«Жолаушылар ұшағын Иран қателесіп атып түсіруі мүмкін» – Канаданың премьер-министрі
«Жолаушылар ұшағын Иран қателесіп атып түсіруі мүмкін» – Канаданың премьер-министрі

Тегеранда бірнеше күн бұрын апатқа ұшыраған Украинаның Boeing ұшағын Иран күштері зымыранмен атып түсірген. Канада Премьер-министрі Джастин Трюдо осылай деп мәлімдеді, – деп хабарлайды «Хабар 24».

Дереккөз бұл ақпаратты Ұлыбритания тарапы да растады деп жазады.

Канада премьер-министрі Джастин Трюдо: «Қолда бар мәліметтерге қарағанда, оның ішінде біздің одақтас елдің барлау қызметтерінің ақпараттары да бар. Ұшақ Иранның зымыранымен атып түсірілген. Айғақтар жер-ауа санатына жататын зымыран қолданылғанын көрсетеді», – деді.
Лайнерге зымыран абайсызда тиюі мүмкін деген болжам бар. Канада «оқиғаның анық-қанығына көз жеткізбейінше тынышталмаймыз» деп отыр. Ал Иранның азаматтық авиация ұйымы бұл болжамды «негізсіз» деп жоққа шығаруда.

Тегеранның мәлімдеуінше, әуе көлігі көкте техникалық ақаудан жанып барып жерге құлаған.

Айта кетейік, Тегеранның халықаралық әуежайынан ұшып шыққан 176 жолаушысы бар Украинаның Boeing-737 ұшағы апатқа ұшарып, барлық адам қаза тапқан болатын.