Ашулы Иран: ұтқан кім, ұтылған кім?
Ашулы Иран: ұтқан кім, ұтылған кім?
95
оқылды

2020 жылдың 3 қаңтары. Халықаралық қауіпсіздік тари­хында аталған күн Аме­рика Құрама Штаттары үшін жеңіс, ал Иран Ислам Рес­пуб­ликасы үшін қара әріп­пен жазылғалы тұр. Иранның сыртқы саясат және аймақ­тық қауіпсіздік архитектор­ларының бірі, иран халқының «ұлттық қаһар­маны», ал қазір амери­ка­лық саясаттың «ша­һи­ді» атанған Касем Сулей­мани Бағдадта АҚШ Әскери әуе күштерінің мақсатталған соққысының құрбаны атан­ды.

Генерал Сулейманидің өлі­мі – ел ішінде бұрыннан бар ан­ти­аме­рикалық қозғалысты кү­­шей­­тіп қана қоймай, өз кезе­гінде аймақтық дәрежедегі жаңа геосаяси архитектураны қалып­тастыру жөніндегі бастама­лар­дың катализаторы болды. Иран секілді аймақтық ойыншыны ашуландырудан кім ұтады? Ең басты сұрақ – кім ұтылады? Себебі ұту – тек моральдық жеңіс қана емес, ол сонымен қатар жаңа мате­риалдық игіліктерге ие болу. Ал ұтылудың бағасы одан да қымбат. Аталған сұраққа жауап беру үшін 3 негізгі факторға назар аудару керек: 1.Аймақтық қауіп­сіздік; 2.Энергетикалық қауіпсіз­дік белдеуі; 3. Өркениеттер қақты­ғысы.         

Халықаралық қатынастар жүйесінде қауіпсіздік, эконо­ми­калық және сауда қатынас­тары, энергетикалық қамтама­сыз­дандыру, гуманитарлық жо­ба­ларды жүзеге асыруда ай­мақ­тық державалардың ала­тын орны ерекше. Әлемдік эконо­ми­каның жетекші факторы – мұнай мен газдың молынан шоғыр­лануы, елдің негізгі транс­порт­тық дәліздер ортасында орналасуы мен Парсы империясы қалыптастырған өркениеттің мұрагері атануы – Иран Ислам Республикасының Таяу Шығыс геосаяси кеңістігінде ерекше позициясын қалыптастырды. Ауғанстан, Ирак, Сирия секілді көршілермен шектесуі Иранның аймақтық қауіпсіздікте өзінің шииттік идеологиясын икемді түрде таратуға мүмкіндік берді. Ал Кувейт, Бахрейн, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман секілді Парсы шығанағы елдерімен ортақ шекараны бөлісу – сунниттік мұсылман елдерімен өзіндік қатынастар моделін орнатуға, Каспий теңізі арқылы Ресей Федерациясы, Түркіменстан, Қазақстан секілді елдермен праг­матикалық принципке негіз­делген сауда қатынастарын қалып­тастыруға негіз болды. Гене­рал Касем Сулейманидің Иран қауымдастығында ұлт қаһар­маны деңгейіне жетуі де – аталған елдердегі ислам мемлекетінің жүргізіп отырған қуатты сыртқы саясатының жемісі болды. Сол себепті Сулейманидің өлімі – қатардағы жетекші әскери азаматтың өлімі емес, ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан аймақтық, кей жағдайларда жаһандық саясаттың негізгі ойыншыларының бірінің өлімі. Бір сөзбен айтқанда, Иран Ислам Республикасы өзінің негізгі мемлекет қайраткерінен айы­рылып отыр. АҚШ Прези­денті Дональд Трамп К.Сулей­ма­ни­дің көзі жою жөнін­де өзі­нің бұйрығын бере отырып, халықа­ралық қауіпсіздік жүйе­сінде «пандора жәшігін» ашқа­лы тұрғанын білді ме екен?! Туиттерде жазған жазбаларына қара­ғанда ол туралы ойлан­ба­ған секілді. Аймақтық қауіп­сіздік­ті қамтамасыз етуде домино эффектісінің де әсе­рін Америка президенті ескермеген сыңайлы. Иран ядролық бағдарламасы, ирандық биологиялық соғыс құрал­­­дары, жасырын қызмет ете­тін ирандық шииттік ұйымдар – әрқайсысы халықаралық қауіпсіз­дік жүйесін түбегейлі өзгертетін және кешенді зерттеуді қажет ететін келелі мәселелер. Ал бүгін біз бәріміз – Америка мен Иран басшылығының шешімдері эмо­ция­ға негізделгенін байқадық. Ал реалистік теорияны ескерсек, ең қате шешімдер – эмоцияға не­гіз­делген шешімдер. Егер бүгін сезімге беріліп қадам жасасаң, салда­рын ертең көресің. Нәтижесі екі елге емес, бірінші кезекте ай­мақ­тың ойыншыларына және энер­­гетикалық байланыстармен қа­­быс­қан сауда әріптестеріне әсер етпек.   

Табиғи ресурстар қоры бо­йын­­ша Иран – әлемдегі ма­ңыз­­ды ойыншы. Өте бай та­би­­ғи ресурстарға ие Иран ай­­­мақ­­та әрі жаһандық аренада сау­­да көрсеткіштері бойынша ық­пал­ды мемлекет. Ислам Рес­пуб­ликасының 2015 жылдың шілде­­сінде Ядролық бағдарлама бойын­ша келісімге қол қоюы – ел эконо­микасының дамуынан бөлек оның үлкен әлеуеті бар екенін көрсетті. Иран экономикасына ең әуелгі қызығушылықты Фран­ция мен Германия, Қытай мен Жапония, Түркия мен Ресей танытты, мұсылман елі Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағының елдеріне мұнай мен газды тасы­­мал­дай бастады. Аймақта эко­но­микалық потенциал бойын­ша тек Сауд Арабиясы негізгі бәсекелес екендігі анықталды. 80 миллиондық Иран нарығы да көп­теген елдер үшін қы­зығу­­шы­­­лық тудыруда. Жа­һан­­­­дық энер­гетикалық кеңес­тің ста­тис­тикалық ақпараты­на сәй­кес, 2017 жылдың қорытын­дысы бойынша Иран мұнайының 35% экспорты Еуропа елдеріне, 64% Азия-Тынық мұхит аймағы­ның елдеріне тиесілі. Бір сөзбен түйіндесек, Иран аймақтық және халықаралық дәрежеде энерге­ти­калық қауіпсіздіктің кепілі. Одан өзге аймақтық дәрежеде энергетикалық қауіпсіздіктің белдеуі. Ормуз бұғазынан Парсы шығанағы елдері тауарларының қауіпсіз өтуі де – Иран тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігінің көрінісі екенін естен шығармаған дұрыс. Себебі аймақтағы АҚШ-тың негізгі әріптестері – Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман, Бірік­кен Араб Әмірліктері аталған бұғазды өз экономикаларының күре­тамыры деп бағалайды. Иран­ның радикалды сыртқы саясат жүргізуінен, аталған елдердің қорғанысы мен қауіпсіздігінен гөрі бірінші кезекте экономикасы мен саудасы құлдырайтыны анық. Сол себепті Иран мен АҚШ әкім­шілігі тек превентивті шешім­дер қабылдаудан аса алмас. Соғы­сатын екі ел, оның салда­ры­нан көретін елдер саны одан да көп. Көп сарапшылар болжаған «үшін­ші дүниежүзілік» соғыс ешкім­ге қажет емес.

Иран Ислам Республикасының өркениеттік фактор шеңберінде алатын орны ерекше. Араб, түркі, моңғол, шииттік исламға негізделген парсылық династиялар бүгінгі Иранның өркениеттік діңгегі. Саяси құрылымы рухани арбитр – аятолланың сөзін қадір­лей­тін Иранның саяси ойлау пайымы – тарихи жадыдан сусын­дайды. Яғни, ғалым Сэмюэл Хантингтон зерделеген «өрке­ниет­тер қақтығысы» XXI ғасырда жаңа сипатқа ие болғалы отыр.    

Тарих әр соғыс пен қақтығыс­тың жеңген және жеңілгендерін анықтауды жақсы көреді. Қазіргі жағдайды сараласақ, жеңілген тарап­тардың көбірек болатынын ескер­ген жөн. Себебі Иран қауіп­сіздігі – жаһан қауіпсіздігінің си­но­ниміне айналып отыр.    

 

Әлкей МАРҒҰЛАНҰЛЫ,
Қазақстанның
Тұңғыш Президенті –
Елбасы қоры атқарушы 
директорының орынбасары