Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан
Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан
2
1,708
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы еліміздің зиялы қауым ортасында оң бағасын алып үлгерді. Бізге сұхбат берген ғалымдар мақаланы мемлекетіміз бен халқымыз үшін аса қажет еңбек деп бағалады.

Ыбыраев.JPG

Шәкір ЫБЫРАЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің про­фессоры, 
филология ғылым­да­ры­ның докторы:

 

Бес дұшпан – үлкен кемшілігіміз

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы қазіргі Қазақстанның өзекті, көкейкесті мәселелерін көтереді. Абай ойлары мен қазіргі Қазақстанның тыныс-тіршілігін, өмірін, саяси-әлеуметтік ахуалын бір саралап, өрнектеп шығуды мақсат еткен. Абай қандай ой айтты, біз қалай өмір сүріп жатырмыз деп таразыға салған, зерделеген құнды мақала.

Абай айтқан терең адам, толық адамды қалып­тастыруда біз қаншалықты алысқа бара алдық дегенде, әрине кемшіліктің әлі де көп екенін байқаймыз. Біріншіден, халық бойындағы көп кемшілікті жойып болған жоқпыз, екіншіден, сол жоятын жүйені қалыптастырып та болмадық. Себебі бізде әлі де болса, адамдар арасында адал еңбекпен, ақыл-біліммен емес, түрлі теріс жолмен байлық мен билікке жету, көздеген мақсатын орындау көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Абай айтқан сол қателіктерді жөндегеніміз жоқ.

Әрі-бері айналса аты арықтап,

Шығынға белшесінен әбден батып.

Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа

Құдай құмар қылыпты қалжыратып, – дейді Абай.

Шығынданса да, шаршаса да кей адамдар «білгіш», «ақылды» деген атқа ие болу үшін пысықайлық жолға түсті, ал қоғам оған жиіркенішпен қараудың орнына оған төрін беретін психологияны орнықтырды.

Абай айтқан «бес дұшпан – өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ», бір-бірімен байланысып жатқан үлкен кемшілігіміз. Бұл кемшіліктерден арыл­ғанымыз жоқ. Тіпті, жаңалана түскен: ас беріп, той өткізсек те, шынайылықтан гөрі, атаққұмарлыққа ауып кетеміз. Міне, көрдің бе, мені жомарт деп ойлаңдар дегендей, бір-бірінен асып түсуге тырысу, байлық арқылы өзіне имидж жасау етек алды.

Алға кеткен елдер өтірікке, коррупцияға, мақ­таншақтыққа жол бермейді, сол қасиетінің арқасында ұлт болып ұйысып отыр. Олардан біздің ақыл-ойымыз немесе биологиялық жаратылысымыз кем емес. Олай болса, бүгінгі кемшіліктеріміз қайдан, қалай пайда болды? Мұндай кемшілік ұлт ретінде әлсіздік танытып алған кезде пайда болады.

Жас ұрпаққа не қылсаң да байып ал деген теріс мораль ұқтырамыз, жекелеген пысықайлардың жолы болғанымен, ұлт ретінде алға шыға алмайтынымызды ұғатын күн жетті. Абай ойынан қазіргі тіршілігімізді сараптап, өз қателігімізді жөндейтін, қоғам, ел, ұлт болып өмірге, білімге көзқарасымызды қалыптастыруымыз керек. Мақала осындай ойға жетеледі. Қазақстанның саяси, әлеуметтік, мәдени кеңістіктегі ахуалын пайымдағанда, алға шығамыз, биікке көтерілеміз деуге болатын шығар, алайда ол биікке көтерілу үшін Абай айтқан кемшіліктерді жойып алуымыз керек-ақ.

 

Матыжанов.JPG

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының директоры, 
филология ғылымдарының докторы, профессор:

 

Абай – рухани темірқазығымыз

Жыл басы Президент мақа­ласынан басталуы рухани, мәдени өміріміздегі құбылыс болды. Мақала өте салмақты, терең, толық жазылған. Мақаланың өзінде Абай мұрасын қазір қалай игеруіміз керек, болашақта халық кәдесіне қалай жаратуға болады деген ежелден келе жатқан сұраққа қазіргі заман тұрғысынан жауап берілген.

«Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» деген Абайдың сөзі бар, уақыт өткен сайын Абайды тану кезең-кезеңмен өзгере беретіні белгілі. Сондықтан Абайға біз әрқашан жаңа көзқарас тұрғысынан оралып отырамыз.

Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойында абайтану бұрынғы абайтанудан өзгеше болуы тиіс және заңды. Абайдың өсиеті – ел еркіндігі, бостандығы, қазақтың өз жеріне ие болуы. Сондықтан Абай мұра­сына тәуелсіз көзқарастың қажет екені алдыңғы ке­зек­ке қойылып отыр. Президент мырза осы мәселені мақа­ласында жан-жақты көрсете білген.

Абай – ұлттық болмысымыздың биігі, Абайды жаңаша тану керек, сонымен қоса Абайды жас ұрпаққа жаңаша ұғындыруымыз керек. Осы тұрғыда Президенттің қазіргі мемлекет және Абай мұрасы деген тақырыпты қозғағанын бөле-жарып айтуға болады. Бұл мақаладағы «Мемлекет ісінің мүдделісі» бөлімінде көрініс тапқан. Халықты қалай билеу керек және халықты жақсы өмірге қалай жеткізу керек деген мәселені Абай өз заманында терең қозғаған, бұл бүгін де өзектілігін жоймаған мәселе. Бұл тұрғыда Президент өзінің бағдарламасын Абай ілімімен байланыстырып, біраз мәселенің басын ашқанын білеміз. Мәселен, Президент Жолдауында айтылған «Халық үніне құлар түретін үкімет» құру идеясын айтуымызға болады.

Абай мұрасында айтылатын толық адамға жету үшін қандай мұраттарға қол созу керек деген мәселе Президент мақаласында жан-жақты ашылған. Осының ішінде ерекше тоқталатын дүние: Абай мұрасының ынтымаққа, бірлікке шақыруы. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ақын сөзінің астарында қаншама дүние жатыр. Мемлекет біртұтас болуы үшін қазақ әуелі өзі біртұтас болуы керек. Бір идеяға ұйып, тұтас халық болып қалыптасуы қажет. Осыдан келіп Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп аталатын екінші үлкен идеясы шығады. Ол үшін адамға өз мүддесін адамзаттың мүддесімен бір деңгейде қоя білетіндей үлкен, биік парасат керек. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың толық адам ілімі бір-бірімен кешенді түрде байланысып отырған дүние екенін көруге болады.

Қазақ халқын әлемге таныту қандай жолмен жүзеге асады? Әр қазақ кеудесін соғып, мен қазақпын, мені таныңдар деп айғайлай берсе, әлем тани ма? Әрине, танымайды. Ұлт әлемге ұлы тұлғалары арқылы танылады. Әлемге Абайдың мерейтойы, Абайдың ілімі арқылы бүкіладамзаттық идеялардың қандай деңгейде екенін көрсете алатын деңгейге жетуіміз керек. Абайдың ойы адамзатқа қосылған үлкен үлес. Бұл қазақ мәдениетінің үлесі. Абайды тани отырып, әлемге таныта отырып өзімізді танытамыз. Осы тұста Абай шығармашылығын тарату мәселесі шығады, бұл «Әлем және Абай», «Абай және философия», «Абай және әлемдік өркениет» деген тақырыпты туындатады, мұның ар жағында «Қазақ және әлемдік өркениет» деген дүние шығады. Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу қазақ халқы үшін де, мемлекет үшін де үлкен сын. Мерейтой рухани деңгейімізді көтеретіндей дәрежеде өтуі керек. Абайдың туған күні қарсаңында 500-дей іс-шара өтеді. Саны аз емес, енді сапасын көтеру үшін Абай мұрасына тереңдеу, насихаттау, жаңа технологиямен таныту мәселесіне мән берілуі керек. Бұл орайда, Президент мақаласы Абай жылын өткізудің бағдарламалық өзегі боларына үміт артамыз.

 

Сайлаубай.JPG

Ерлан САЙЛАУБАЙ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық 
университеті жанындағы «Абай академиясы» 
ғылыми-зерттеу институтының директоры, 
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

 

Абайы бар бақытты халықпыз

Президент мақаласының өзегі – қазақтың дана тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасындағы адам мен қоғамның үйлесімді дамуы жөніндегі көзқарастары. Мақалада біздің мемлекетіміз бен ұлтымыздың жаңғыруына бірден-бір бастар жаңа жол ұсынылды. Бұл жол – ұлтымызды жаңғыртудың бірегей құбылысы ретінде Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы, оның ілгері көзқарастар жиынтығының алынуы.

Абайдың қазақ социумы жөніндегі озық ой-тұжырымдары қазіргі қоғамымыздың дамуының тарихи заңдылығына сай және тың идеялар кеңістігі деп білеміз. Әрбір ұлт өркениетті даму жолында өз мемлекетінің дамуына айрықша ықпал ету қабілеті зор тарихи тұлғалар мұрасына қайта-қайта оралып, тұлғалар мұрасын үнемі зерделеп және оны қоғамдық өмір арнасына жаңғырта енгізіп отырған. Тұлғалардың әлеумет өмірінің әр алуан қырларын тереңінен қарастырып, адам мен қоғамның үдемелі даму негіздерін айқындап берген көзқарастарын басты құндылық ретінде жаңа заман лебімен үйлестіре жаңғыртудың үлгісі деп қабылдаған.

Уақыт өткен сайын, адамзаттың алып тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасының біздің қазаққа қызмет етер әлеуеті күшейе түсері сөзсіз. Біз оны Президентіміздің мақаласынан айқын аңғардық, аса тәнті болдық. Абайы бар бақытты халықпыз деген ой келді.

Президент бұл жөнінде «…Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады» деп айшықтап көрсеткен.

Мақаладағы «Ұлттық болмыстың үлгісі» деген бастауында Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы ұлттық жаңғыру негіздері: саналы, білімді, білікті және мәдениеті жоғары ұлтты қалыптастыру қырлары зерделенген. Бүкіләлемдік көштің басында болуға ұмтылуымыз керек деген тарихи тұжырым түйінделген. Президентіміздің біздің ұлтты қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады деген пікірі тарихи шындық.

Президент мақаласындағы «Мемлекет ісінің мүдделісі» деген тұжырымдамасында мемлекетімізді нығайтуда Абай әділетті қоғам құру идеясы темірқазық ретінде алынған. Баршамызға мәлім дүние, ол тек әділетті қоғамда ғана заң үстемдігі мен құқықтық қатынастар жүйесі тұрақты орын алады. Қазіргі мемлекетіміз ұстанып отырған құқықты аспектілерімізбен бұл тұжырым әбден үйлесімді шыққан.

Ел өркендеуінің негізінде мемлекеттік ұйымдар мен қоғамның әлеуметтік өзара жауапкершілігі бірінші кезекке қойылуда. Мемлекет басшысының 2019 жылғы Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы соның айқын көрінісі. Жастарға жан-жақты қолдау көрсетудің жарқын үлгісі жаңа басқарушы кадрлық резервтің түзілуі және оның жүзеге асырылу тенденциясы қалыпқа түсуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы түптеп келгенде бізге, қазақстандықтарға жаңа биіктерге ұмтылуға жол ашқан еңбек.

 

Дайындаған
Айдана БЕГІМ