Амангелді ақталды
Амангелді ақталды

Түркістан облыстық сотының аппеляциялық алқасы журна­лист Амангелді Батырбековті кінәсіз деп танып, ақтап шықты.

Айта кетейік, 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы Амангелді Батырбековті жала жапқаны және қорлағаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыр­ды. Журналисті айыптауға Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бахтияр Әбдиевтің шағымы негіз болған. Ол журналистің Facebook әлеуметтік желісінде «Келестегі кең­келестік» деген тақырыппен жария­лаған жазбаларын айыптап, «ар-намысыма тиді, қорлады» деп сотқа арызданған.

Атап айтар болсақ, аудандық сот Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» және «Қор­лау» бабымен кінәлі деп таныған болатын. Осылайша, сот сотталу­шыдан жәбірленушінің пайдасына 200 мың теңге моральдық және 567 500 теңге материалдық шығын, со­нымен бірге журналистен жәбір­ле­нушілерге өтемақы қорына 37 857 тең­ге, ал мемлекет пайдасына 6 937 тең­ге өнді­ріп алу туралы үкім шығарған.

Алайда А.Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова мен адвокаты Шынар Ермекова аудандық сот істі қарағанда қателіктер жіберді, талап-тілектер ескерілмеді деп санап, Шымкенттегі сот сараптамасы орталығына қайта хат жолдаған.

Оған қоса халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымдары да журналистің өз пікірін білдіргені үшін сотталуына наразылық білдіріп, істі қайта қарау туралы мәлімдеме жасады.

Еске салайық, 20 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстегі жала жабу туралы бапты Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Азаттық радиосы хабарлағандай, журналист Амангелді Батырбековтің кінәсіз деп танылуын халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF) да жылы қабылдаған.