Standard&Poor's Қазақстанға қызыққан инвесторларды үркітіп әлек
Standard&Poor's Қазақстанға қызыққан инвесторларды үркітіп әлек
115
оқылды

Америкадан «суық» хабар жет­ті. Standard & Poor's халық­аралық рейтинг агенттігінің де­ре­гінше, «Қазақстан мен Әзір­бай­жанға қатысты инвес­тор­ларда күмән-скептицизм ар­туда». Мұны қарапайым тілге кө­шіріп, ушықтыра ұсынған кей­бір сарапшылар «инвестор­лар­дың Қазақстанға көңілі суы­ғанын» жариялауға асық. Шы­нында солай ма? Солай болса, бұл жаман ба?

S&P байламынша, тәуелсіздік ал­ғалы бері отыз жылдай уақыт өткен шақта Қазақстан мен Әзірбайжан ин­весторларды «бізге кел» деп қайтадан көндіруге және Каспий теңізіндегі жаңа мұнай жоба­ла­рының бәсекеге қабілетті екеніне сендіруге мәжбүр.

«Соңғы айлар бұл өңірдің тартым­дылығының төмендегенін паш етті. 2019 жылғы қарашада Chevron Әзірбайжанның Azeri-Chirag-Deepwater Gunashli (ACG) басты мұнай кешеніндегі 9,6% үлесін сатып жіберді. ExxonMobil өзінің 7%-ын сатуға қойғысы келетінін мәлімдеді. Себебі қос компания да жанартас мұнайын (сланцевая нефть) өндіруге күш-жігерін шоғырландыруда. Каспийдегі ACG мұнай кен орындары тобындағы «қара алтын» өндірісі 2019 жылы 8%-ға құл­дырады және қазір тіпті 2010 жыл­­ғы деңгейден шамамен үш­тен бірге төмен. Көрсеткіші тәулігіне не­бәрі 540 мың баррельді ғана құ­райды» деп мәлім етті рейтинг агенттігі.


Қазақстанның мұнайы  ақталмаған арман ба?

Бізді әрине елімізге қатысты тұжырым қызықтырады. S&P қа­зақ елінде мұнай өндірісі артып келе жатқанына назар аудартады.

– Бірақ нарық ойыншыларында жергілікті жобалардың құнына қатысты күмән көбейді. Мысалы, Chevron акционерлері «Теңіз кен орнын кеңейту» жобасы құнының 10 миллиард долларға қымбат­та­ғаны, сонымен қатар жобаны іске қосу кешігетіні туралы хабарды жақтырмай қабылдады, – дейді агенттік.

Дегенмен ол республикамызда «қара алтын» шығару көлемінің жыл сайын өсуін «Қазақстанның артықшылығы» деп бағалады. Мысалы, 2023 жылы кезекті ке­ңейту жобасының инфрақұ­ры­лы­мы қолданысқа берілген соң, Те­ңіз­дегі өндіріс тәулігіне 900 мың баррельге жетпек.

Проблемадан көз ашпай келген Қашаған жобасында да «өндіріс сенімділігі нығайғанын паш ететін нышандар бар» көрінеді. Қашаған құны 55 миллиард долларға дейін шығандағанда, сарапшылар оны «саладағы жарға жыққан жобалар» қатарына қосқан екен. Ал енді бұл кен орнында мұнай өндіру таяуда тәулігіне 420 мың баррель межесін бағындырыпты және ары қарай өсіп барады.

 

Сонда S&P-ге жақпағаны не?

– Алайда Қазақстандағы шектеулер айқындала түсті. Олар стратегиялық деңгейде жүруде. Ресей мұнай тасымалында көр­шісіне салмақты бақылауын сақтап отыр. Қазақстандық «қара алтынды» экспорттау үшін Каспий түбі арқылы Әзірбайжанға мұнай құбырын тарту туралы кезінде танымал болған идея бүгінде жайына қалғандай. Қазақстан сол бұрынғыдай Ресейдің оңтүстігі арқылы Новороссийск теңіз ай­лағына дейін апаратын КТК құ­бырына қатты тәуелді, – дей келе Эс-энд-Пи сарапшылары «Қа­зақстан – ақталмаған үміт» деген тосын тұжырымға келеді.

Standard & Poor's халықаралық рейтинг агенттігі – бренді беделді, сөзі өтімді ұйым, алайда соңғы инстанция емес. Әр инвестор оның пікіріне құлақ асқанымен, ақырында Қазақстан экономика­сына қаржы салу-салмау туралы тек жеке мүдделеріне сай шешім қабылдайды. Демек, ел Үкіметінің, инвестиция тартуға жауапты шенеуніктердің оларды қызықтыра білуге, жағдай жасауға күш салуы маңызды.

Қазіргі кезде Қазақстан кеме­ліне жеткен көптеген кен орын­дарында өндірісті жолға қою бағы­тында қадам жасап жатыр. Оның үстіне әлемде қазақ мұнайына сұраныс жоғары. Бұған қоса, дү­ниежүзінде Brent маркалы мұнай бағасы 70 доллардан асып кетті.  

Әйтсе де, инвестор үшін жа­һандық тартыс күшейді. Мұның сыртында геосаяси шиеленістердің өңірімізге көшірілуі, Каспий бо­йынша көршіміз Иран мен АҚШ арасында тайталас туындауы – ин­весторлардың Қазақстанға келуіне кесірін тигізетінін ескерген жөн.

Ірі инфрақұрылымдық жоба­лар бойынша кеңесші болып жүр­ген отандық белгілі заңгер Ержан Есімханов жауапсыз билік өкіл­дерінің маңызды инвестжобаларды рәсуа ететінін, ал елге келген бірқатар инвесторларды қашырып алатынын айтады.

– Біздің меморгандарды бұ­рынғы жылдардағы мол инвести­ция әбден бұзған. Шенеуніктер инвесторларға шекеден қарайды. Олар бас сұққан жүргізушілерге менменси қарайтын жол бо­йын­дағы дәмхана қызметкерлеріне ұқсайды: «Мынау кетіп қалса, ке­лесісі келер» дейді. Сондықтан көз­қарасын да өзгертпейді, ас мә­зірін де жаңартпайды. Олар қазіргі заманда инвестиция дегеніміз – жай ақша толы шабадан емес, жоғары технологиялар, жаңа өн­дірістер, оқытылған мамандар екенін түсіне бермейді. Енді қа­раңыз: оның дәл қасында, қарсы бетте жаңа дәмхана ашылды делік. Ас мәзірі жаңа, тамағы жұғымды әрі дәмді, ал қожайындары жол бойына шығып, өткен-кеткен көліктерді ілтипатпен қонаққа шақырады. Жүргізушілер сонда қай дәмханаға көбірек кіреді? Осы сияқты, дәл іргемізде тұтыну­шы­лары ауқымды, нарығы үлкен Өз­бекстан әлемге ашылуда, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, бо­лып жатқан ірі әрі игі өзгерістер арқасында Өзбекстан The Economist нұсқасы бойынша «жыл мем­лекеті» атанды. Заңгер шетелдік компанияларға бизнес жүргізуге көмектесу мақсатында өзбек еліне жыл бойы әр 2-3 ай сайын барып тұрғанын айтады. Соның бары­сында екі елдегі шенділердің ин­весторға қалай қарайтынын са­лыстыруға мүмкіндік алыпты.

– Мысалы, қосарлама салық салу бойынша заңнамадағы кез келген қайшылықты қазақстандық салықшылар мемлекет пайдасына жатқызады. Салдарынан инвес­торға аяусыз тап беріп, есепшотын бұғаттайды, айыппұл салады, қосымша салық есептейді. Ұқсас жағдайда өзбек салық органы не істейді? Қайшылықты жою үшін жаңа режимді сынақтан өткізеді, адал қызмет атқаратындарды ынталандырады, сөйтіп, жергілікті нарықты бірте-бірте өркениетті күйге келтіріп жатыр, – дейді Ержан Есімханов.

    

Жат инвестиция Пәкістанды күйзелтті

Ұлттық банк 2018 жылы сол кездегі Зерттеулер және статистика департаментіне қызықты тақы­рыпта зерттеу жүргізуге тапсырыс берді. Нәтижесінде, «Инвес­ти­циялардың Қазақстандағы эко­номикалық өсімге ықпалын эм­пирикалық бағалау» атты зерттеу еңбегі әзірленді. Онда «шетелдік инвестициялардың зияны да бар» деген елең еткізерлік байлам кел­тірілген. Өйткені «шетелдік ком­паниялар жергілікті кә­сіпо­рын­дармен қатал бәсекелес­тікке түседі және көп жағдайда оларды на­рықтан ысырады».   

Тікелей шетелдік инвести­ция­лар (ТШИ) озық технологиялардың ендірілуі, адами капиталдың да­муы арқасында экономикалық өсімге ықпал етеді. Бірақ бұл үшін қабылдаушы экономиканың тех­никалық өркендеу деңгейі жоғары және өз ауқаты өзіне жететіндей дәулетті болуы тиіс. Сонда шетел­дік инвестиция жергілікті эконо­миканы өзіне тәуелді етпей, тек жүйеге кірпіш болып үйлесімді қаланады.

Осы орайда, Ұлттық банк доктор Наджиа Сакиб (Najia Saqib), Мариам Маснун (Maryam Masnoon) және Набил Рафиктің (Nabeel Rafique) Пәкістанның экономикалық өсіміне қатысты ауқымды зерттеуіне жүгіне оты­рып, ТШИ белгілі бір уақытта эко­номикалық өсімге кері ықпа­лын тигізе бастайтыны, ал ішкі ин­вестициялар, керісінше әрда­йым оң әсер ететіні туралы түйін түйеді.

Мәселен, ҚХР ұзақ жылдан бері Пәкістанда кең ауқымды ин­вес­тициялық қызметін жүзеге асы­рып жатыр. Бұл мұсылман мем­лекеті 2013 жылы «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бастамасы жария­лан­ғаннан көп бұрын Қытай инвес­тициясының басымдықты бағыты ретінде белгіленді. Осы кезеңде «Қытай-Пәкістан эконо­ми­калық дәлізін» (ҚПЭД) салу шешімі қа­был­данды. 2010 жылғы желтоқсанда ҚХР премьері Вэнь Цзябаоның мемлекеттік сапары аясында 30 млрд инвестиция сал­ған. Қытай төрағасы Си Цзинь­пиннің 2015 жылғы сәуірдегі са­пары аясында 46 млрд доллар тұра­тын, бұрын-соң­ды болмаған инвесткелісімдер топтамасы бекі­тілді. Қытай осы елдегі 200 нысан­ның инвесторына айналды. Мы­салы, Карачи ауда­нындағы Хуалун атом электр стан­сасына 6,5 млрд доллар инвестиция жұмсаған. Пә­кістан тек 17% үлесін енгізе алды. ГЭС, көмір электр стансалары құры­лысына ҚХР 37 млрд доллар қарыз берді.

Осынша мол ТШИ-дің теріс салдары да әшкереленуде. Қытай­дың инвестициялық белсенділігі нәтижесінде жергілікті инвестор­лар өте тиімді әрі перспективті жобалардан қағылған. Бұдан бө­лек, ҚПЭД аумағындағы еркін экономикалық аймаққа Пәкістан бизнесінің кіре алмайтыны, Гвадар теңіз айлағына жіберілмейтіні белгілі болған.

Шетелдік ақпарат агенттіктері «ҚХР Пәкістанды дағдарысқа итермеледі» деп жазды. Себебі бұл ел Orange Line тұңғыш метросы және өзге де мегажобаларға алған ауқымды кредиттерін қайтаруға қауқарсыз күйге жеткен. Халықа­ралық валюта қорынан көмек сұ­рауға мәжбүр. Пәкістанның валю­талық резервтерінен тек тақұл-тұқыл қалды. 

Белгілі халықаралық эконо­мист Йоханна Абуи (Yohannes Yilma Aboye) Эфиопияда зерттеу­лер жүргізе келе, ұзақмерзімді кезеңде шетелдік инвестициялар ішкі инвестицияны, яғни отандық бизнесті шектеп, шетке ысыра­тынын анықтаған.


ТШИ тартудан кім ұтады?

Ұлттық банктің аталған эконо­микалық зерттеуін жүргізген же­тек­ші аналитик-маман Мөлдір Самат жатжұрттық инвесторларды негізінен нарықтар мен ресурс­тарға қол жеткізу ғана қызықты­рады дейді.

– Бірінші кезекте ТШИ ре­сурсы бай салаларға бағытталады. Қазақстанда бұл – өнеркәсіп, соның ішінде мұнай және тау-кен өндіру. Тәуелсіздік алғалы бері барлық тікелей шетелдік инвес­тициялардың 70%-дан астамы дәл осы өнеркәсіпке шоғырланды. Ары қарай сауда мен құрылыс тұр. Барлық секторда ТШИ негізгі капиталды қорландырады. Алайда орта және ұзақмерзімді келешекте ол ішкі инвестициялардың теріс динамикасына соқтырады. Айта­лық, бюджет қаражатын айтпа­ғанда, кәсіптік ғылыми-техника­лық қызмет қазір шетелдік капи­талға басыбайлы тәуелді. Ондағы отандық инвестиция көлемі құл­дырады. Ал ғылыми-техникалық қыз­метке құйылған шетелдік ин­вес­тициялардың 90%-дан астамы тек қана геологиялық барлау мен зерттеуге бағытталады. Бұл «шетел­дік инвесторлардың Қазақ­стандағы басты көздегені – шикі­зат ресурстарына қол жеткізу» деген байламды растайды, – дейді Мөлдір Самат.

2018 жылы елімізге салынған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 15,8% артып, 24 млрд дол­ларға жетті. 2019 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бо­йынша Қазақстанға 12,1 миллиард доллар ТШИ келді. Сөйтіп, алдың­ғы жылғы ұқсас кезеңмен салыс­тырғанда, 3,1% төмендеді.

Қазақстанның ең ірі инвесторы Нидерланд өз инвестициясын 8,6% кемітіп, былтыр 3,4 млрд дол­лармен шектелді. «Үштікке» сон­дай-ақ АҚШ (7 пайызға өсіріп, 2,9 млрд доллар құйды) және Швей­цария (21,6 пайызға – 1,2 мил­лиард­тан 1 миллиардқа кемітті) кі­ріп отыр. «Бестікте» Қытай (21,5 пайызға арттырды, 922,3 млн дол­лар) және Ресей (23,3 пайызға азайтты, 632,5 млн доллар) бар.

Қорыта айтқанда, халықаралық зерттеулер көрсеткендей, шетелдік инвестиция экономиканы қаржы­ландырудың негізгі көзі болмауы тиіс, басты рөлді ішкі инвестиция­лар атқаруы керек. Өз бизнесін көтере алмаған, оны экономикаға тірек болар деңгейге дейін дамыт­паған мемлекет ТШИ тартудан ұтыл­маса, ұтпайды. Ұлттық банк­тің зерттеуінде осындай байыпты байлам жасалған.