Ақылы жолдардан ақша «сауады»
Ақылы жолдардан ақша «сауады»
5,092
оқылды

Биылғы 30 наурызда елдегі біраз жол ақылы болады, онда көліктердің тегін жүруіне тыйым салынады. Осы жолдардың кіреберісі мен шығаберісінде төлем жинау құрылғылары орнатылып жатыр. Бұлардан бюджеттің қанша пайда табатыны белгісіз. Тек қолданыстағы 4 ақылы автожолдан 2021 жылы бюджетке 5,7 миллиард теңге түсім түседі деп жоспарланып отыр.

Индустрия және ин­фра­құ­рылымдық даму ми­нистрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде ке­лесідей ақылы күре жолдар жұмыс істеп жатыр: «Нұр-Сұлтан – Щучинск» (ұзындығы 211 ша­қырым), онда 1,67 млрд теңге жиналған. «Нұр-Сұлтан – Теміртау» (134 км): 1,91 млрд теңге түскен. «Алматы – Қорғас» (295 км): 1,03 млрд теңге әкелген. «Алматы – Қапшағай» (42 км): 1,12 млрд теңге кіріске кенелтіпті. «Бұдан бөлек, биыл бірінші тоқсанның соңына дейін төлем өндіру жүйесі республикалық маңызы бар жолдардың 5,8 мың шақырымына енгізіледі. 2025 жыл­­ға қарай ақылы жолдардың қата­­­рына тағы 5,2 мың шақырым жол қосылады. Осылайша, Қа­­зақ­­стан­дағы ақылы жолдардың ұзын­­­дығы 11,7 мың шақырым бола­ды», – деді министрлік. Осы арқылы мемлекет жол­дарды өзін-өзі ақтайтын, өз шығынын өзі өтейтін дәрежеге жеткізбек. «Демек, бұл автомобиль жол­дарын күтіп-ұстау үшін мем­лекет бюджетінен қаржыландыруға қа­жеттілік болмайды деген сөз. Бұдан бөлек, жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға да сеп болады. Мә­селен, қазірге дейін 1 200 қазақстандық ақылы жолда екі қолға бір күрек тауып отыр», – деді ИИДМ баспасөз қызметі.

Елдос СЕНБАЙ