Полицейлер 150 қойымен бірге жоғалып кеткен 76 жастағы қарияны тапты
Полицейлер 150 қойымен бірге жоғалып кеткен 76 жастағы қарияны тапты
120
оқылды
Атырау облысында 150 қойымен бірге жоғалып кеткен қария табылды.  Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Жылыой ауданында 76 жастағы қария бағып жүрген 150 қоймен бірге жоғалып кеткен.
«Жылыой аудандық полиция бөліміне 11 ақпанда күндізгі сағат 10:35 шамасында Жем селолық округіндегі шаруа қожалығында жұмыс істейтін 76 жастағы ер адамның жоғалғаны туралы хабар түсті. Өріске 150 қойды бағуға шыққан егде адам қайта оралмаған. Сол күні полицейлер мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері егде жастағы адамды іздеуді бастады», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Бір тәуліктен соң Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Біржан Зинуллин ​ жоғалған азаматты 12 ақпанда сағат 11:00-де «Асан-Кеткен» қырынан тапқан. Шаруа қожалығының қыстағынан 15 шақырым қашықтан табылған қарияның туыстары полиция инспекторына алғысын білдірді.
«Шынымды айтсам, жоғалған қарияның туыстары алғыс айтар деп күткен жоқ едім. Өйткені қиналған адамдарға қол ұшын созуды міндетім деп санаймын. Сондықтан, мақсатым – жүрек қалауыммен таңдаған қызметімді, өзіме жүктелген міндетті абыроймен және адалдықпен атқару, – дейді Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Біржан Зинуллин.