Франция құрамасын жаттықтыруға басты үміткер
Франция құрамасын жаттықтыруға басты үміткер
5,108
оқылды

Испаниялық «Реал» командасының бас бапкері Зинедин Зидан Францияның футбол құрамасын жаттықтыруы мүмкін. Бұл туралы L'Equipe басылымы жазды.

Қазіргі бапкер Дидье Дешам­ның ұлттық құрамамен келісім­шарты 2022 жылы аяқталады. Егер ол келісімді жаңартудан бас тартса, Франция футбол федерациясы (ФФФ) Зиданмен келісімшарт жасасуға дайын. – Дешамның мұрагері кім? Біз­дің Зиданмен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Егер Дидье ұлттық құ­раманы жаттықтырудан бас тартса, мен әлі де қызметімде жүрсем, онда әлбетте бұл лауазымда бірінші көргім келетін адам Зидан болар еді, – деді ФФФ басшысы Ноэлле ле Гре. Зидан 48 жаста. 2019 жылы ол «Реал Мадридтің» жаттықтыру­шысы болып тағайындалды. Зиданның испаниялық клубпен келісімшарты 2022 жылдың 30 маусымына дейін жасалған. Ол бұған дейін «корольдік клубты» 2016 жылдан 2018 жылға дейін жаттықтырған. Оның басшы­лығымен «Реал Мадрид» Чем­пиондар лигасын үш рет жеңіп алды. Екі рет Испания чемпионы атанды. 2017 жылдың соңында Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) мен беделді француз журналы France Football Зиданды үздік жаттықтырушы деп таныды. Ойыншы ретінде Зинедин Зидан Чемпиондар лигасының жеңімпазы болды. «Реал» құра­мында Испания чемпионы атанды. 1998 жылы «Алтын допты» иеленді. Зиданмен бірге Франция әлем (1998) және Еуропа (2000) чем­пионы атанды.

Абылайхан ЖҰМАШ