Жамбылдық полицейлер жоғалған бір үйір жылқыны тауып берді
Жамбылдық полицейлер жоғалған бір үйір жылқыны тауып берді
Жамбылдық полицейлер шаруаға жоғалған 86 бас жылқысын тауып берген. Шу ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын xабарласып, белгісіз біреулердің аудан орталығынан 85 шақырымдық жерде орналасқан фермасынан 86 бас жылқысын айдап кеткенін айтқан. Осы оқиғаға байланысты Шу аудандық полиция бөлімімен екі жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл түрде іздестіру жұмыстарына кірісті. «Кәсіби жедел іс-шаралардың нәтижесінде полицейлермен барлық 86 жылқы әртүрлі аумақтардан табылып, иесіне қайтарылды. Қазіргі кезде мал шаруашылығының қожайыны жылқылардың ұрланып кетуіне байланысты шағымданбайтынын айтып, полиция қызметкерлеріне жылқыларын іздестірудегі жедел әрі кәсіби жұмыстары үшін алғысын білдірді»,– делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында. Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды жеке шаруашылығындағы малдарының қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуге, жайылымдарда малды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ оны бағуды бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмауға шақырады.