Дәрі тапшылығына кім кінәлі?
Дәрі тапшылығына кім кінәлі?
119
оқылды

Қарағандыда Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фар­ма­ция» ЖШС-іне қатысты бес айға созылған сот процесіне нүкте қойылды. Журналист Ирина Московка ден­саулық сақтау жүйе­сінің төрт құрылымын қатерлі ісікке шал­дыққан науқастарға қажет дәрі-дәрмек беруді тоқтатып, пан­демия кезінде өміріне қауіп төндіргені үшін сотқа берді. Ол жа­уапкерлерден ма­териалдық залал мен моральдық зиянды өтеу­ді талап етті.

Өткен аптада республикалық қо­ғам­дық-саяси «Время» газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі Ирина Московканың талап-ары­зы бойынша жүрген сот ісі аяқ­талды. Ирина Московка 2018 жылы күт­пеген жерден қатерлі ісікке шал­дығады. Сол жылы дереу ота жа­сата­ды, дегенмен организмді қалпына кел­тіру үшін үнемі ем-домды жалғас­тыру қажет еді. Алай­да коронавирус өршіген уақытта оның ем қабылдауды үзуіне тура келеді, себебі қажетті дәрілер ауру­ханадан табылмайды. «Дәрігерлердің мультидисцип­линарлық тобы менің ауруымның гистологиясына сәйкес ем таға­йын­дады. Тамоксифен препаратын үш жыл бойы қабылдауым керек еді. Екі жыл бойы емханадан дәрі-дәрмекті кестеге сәйкес уақытында алып жүрдім. Препараттар әдетте екі-үш айға беріледі. Дегенмен 2020 жылдың көктемінде маған емхана оның баламасы деп басқа дәрі-дәрмек берді. Ал мамыр айында кел­генімде алмастыратын дәрі де та­уып бере алмады», – дейді журналист.  Тілші науқасын асқын­дыру­дан қорқып, дәріханаларда қымбат тұратын дәрілерді сатып алуға мәжбүр болады.Оның есебі бойын­ша, жал­пы шы­ғын 42 652 теңгені құрай­ды. Сол себепті сотта мораль­дық және материалдық зиян құнын 42 500 тең­ге деп бағалады. Ол  Денсау­лық сақ­тау министрлігін, Қараған­ды об­лыс­тық Денсаулық сақтау басқар­масы, «СҚ-Фармация» ком­па­ния­сын және Қарағанды қаласы­ның №3 көп­бейінді ауру­ханасын жауапкер деп тануды сұрап, сотқа жүгінді. «Бұл жерде басты мәселе әлеу­мет­тік саясатта жатыр. Сондықтан мен маған келген шығын 42 500 теңге деп бағаладым. Үкімет пан­демия ке­зінде халыққа 42 500 теңге әлеуметтік тө­лем төледі ғой. Мен үшін ақша емес, кінәлілерді жауап­қа тарту ма­ңызды болды», – дейді журналист. Журналистің айтуынша, панде­мия кезінде мыңдаған науқас осын­дай  мәселеге бетпе-бет келген. «Мә­селені шешудің бір жолы – ден­сау­лық сақтау жүйесін өзгерту», – дей­ді журналист. Қарағанды қала­сының Қазыбек би ауданының №2 соты азаматтық іс қозғады. Ал­ғаш­­қы тыңдау былтыр  29 қыр­күйек­те өтті. «СҚ-Фармация» ЖШС еліміз­дің заң­намалары талабына сәйкес ха­лыққа тегін берілетін дәрілік зат­тар мен медициналық бұйым­дар­ды бірың­ғай дистрибьютор ар­қы­лы са­тып алуды жүзеге асырады. Ол меди­циналық ұйымдарға дәрі-дәрмек­терді шарттық міндеттеме­лер не­гізінде жөнелтеді.  Компания мен Ири­на қаралатын Қарағанды об­лысы­ның №3 көпбейінді ауру­хана­сы ара­сында 2020 жылға 05.01.2020 жыл­ғы № 09-20-0154-ALO-1BV офер­та шарты жасалған. Ауру­хана 2020 жылға 30 000 тамоксифен және 96 000 торе­мифен таблетка­ларын сатып алуға тапсырыс берген. Сотқа шақырылған «СҚ-Фар­ма­ция» ЖШС өкілі компания ауру­ханаға дәрілік заттарды жеткізу бо­йынша өз міндеттемесін тиісінше орын­дады деп жауап береді. Деген­мен «СҚ-Фармация» 2020 жылы мамыр айында кесте бойынша Қа­ра­ғандыға 3 000 таблетка жеткізуі ке­рек еді, бірақ тек 1 700-і жеткізіледі, бұл құжаттармен рас­тала­­ды. Бірақ осы өрескел жағдай­лар­ға қарамастан дәрілік дистри­бьютор сотта жауапкер деп танылмады. Сот процесі кезінде Денсаулық сақ­тау министрлігі өткізген бри­финг­те Қазақ онкология және ра­дио­логия ғылыми-зерттеу инсти­туты­ның басқарма төрағасы Диляра Қай­дар­ова да «Қарағанды онко­дис­пан­сері кінәлі емес» деген қо­рытын­дыға келгенін хабарлаған еді. «Иә, біз бұл жағдаймен таныс­пыз. Өкінішке қарай, мұнда онко­диспансер кінәлі емес. «СҚ-Фар­ма­ция» тарапынан жеткізуде проб­лема­лар болды» деген болатын Д.Қай­дарова. «Өткен жылдың көк­темі мен жазында онкологиялық науқастарды, диабетпен ауыратын­дарды және басқаларды дәрі-дәр­мекпен қам­тама­сыз ету жүйесінде кемшілік бол­ды. Оған пандемия кінәлі емес. Мұндай адамдар үшін дәрі-дәр­мектерді сатып алу тен­дерлері алдын ала өткізіледі. Міне, менің жағ­дайымда «СҚ-Фармация» 2019 жыл­дың күзінде Қарағанды қа­ла­сының №3 көпбейінді ауру­ханасынан (онда мен есепте тұр­мын) өтінім алды. Бірақ бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмекті уа­қытында сатып ала алма­ды. Рецепт бойынша маған жазылған таблет­калар Қарағандыға тек 2020 жыл­­дың шілдесінде жетті! Сондық­тан мен сияқты пациенттерді дәрі­гер­­лер балама препаратқа ауыстыруға мәжбүр болды. Бірақ қандай да бір себептермен ол бәріне жетпеді. Карантин кезінде мен жекеменшік дәріханаларға жүгініп, сатып алуыма тура келді», – дейді Ирина Московка. Сот процесінде дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз ету жүйесінің жетіл­ме­гені расталды. Алайда судья Денсау­лық сақтау министрлігі, Қа­ра­ғанды облыстық Денсаулық сақ­тау басқар­масы мен «СҚ-Фарма­ция» ком­пания­сы бұған жауапты емес деген ше­шім шығарады. Сот үкімімен қа­тер­лі ісікпен ауыратын науқастарға дәрілерді уақытында жеткізбеген аурухана кінәлі деп табылды.        «Денсаулық сақтаудың жетекші құ­рылым­дары өздері басқаратын тетік­тердің қалай жұмыс істейтініне заң алдында жауап бермейді екен. Ден­сау­лық сақтау министрлігі бізде бұй­рықтар әзірлейтін және қыз­метін үйлес­тіретін теоретиктер еке­ні бел­гілі болды. Ал министр­лікке ведом­стволық бағынысты «СҚ-Фармация» ұйымы Үкімет бе­кіт­кен №1729 ережемен қара­пайым адамдардың талаптарынан сенімді қорғалған. Ол тек ауру­ханаларға дәрі-дәрмектерді сатып алушы және жеткізуші рөлін атқар­ады. Сонымен қатар осы ереже­лерде сатып алуды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны тура­лы сөз жоқ. Оларға  дәрі-дәр­мексіз қалған адамдардың денсау­лығынан гөрі заңдар мен ереже ма­ңыз­ды. Енді сот алдында қара­пайым аурухананың жауап беруіне тура келіп отыр. Мұн­дай үкім әділетті ме? Менің ойым­ша, жоқ», – дейді Ирина. Қарағандының №2 Қазыбек би ау­дан­дық сотының судьясы Жанар Сма­ғұлова  Ирина Московкаға кел­тіріл­ген материалдық және мораль­дық шығын 49 250 теңге мен мемлекеттік бажды № 3 Қарағанды көпсалалы аурухана төлейді деп үкім шығарды. «Мен Денсаулық кодексімен та­нысып шықтым. Онда облыс­тардың жергілікті өкілді органдары төтенше жағдай режимін енгізу кезінде аза­мат­тарды дәрілік заттармен тегін ме­дициналық көмек көрсетуге құ­қық­тарын іске асыруды қамтамасыз етеді делінген. Сондай-ақ мен Ден­саулық сақтау министрлігі туралы Үкімет бекіткен ереженің кейбір нор­маларына назар аудардым. Онда Денсаулық сақтау министрлігі аза­маттардың денсаулығын қорғау, дәрі-дәрмек айналымы, салааралық үй­лестіру, стратегиялық, реттеуші, ба­қылау-қадағалау, іске асыру және рұқ­сат беру функцияларын қамтитын бірнеше салада басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган екені атап өтілді», дейді журналист. Ал аурухана басшылығы өз кезе­гінде сот шешімімен келіспей, апел­ляциялық шағым берді. Қарағанды онкодиспансерінің заңды өкілдері апел­ляциялық шағымда  аурухананың қажетті дәрі-дәрмектерді өз бетінше сатып ала алмайтынын жазған бола­тын. Алайда облыстық соттың апел­ля­циялық алқасы бірінші инстан­цияның шешімін өзгеріссіз қал­дырды.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы