Тон аламын деп тоналып қалды

Тон аламын деп тоналып қалды

Әулиеата алаяқтардың саны азаймай тұр.  Жамбыл облысының Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері интернет пайдаланушыларға қатысты алаяқтық әрекеттің  11 дерегін  анықтаған. Оның ішіндегі ең ірілерін айтсақ,  ағымдағы жылдың 8 ақпанында Тараз қаласында тұратын А. есімді азаматтың «Финкап»  интернет қосымшасы арқылы жергілікті тұрғынның атына 40 мың теңге көлемінде онлайн кредитті алаяқтық жолмен ресімдеген. Бұдан бөлек, 1995 жылы туған Тараз қаласының тұрғыны  Қ. есімді азаматша 4 алаяқтық дерегін жасаған. Ол «Instagram»  интернет қосымшасында киім сату туралы жалған жарнама орналастырып, төрт сатып алушыдан жалпы көлемі 44 мың теңгені «Каспий голд»  карточкасына аудару арқылы заңсыз иемденген. Ал 2021 жылдың 15 қаңтарында 1998 жылы туған Алматы облысының тұрғыны «Instagram»  интернет қосымшасында «Тон сатылады» деген жалған жарнама арқылы сатып алушылардың бірінен 158 мың теңге көлеміндегі ақшаны «Каспий голд»  карточкасына аудартып алған. Алаяқтық әрекетін жасаған барлық азаматтар бүгінде ұсталып, сотқа  дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы