Көк түсті төлқұжатқа бас иді
Көк түсті төлқұжатқа бас иді
126
оқылды

Қазақстанда әлі күнге кеңестік паспортпен жүрген азаматтар көп. Ішкі істер министрлігі 3 мыңнан астам ел тұрғынының алғаш рет қазақстандық құжатты алғанын мәлімдеді. Сарапшылардың түсіндіруінше, КСРО күйреп, республикалар тәуелсіздігін жариялағанда біраз адам тәуелсіз еліміздің төлқұжатын алудан бас тартыпты. Сонымен бірге елден де кетпеген. Ал олардың қолындағы КСРО төлқұжаты енді түкке жарамайды.

Бүгінде ІІМ осындай адамдарды тауып, құқықтық мәртебесін айқындау және құжат­тандыруды көздейтін республикалық акция өткізіп жатыр. Бұл акция былтырғы қазан айында басталды және содан бері 3 мыңнан астам адам Қазақстанның жеке куәлігін алды. Олардың көпшілігі Алматы қаласында (300), Алматы (372), Қарағанды (353), Ақмола (279), Жамбыл (276) және Түркістан (284) облыстарында тұрып жатыр. Елордада 189 адамға құжат берілді. Бұлардың арасында мигранттар да кездеседі. Акцияны 2021 жылдың қаңтарында аяқтау жос­парланған-тын, алайда құжатсыз тұлғалар саны көп­тігі ескеріліп, бұл жұмысты мамырға дейін ұзарту туралы алқалы шешім қабылданды. – Азаматтығы жоқ адамдарды анықтау әлемдік проблема, оны тексеруге және анықтауға көп уақыт кетеді. Осыған қарамастан өткен жылы іске қо­сылған акция мыңдаған адамға құжат алуға кө­мектесті. Алдағы айларда еліміздің тағы бірнеше мың тұрғыны құжаттарын рәсімдей алады, – деді министр Ерлан Тұрғымбаев. Ведомство басшысы аталған акцияның әйелдер үшін маңызы зор екенін атап өтті. Жас қыздардан күйеулері немесе бірге тұратын адамдары құжаттарын тартып алатын жағдайлар да кездесіп жатады. Со­нымен қатар әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді немесе олар еңбек құлдығына түседі. – Егер әйелдер осындай жағдайға тап болса, ол аумақтық көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгіне алады немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлама жібере алады. Полиция қызметкерлері құжаттарды заңды түрде тегін рәсімдеуге көмек­теседі, – деді елдің бас полицейі. Азаматтығы жоқ адамдарды анықтауға және құжаттау рәсіміне қоғамдық және волонтерлік ұйым­дар үлкен көмек көрсетіп жатыр.

Айхан ШӘРІП