Жоспарда – алтау, салынған біреу
Жоспарда – алтау, салынған біреу
Ресми дерек бойынша, ел­ордада 57 мың бала балабақша кезегінде тұр. Кейінгі 10 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 39 балабақша салынған. Оның 33-і бюджет есебінен, бесеуі де­меушілер көмегімен, біреуі МЖС келісімімен бой көтерген. Ал 2020 жылы астанада 6 бала­бақша салу жоспарда бол­ғаны­­­мен, тек біреуі салынған. Елордадағы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Шоғанбайдың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында мемле­кеттік-жекешелік әріптестік жоба­лары бойынша келісімшарттарды жасау барысында міндетті төлем мерзімі 2018-2023 жылдары деп көрсетілген. Сондай-ақ мемле­кет­тік жекешелік-серіктестік жоба­лары­ның келісімшартына сәйкес, инвестициялық шығындардың өтем­ақысын төлеу балабақшалар пай­далануға берілгеннен кейін жү­зеге асырылады. 2020  жылы 2018 жылы жоспарланған алты бала­бақшаның біреуінің ғана құрылысы аяқталды. Осыған байланысты ол ережеден «2018 және 2023 жылдары аралығы» деген сөзді алып тастау қажет екенін атап өтті. Одан бөлек, мемлекеттік-же­кешелік әріптестік жобасы аясында бой көтеруі тиіс 4 балабақша құрылысының басталмауына поль­шалық инвестордың өмірден өтуі себеп болуы мүмкін. Мәселенің төркініне қарасақ, бұл болжам ғана. Яғни, Дулат Шоғанбайдың қолында осыған ұқсас мәлімет бар. Жалпы алғанда, 4 балабақша құрылысына халық­аралық инвестор жауапты. Білім басқармасы болса, әкімдіктен рұқсат сұрап, Польшаға хабар­ласқысы келеді. Себебі арада  2 жыл өткен. Ал инвестордан  ешқандай хабар жоқ. Бірде-бір кірпіш қалан­баған. Ал халықаралық инвестор 240 орындық 4 нысан салу керек екен. 2017 жылдан бері үш жыл уақыт өткен. Келісімшарт бойынша 2019 жылы құрылысы бітіп, пай­далануға берілуі тиіс еді. Осы орайда қалалық мәсли­хаттың хатшысы Ерлан Каналимов аталған мәселені  шешудің бірнеше жолын айтты. Оның айтуынша, әкімдікте ха­лық­аралық бөлім бар. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тағы бар. Олардың күші жетпей жатса, Сыртқы істер министрлігіне жүгіну керек. Солар арқылы тағы бір сұра­ныс жіберу қажет. Польшадағы ел­шілікке де мәселенің мән-жайын хабарлау керек. Ал егер инвес­тор­дың қайтыс болғаны анықталса, жо­баны іске асыратын ізбасарлары қалмаса,  жобаларды басқа инвес­торларға беру керек. Балабақша жайын жиі талқы­лағанымызбен, жағдай – осы. Жауаптылар 2-3 жыл бойы инвес­тор­лардан хабар ала алмаған. Сон­да бұл мәселе неге ертерек қозғал­маған? 2-3 жыл бойы құрылыс алаңына кірпіш қаланбағаны күмән тудырмаған ба?..

 Айбике ЖАНАСЫЛ