Иран-АҚШ текетіресі: Жүйелі стратегиясы жоқ Трамп кері шегінуі мүмкін
Иран-АҚШ текетіресі: Жүйелі стратегиясы жоқ Трамп кері шегінуі мүмкін

Дональд Трамп АҚШ-тың өз әскерін Ирактан әкететіні жазылған хат туралы ештеңе білмейтін болып шықты, – деп жазады 24.kz.

Дереккөздің хабарлауынша, бұл жайында Ақ үйде өткен журналистермен кездесуде белгілі болған.

Аталған жиынға қатысқан мемлекеттік хатшы да бұл хаттың «қате» екенін атады. Десе де, Ирак премьер-министрі АҚШ-тан әскерді шығару туралы хат алғанын айтады.

Әділ Абдул Махдидің сөзінше, олар АҚШ қолбасшылығынан әскерді шығару туралы хат алған. Бірақ 4-5 сағаттан соң оның қате екені жарияланған. Енді Ирактың үкімет басшысы осыған байланысты АҚШ-тың түсінік беруін талап етуде.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп: «Менің ойымша, біз ауқымды жұмыс атқардық. Ел аумағынан кеткіміз келеді, бірақ қазір емес. Әскерді шығарғанның өзінде шығындарымыздың өтелгенін қалаймыз. Себебі, әуежай құрылысына қомақты қаржы жұмсадық, – деді.

АҚШ сенаторлары Ирактағы АҚШ нысандарына жасалған шабуылдар жайлы қосымша ақпарат күтіп отырғандарын мәлімдеді. 

Ал өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси твиттердегі парақшасында: «Біз әскеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет. Сонымен қатар әкімшілік тарапынан жасалып жатқан қажетсіз арандатушылықты тоқтатуымыз керек. Иран зорлық-зомбылықты доғаруы тиіс», – деп жазды.

Крис Кунс, АҚШ сенаторы:

– Біріншіден, мені америкалық әскери қызметкерлер мен аймақтағы серіктестеріміздің қауіпсіздігі алаңдатады. Екіншіден, генерал Сулейманидің көзін жою арқылы Ирактағы азаматтардың өміріне келетін қауіпті арттыра түстік. Мен жүздеген америкалықтың өліміне жауапты болған Сулейманидің мерт болғанына күйзелмеймін. Бірақ Трамп әкімшілігінің әрі қарай әрекет ету жоспары бойынша жүйелі стратегиясының барына күмәнім бар. Меніңше, аймақтағы одақтастарымызбен кеңесу өте маңызды. Себебі, Трамп осы шиеленістің шешімін іздеп, түйінін тарқату үшін нақты стратегия жасап шығуы тиіс. Өйткені Таяу Шығыстағы соғыстың басталуына жол берілмеуі керек.

Джон Кеннеди, АҚШ сенаторы:

– Осы шабуылға жауап бермес бұрын мән-жайды анықтап алу керек. Мүмкін Иран сөйлесуге дайын шығар. Себебі, мен Иран халқының бейбіт және жақсы өмірге лайық екенін білемін.

Ал Иранның байланыс министрі твиттердегі парақшасына «Біздің аймақтан көзіңді құрт!» деп жазды.

Иранның Сыртқы істер министрі Джавад Зариф «БҰҰ жарғысының 51-бабына сәйкес, Иран өз-өзін қорғау мақсатында нақты шаралар қабылдады» деп мәлімдеді.