% пәнді тәжірибелік сабақ ретінде оқиды. Яғни, олар тәжірибе ар­қылы көп нәрсені ойға түйеді. Меніңше, ұстаздарға қашықтан жұмыс істеген тиімсіз. Себебі қашықтан жұмыс істеу кей саланы дамытқанымен, кейбірін артқа тартады. Мысалы, экология жақсаратынын, авто­көлікпен жүру азаятынын атап өте аламыз. Алайда қашықтан жұмыс істеу кезінде көз жұмысы нашарлап, жүйке жүйесіне әсер етеді. Гипо­динамия нәтижесінде семіздікке алып келеді. Осындайда әр нәр­сенің мөлшері бар екені еске тү­седі»,– дейді оқытушы. Ал «Ұлан» газетінің жауапты хатшысы Дана Қанатқызының айтуынша, қашықтан жұмыс істеу уақытты тиімді пайдалануға мүм­кіндік береді. Ол жұмысымен қа­­­тар тіл үйренуге, спортпен шұ­­­ғыл­да­нуға, жеке дамуға үлгеріп жүр. Осы уақыт аралығында бұ­­­­­рыннан ойда жүрген жобаларын іске асыр­ған. «Заман ағымы жұмыстың ауди­тория мен сағатқа тәуелді емес еке­­нін дәлелдеп жа­тыр»,– дейді ол. Расымен, қазір шетелде де, елі­мізде де қашықтан жұмыс істеуге, іздеуге мүмкіндік беретін сайттар ашылды. Мысалы, Америкада жұ­мыс өтілі жоқ адамдар, үйде отыр­ған әйелдер, студенттер 15 ма­мандық бойынша қашықтан жұ­мыс істей алады. Қандай ма­мандық десеңіз, виртуал көмекші, аудар­машы, сайт дизайнері, Call-ор­талыққа жауапты маман боласыз. Егер елімізде қашықтан жұмыс іс­теу ережесі бекісе, жоғарыдағы санатқа жататын азаматтар жұ­мыспен қамтылуына жол ашылуы мүмкін.

Айзат Айзат АЙДАРҚЫЗЫ