Депутаттар аймақта жүр
Депутаттар аймақта жүр
270
оқылды

Аймақтарда Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясы мүше­лерінің сайлаушылармен кездесуі жал­ғасуда. Мәжіліс депутаттары Тарас Хитуов және Сәкен Өтебаев өңірлерге жұмыс сапары аясында Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданына барды. Алдымен халық қалаулылары Бекі елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.

Шара барысында Тарас Хитуов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттар, атқарылған жұмыстар мен қабылданған заңдар жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ депутаттар «Бизнестің жол картасы», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыруды жалғастыру, сонымен қатар елді мекендерге газ тарту, жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту, көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Өз кезегінде Сәкен Өтебаев Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын нақты міндеттер жөнінде айтты. Жиынға қатысушы аудан тұрғындары Мемлекет бас­шысының Жолдауын қолдайтынын жеткізіп, өңірдегі өзекті мәселелер төңірегінде сұ­рақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Депутаттар кез­десуде қозғалған өзекті мәселелер мен тиімді ұсыныстарды тиісті орындарға жолдайтынын жеткізді. Маңызды жиын соңы қоғамдық қабылдауға ұласты.

Ал Ақтөбе облысындағы шалғай ауыл­дарды Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Глеб Щегельский, Құралай Қаракен, Сергей Симонов және Асылбек Смағұлов аралады. Іссапар аясында Глеб Щегельский мен Құралай Қаракен Қобда ауданына қарасты Әлия ауылының тұрғындарымен жүздесті. Кездесу кезінде қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың 95 жылдығына орай ба­тырдың ерлігін ұлықтау жолында ат­қарылар жұмыстардың жайы айтылды. Сон­дай-ақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­­ламасын жүзеге асыруға бөлінген бюд­жет қаржысының тиімді жұмсалуы да сөз болды. Өз кезегінде депутат Глеб Щегельский қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мемлекетіміздің алға қойып отырған маңызды міндетінің бірі еке­нін баса айтты. Ол сонымен қатар Nur Otan фрак­циясы заң шығару қызметінің маңыз­ды нәтижелерінің бірі ретінде заң шығару палатасының қарап, мақұлдаған 34 жобасының 19-ына 483 түзету енгізілгенін атап өтті.

Ал Құралай Қаракен тәжірибелі меди­цина қызметкері ретінде 2020 жылдан бастап сүйікті саласына енгізілетін жаңалықтарды асқан қызығушылықпен түсіндіріп берді. Тағы бір өзекті мәселе – ауыл-аймақтың асыға күткен «Педагог мәртебесі» туралы заң да айтылды.

Ақтөбе облысындағы тағы бір кез­десу Қобда ауданындағы Талдысай ауылында ұйым­дастырылды. Бұл ауылдың тұрғындарымен Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Сергей Симонов пен Асылбек Смағұлов кездесті. Басқосуда Асылбек Смағұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асырудағы басым бағыттары туралы баяндады. Сондай-ақ тұрғындарды Мәжілістің заңна­малық жұмыстарынан хабардар етті.

– Мал – ауыл тұрғындарының негізгі күн­көрісі болғандықтан, оның маңызы ескеріліп, мал ұрлығына қатысты жаза кү­шейтілді. Ол енді Қылмыстық кодексте бөлек норма ретінде қарастырылады. Бұл қылмыс кешірілмейді, екі жақтың келісімге келуіне болмайды. Енді мал ұрлағандар 5 жылға, қыл­мысын қайталаған жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айы­рылады, – деді ол.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты мас күйінде көлік жүргізгендерге жаза күшейтілгенін хабарлады. Оның айтуынша, мас күйінде кө­лікке отырғандар 7 жылға, қылмысын қай­таласа 10 жылға жүргізу куәлігінен айырылады. Ауыл тұрғындары жазаның күшейтілуі елімізде белең алған қайғылы оқиғалардың алдын алатынын айтып, өзгерістерді қолдады.

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген халық қалаулылары «Бұлақ BEEF» ЖШС жұмысымен де танысты. Шаруашылық басшысы Қазбек Тапақов «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алған 200 млн теңге несиеге 218 бас «Ангус» асылтұқымды сиыр сатып алған. Болашақта репродуктивті шаруашылық құру жоспарда бар. Бүгінде серіктестік 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Осыған дейін Мәжіліс депу­таттары Мәртөк, Алға ауданында болды.

Депутаттардың аймақтарға сапары Сыр өңірінде жалғасын тапты. Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Балайым Кесебаева, Абзал Ералиев, Геннадий Шиповских және Бақытбек Смағұл іссапар барысында Арал ауданына барып, аудан орталығынан шалғай орналасқан Атанши ауылдық округі, Жіңішкеқұм елді мекені тұрғындарымен кездесті. Алдымен Мәжіліс депутаттары Арал ауданы Жіңішкеқұм ел­ді ме­кеніндегі №230 орта мектептің жағ­дайы­мен танысып, мектеп ұжымымен жолықты. Кездесуде депутаттар «Педагог мәртебесі» туралы заңдағы жаңа­лықтарды баяндады. Өз кезегінде мектеп ұжымы педагог мәртебесіне қатысты жаңа заңды ризашылықпен қабылдады. Алайда ұжым қызметкерлері оқулықтарға, кадрлар даяр­лауға, сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты министрлік тарапынан тындырымды жұмыстар жүзеге асырылса деген тілегін айтты.

Мәжіліс депутаттарымен кездесуге ауыл ақсақалдары, ұстаздар, медицина сала­сының мамандары, кәсіпкерлер және жастар қатысты. Әңгіме барысында Мә­жіліс депутаты Бақытбек Смағұл бұл кездесудің негізгі мақсаты елдегі аза­маттардың жағ­дайын көзбен көру, ауылдық елді мекендерді дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында мемлекет тарапынан жасалып отырған жұмыстардың жүзеге асырылуын, сонымен бірге ашық пікір алмасу арқылы жергілікті жерлердегі негізгі проблемалық мәселелерді анықтап, оларды заңнамалық тұрғыда жүзеге асуына қолдау білдіру екенін айтты. Сон­дай-ақ халық қалаулылары жиында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қа­зақстан халқына Жолдауын іске асыру­дың басымдықтары мен барысы туралы әңгі­мелеп, олардың заңнамалық жұмыстары туралы баяндады.