«Елдің тұрмыс-тіршілігі төмендеген сайын «аңқау елге арамза молда» көбейе түседі». Көпшілік осылай уайым шегеді. Оған себеп – әлеуметтік желіде лотерея ойнататындардың көбеюі. Қазір Instagram желісіне кірсеңіз, «Он мың теңгеге билет сатып алсаңыз, автокөлік ұтасыз, екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатамыз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Тіпті, осыған дейін 20 көлікті ұтысқа қойғандар да бар. Оған қосымша 7 пәтерді қосыңыз. Баспанасыз жүрген жандар лотереядан үміттеніп, соңғы тиынына билет сатып алуға мәжбүр. Бірақ бәріне бірдей баспана мен көлік бұйыра бере ме? Сонда ұтатын кім, ұтылатын ше?
Бұл не қылған«батпан құйрық»?
Қоғамда әлеуметтік желі арқылы автокөлік пен баспана, түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастыратындар көбейіп тұр. Алаулатып-жалаулатып жүргендердің арасында танымал спортшылар, эстрада әншілері, тіпті әзілкештер де жоқ емес. «Ұйымдастырушылардың» дені танымалдардың тасасында тұрған секілді. Өйткені әнші-әзілкеш, спортшыларға қоңырау соқсаңыз, «ұйымдастырушыларға қоңырау шалыңыз» деп ат-тонын ала қашады. Жуырда ғана пәтерін ұтысқа тігіп, лотерея ойнатқан белгілі журналист қыздардың бірі «жақсы пайда тапқанын, лотереяның ұтымды жоба екенін» айтады. Ал 20 көлікті ұтысқа қойғанның бірі – әнші Нұрлан Еспанов. Ол «Қарақатпен шай» бағдарламасында ұтысты ойнатудағы басты мақсаты – қайырымдылық жасау болғанын айтқан екен.
«Мен алаяқ емеспін. Оның бәрі құр айтылып жатқан бос сөздер. Бұған дейін бір лотерея ойынын өткізген едім. Маған жақсы араласатын інілерімнің бірі келіп: «Нұреке, сіз өнер адамысыз ғой. Сізбен бірге жұмыс істесек қайтеді? Сіз жай ғана жарнамасына түсіп беріңізші» деп өтініш айтқан соң, келісім бердім» дейді.
Аталмыш лотерея жүргізбес бұрын оның ресми құжаттарын толықтай қарап шығып, дұрыс-бұрыстығына көз жеткізген соң ғана келісім бергенге ұқсайды. «Жайдан-жай келісе салмаймын. Өйткені мұндайдың барлығын басымнан өткерген адаммын. Барлық құжатын қарап шығамын. Мен өткізіп жатыр екен деп, алып кете салатын автокөлік емес. Бұл дегеніңіз – автоорталықпен заңдастырылып жасалған дүние. Тек кілтін табыстаймын. Ол автокөліктердің ақшасы толық жиналмай, орталық оларды бермейді» дейді.
Бірнеше пәтерді ұтысқа тігіп, лотерея ойнатқан жігіттердің бірі – Дәулет Мұқаев есімді азамат. Ол баспанамен бірге, бірнеше бағалы жүлделерді де қатар ойнатты. Әуелі ол бір бөлмелі пәтер мен тағы басқа бағалы заттарды ұтысқа қойған еді. Бір билеттің құны – 10 мың теңге. Бас-аяғы 3 200 билет сатылып, одан 32 млн теңге түскен. Бұлардың артықшылығы кәсіпкер ретінде тіркелген және табыс салығын төлеп отырады.
«Сәтті жұлдызға» тіркеліп жүр ме?
Мұны бір жағынан желідегі «жеңіл» бизнес деп атауға да болады. Оңай олжа табудың жолы. Алайда елімізде лотерея саласын реттейтін уәкілетті орган бар. Ол – Мәдениет және спорт министрлігі, оның ішінде спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет. Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанда бір ғана ұйым лотерея өткізуге құқылы. Яғни, 2017 жылдың 10 ақпанында қол қойылған №48 қаулыға сәйкес «Сәтті жұлдыз» АҚ 15 жылға лотерея операторы болып бекітілген. Демек, ел аумағында лотерея өткізуге осы акционерлік қоғамның ғана құқығы бар. Алайда лотерея ойнатып жүрген тұлғалардың арасында оператормен келісімшарт жасасқандар кемде-кем. Қазір қандай да бір бизнес өкілі лотерея билеттерін сатамын десе, онда ол үшін таратушы келісімшартқа қол қоюы керек. Бірақ Instagram желісі арқылы ұтыстар ұйымдастырып жатқан адамдардың кейбірі аталмыш оператормен келісімшартқа отырмаған көрінеді.
2019 жылдың соңында Мәжілісте арнайы жұмыс тобы лотерея бизнесіне қатысты кейбір заңдарға ұсынылып отырған өзгерістерді талқылаған еді. Жұмыс тобын депутат Әлия Сапарова басқарған. Мәжіліс сайтындағы деректерге сүйенсек, заң жобасы төменгі палатаға маусым айында түскен екен. Бұған дейін заңсыз лотерея ойнату ешқандай құқықбұзушылыққа жатпаса, енді заң жобасында әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызу ұсынылып отыр. Әуелі ұтыс ойнатқысы келетін тұлғаларға ескерту жасалады. Одан кейін тағы да заң бұзса, әкімшілік құқықбұзушылық жасау салдарынан алынған кірістер тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – 200, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 750, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкелмек.
Салықтан жалтару мүмкін емес
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отардың айтуынша, кез келген табыс табуға ықтимал тұлғалардың бәрі – салық төлеуге міндетті. «Азаматтық кодекс бойынша ұтыс ойынын өткізгісі келе ме, ол өз құқы. Оған «лицензияң бар ма, жоқ па?» деген шектеу қоя алмаймыз. Ал бірақ тапқан пайдасынан салық төлеуге міндетті. Мәселен, 1 000 теңгеден 100 билет сатты делік. Ол 100 мың пайда тауып отыр. Яғни, 100 мың үшін салық төлеуге тиіс. Бізде камералды бақылау деген бар. Сол арқылы сіздің табыстық есебіңізді қараймыз. Әлеуметтік желіде лотерея ойнатқандардың көпшілігі күз мезгілінде өткізді. Олар биыл ақпан айына дейін салық төлеуі тиіс. Салық төлемеген жағдайда салықтық есебін қараймыз. Сол арқылы хабарлама жібереміз. Ешкім тапқан табысынан жалтара алмайды. Қазір барлығы ашық жарияланып отырады. Тіпті, әлеуметтік желінің өзінде «пәлен билет сатылды, түген билет сатылды» деп ашық жарнамалап отырады. Ол шынымен 100 билет сатты ма, әлде 200 билет сатты ма, өзі дәлелдейді. Сондықтан кез келген азамат тапқан табысынан салық төлеуге міндетті» дейді.
Демек, лотерея ойнатқысы келетін, не болмаса оңай олжаға кенелгісі келетіндер де салықтан жалтара алмайды. Оны бақылау тетіктері елімізде нақты жүйеге қойылған.
Лотерея ойнату – харам
«Лотерея ойнату құмарға жатады» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров. «Құмар – кездейсоқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылуды білдіреді. Шариғатымызда құмар ойындарға қатаң түрде тыйым салынған. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Олар [адамдар] сенен (уа, Пайғамбар) арақ пен құмар туралы сұрайды. «Ол екеуінде үлкен күнә және адамдар үшін кейбір пайдалар бар. Алайда пайдасынан күнәсі көп» деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят).
Аяттағы «мәйсир» сөзі құмар деген мағынаны білдіреді. Яғни, біреудің ұзақ уақыт бойы еңбектеніп тапқан ақшасын құмар ойыны арқылы оп-оңай, жеңіл жолмен алғандықтан «мәйсир» деп аталған.
Құмар ойынына карта, нарда, ойын автоматтары, рулетка, лотерея, букмекерлік кеңсе т.б. жатады. Кең таралғаны – лотерея. Оның бірнеше түрі бар. Негізгілері мыналар:
1. Сандық лотерея: белгілі бір мөлшерде сандар басылған билет ретінде сатылады. Кездейсоқ таңдалатын сандар арқылы жеңімпаз анықталады. Бұл құмар ойынында қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болып, жүздеген, мыңдаған адам шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушы тарап пайдаға кенеледі. Сол секілді үйді, көлікті, кітапты т.б. заттарды лотерея арқылы ойнатып сату, лотереяның осы түріне жатады.
2. Спорттық лотерея (ойын автоматтары, букмекерлік кеңсе): әртүрлі спорттық жарыстардың нәтижелерін жорамалдап, бәс тігеді. Егер ұтса ставканың мөлшері мен коэффициентіне байланысты ұтысын алады. Ал сәтсіздікке ұшыраса, тіккен ақшасынан айырылады.
Лотереяның кез келген түрі құмарға жататындықтан үкімі үзілді-кесілді харам саналады. Оған қандай ниетпен болса да, тіпті билетін тегін алса да қатысуға болмайды. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бір қауымға бір нәрсені жеуді харам еткен болса, онда оның ақшасын алуды да харам етті» (Бұхари, Муслим), – деген. Себебі құмар адал кәсіп емес, керісінше адамдардың мал-дүниесін арам жолмен алу.
3. Жарнамалық лотерея: бұл тауарларды сатуға ынталандыратын лотерея түрі. Мысалы, дүкендерде, сауда орындарында клиенттерді тарту мақсатында тауарларға жүлделер қойып ойнатады. Ол тауарларға белгілі бір номерлер белгілейді. Кейін оны тұтынушы нарықтағы бағасына немесе одан қымбатқа сатып алып, сыйлыққа қол жеткізуі мүмкін» дейді исламтанушы.
Кейбір ғұламалар бұл ойынға харам деп үкім берген екен. Яғни, ол елді алдау, құмар болып саналады. Саудагерлер арасында бәсекелестік тудырады. Оның соңы бір-бірін балағаттауға әкелуі мүмкін. Ал шариғатта өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды делінген.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінде 2019 жылы 5 желтоқсанда қабылданған пәтуада осы мәселеге байланысты төмендегі үкімдер бекітілді:
1. Кез келген құмар ойыны харам;
2. Сандық және спорттық лотерея құмар ойынына жатады;
3. Жеке мүлікті лотерея арқылы сату харам;
4. Тауарды өткізу мақсатында тігілген сыйлықты мынадай шарттармен ғана алуға рұқсат етіледі:
– Тауардың құны нарықтағы бағадан аспауы керек. Егер ұтыс себепті бағасы көтерілсе құмар саналады;
– Сыйлыққа жету үшін тауар сатып алмауы қажет. Егер затты керек етпей, тек жүлдеге қол жеткізу мақсатында сатып алса, онда ол мал-дүниені бекер шашқан болады;
– Тауар адал әрі пайдалы болуы тиіс;
– Сыйлық қатысушы тараптың берген ақшасынан алынбауы керек;
– Тұтынушыларға қиянат жасалмауы тиіс әрі тауарды өткізуде алдау, алаяқтық болмауы шарт» дейді Ершат Оңғаров.