Жаны ашымастың қасында бас ауырмас
Жаны ашымастың қасында бас ауырмас
237
оқылды

Шымкент қаласынан 30-40 шақырым қашықтықта Түркіс­тан облысына қарасты аудан­дар бар. Төлеби, Сайрам, Орда­­басы, Қазығұрт аудан­да­ры тұрғындарының жұмысқа жарамды 40 пайызға жуығы Шымкент қаласына келіп жұ­мыс істейді. Демек, үшінші мега­полис қоржынына салық төлеп, едәуір кіріс әкеліп отыр. Әсіресе, өндіріс орны жоқ Төле­би ауданы мен Шым­кент қаласын жалғайтын жол­да тыным жоқ. Таң ала­геуім­нен басталатын көлік қоз­ға­лы­сы түннің бір уағына дейін үзілмейді.

Тіпті төлебиліктер той-тома­ла­ғын да үлкен қалада өткізгенді абырой көреді. Алайда облыс орталығы өзгеріп, Шымкент рес­­публикалық маңызға ие мәр­те­бесін алғалы билік тарапынан жақын аудандарға бетбұрыс тоқтады. Ал, тұрғындарға бәрібір. Қай жерде болса да нәпақасын тауып жесе болғаны. Жолдағы көлік тоқтаған емес.

Айтайын дегеніміз, Төлеби ауданының тұрғындары қыр­күйек айынан бері Шымкент қала­­сының кіреберісіне салынып жатқан көпірдің салдарынан 5 шақырым жолды жүріп өту үшін 10 шақырым айналып, жол азабын тартып келеді. Әрине, жол кең, тегіс болса 5 шақырым деген не тәйірі?! Өкініштісі де сол Шымкент индустриалды ай­мағына қарасты зауыттардың ара­сындағы тар жолда таң аза­нымен басталатын кептеліс түске дейін тоқтамай, кешкі қарбалас сәтте тағы жалғасады. Жұмыстан шаршап, үйіне қайтуға асығатын жұрттың жүйкесін тоздыратын бұл жайт жуық арада шешілмейтін сияқты. Жүздеген емес, мыңдаған адамды әуреге салып жатқан бұл көрініске үшінші мегаполис билігі бас қатырып отырған жоқ. Бәрінен бұрын алақандай аймақтың құрылысы бірнеше айға созылатыны таңдандырады. Тіпті, бүгінде ол жерде құрылыс жұмыстарының тоқтағанына да біршама уақыт болды.

Шымкент қалалық жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәлім­деуін­ше, Леңгір тас жолындағы Сайрам су өзенінен өтетін апат­ты жағдайдағы көпірді қайта жаң­ғыр­ту жұмыстарының мердігері «Кор­порация Береке А» ЖШС. Құры­лыс жұмыстарының жалпы құны 413,64 млн теңгені құрайды. Алайда 2019 жылға 200 млн теңге бөлініп, қалған 64 млн теңгесі 2020 жылға қарастырылыпты. Құрылыс 2020 жылдың мамыр айында пайдалануға берілмек.

Сонда дейміз-ау, бар-жоғы ала­қандай аймақты жөндеу үшін халық сегіз жарым ай сергелдеңге түсу керек пе? Айналайын-ау, үшінші мегаполис болған алып шаһарға 64 млн теңге де жыр болғаны ма?

Сондай-ақ аймаққа аты мәлім, оңтүстіктің талай құрылысын жүргізген «Корпорация Бере­ке А» ЖШС-нің осынша ақша­­сы болмай қалғаны тағы таңдан­ды­рады. Берілген ақшаны ғана игеріп қойып, бюджетке мойын созып отыра беретіндей қалтасы жұқа компания емес сияқты еді. Мұндайда «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген тәмсіл ойға оралады екен.

Ал зардапты күн сайын қалаға әуре-сарсаңмен келіп-кететін халық тартуда.

Жалпы, қалааралық және қала ішіндегі құрылыс жұмыстарының жүйесіз жүргізілетіні анық. Осын­­дайда әншейінде шетелді мы­­салға келтіретін биліктің құрылыс жұмыстарына келгенде тұрғындарға зардабы тимейтіндей етіп ұйымдастыра алмайтыны қынжылтады.

 

P.S.

Ал Қытайда жол салушылар 48 сағаттың ішінде ескі көпірді бұзып жаңасын орнатқан. Олар­дың ұтқаны жаңасын әбден да­йын­дап алып, ескісін бұзып орнына қоя салғаны болып тұр. Міне, нағыз халыққа жанашыр маман­дар.


Назгүл НАЗАРБЕК 
Шымкент қаласы