Ashyq жобасы: қорғаушы ма, әлде аңдушы ма?
Ashyq жобасы: қорғаушы ма, әлде аңдушы ма?
111
оқылды

Тарихи жад деген бар, сол үрей адамдардың бойында әлі сақталған. Содан болса керек, Бағдат Мусиннің ведомствосы Ashyq ұялы қосымшасын енгізгенде қоғамның кейбір өкілінің зәресі ұшты.

Талас тудырған төрт мәртебе

Биыл жыл басында ел Үкіметі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Ashyq қо­­сымшасын іске қосты. Оны Б.Мусин бас­­­­қаратын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі А.Цойдың Денсаулық сақтау министр­­лігімен бірлесе отырып, пысықтапты. Рес­­­­­­ми жарияланған мақсат біреу: пан­­демия кезеңінде қоғамдық орындарды қауіп­сіздендіру, сондай орындарға үйінде ка­рантинде отыруы тиіс сырқаттарды, сон­дай-ақ уақытша оқшауланған адам­дарды жібермеу. Цифрлық даму министрлігі бұл қа­­­дамға бизнесмендердің мүддесін қорғау үшін барып отырғанын жасырмайды. «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының бизнес нысандарына қызметін жал­­­ғастыруға мүмкіндік беру жөніндегі өті­нішіне орай осы қадамға барыпты. Қо­­сымшаны «Атамекен» тапсырысымен отандық ІТ компания жасады. Себебі карантинге байланысты елі­мізде spa-орталық, фитнес клуб, кино­театр, сауна секілді кәсіпкерлік нысан­­­дарының жұмысы шектелді. Ashyq мо­биль­­ді қосымшасын енгізудің пилоттық жобасы дәл осы салаларда бастау алды. Яғни, массажға, физиотерапиялық-кос­мети­калық процедураларға, тәнді шынық­тыруға, бойды босаңсытып, тынығуға осы орталықтарға барғысы келетін барлық адам аталған қосымшаны өз смартфонына жүктеп алуы шарт. Осыдан кейін «Ашық» бағдарламасы азаматтарды төрт топқа бөледі, әр топтың өз түсі бар. Түсіне қарай мәртебесі та­ғайын­далады. «Осы орындарға бару үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, кіреберісте көр­­сетуіңіз қажет. Ұялы қосымша қызыл, сары, көк, жасыл мәртебелерге бөліп, тәуекел дә­­режесін айқындайды. «Қызыл мәртебе» азаматтың қозғалысы шек­­телгенін, оның амбулаториялық бақы­­лауда екенін, үйде оқшауланудың қатаң режимін сақтауы тиіс екенін білдіреді. Сары – қозғалысты ішінара шектеу деген сөз: ол адам ПТР деректер қорында ко­ронавирус ин­фек­циясымен байланыста болған деп бел­­­гіленген. Демек, ол үйінде оқшаулану режимін сақтауы тиіс. Оған тұрғылықты жерінен 500 метрден аспай­тын аумақтағы азық-түлік, шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқ­сат», – деді ми­нистрлік. Көк түсті мәртебе иеленгендердің қоз­ғалысына шектеу жоқ. Тек оларға әуежайға барып, ұшаққа отырарда ПТР-тесттен өту міндетті болмақ. Жасыл мәр­тебе – барлық жерде жол ашық дегенді аңғартады. Бұл азаматтар деректер қорында «ПТР-тес­­тілеуден өткен және COVID-19-дың теріс нәтижесі бар адам» ретінде көр­сетілген. Мәртебені ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы және Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығы береді. Принцип – қарапайым: қызыл және сары мәртебесі бар адамдар вирус тара­тушы саналады, олар спа, бассейн, фит­нес-залдарға кіргізілмеуі керек. Осыдан-ақ оның халықтың қамын ойлаудан туған өнім екені байқалады. «Бұл – бизнеске өз қызметін жалғастыруға және режимді сақтамайтын сыр­қат­тардың келушілерге қауіп төндір­­меуіне мүмкіндік береді», – деді Цифр­лық даму министрлігі. Ал егер адамда ұялы телефон болмаса, не смартфонын ұмыт қалдырса не болады? «Ашық» бағдарламасы мұны да ескереді: ондай жағдайда азамат жеке куәлігін көрсетуі қажет. Кіреберісте тұрған қыз­меткер қосымшаға клиенттің ЖСН-ін теру немесе жеке куәліктегі штрих-кодты сканерлеу арқылы оның мәртебесін өзі тексере алады. Бағдат Мусин ведомствосының жос­парлары ғаламат болатын: қаңтар айы­ның соңында министрлік Ashyq тек пи­лоттық жо­бамен шектелмейтінін, алда оны бар­лық қоғамдық орынға – сауда ойын-сауық орталықтарына, дүкендерге, мейрамхана-дәмханаларға, вокзалдарға, әуежайларға және басқасына кіру үшін бүкіл Қазақстан аумағында енгізу мүмкіндігі қарасты­­рылып жатқанын жеткізді.

Әлеумет бұл жобаға қарсы ма?

Бір қарағанда, бұл қосымша тек КВИ жұқтырғандарды, соның ішінде оқ­шаулану режиміне пысқырмайтын әлеу­меттік жауапсыз тұлғалар мен ковид-дис­­си­денттерді алаңдатуы, ал ауырып өлгісі келмейтін өзге адамның бәрінен тек қолдау табуы тиіс еді. Бірақ олай болмады. Қоғам белсенділері де, әлеуметтік желі­ні пайдаланушылар да оған үдере қарсы шықты. Ashyq жобасы геолокация арқылы қазақстандықтардың соңынан індетіп, аңди­­­ды» деп түсінді. Әлеуметтік желіде қызу пікірталас қазандай бұрқ-сарқ қайнады. –Қазақстанда коронавируспен күресті сылтауратып, Ashyq пен QR-кодтың енгізілуі қоғамда көптеген сұрақ туғызды. Менің ойымша, қос министрлік осы ар­қылы азаматтарды кемсітіп, денсаулық жағдайына қарай дискриминациялап отыр. Ал ел Конституциясының 14-ба­­бында адамдарды кемсітуге тыйым салын­ған. Министрлер Ата Заңды оқымайтын болса керек. Бұған қоса, мұндай істер Қылмыстық кодекстің «Адамның және азаматтың тең құқықтылығын бұзу» деп аталатын 145-бабымен қудаланады. Тағы бір жайт, ПТР-тест нәтижесі 3 күнге жа­райды. Егер адам мәртебесін өзгерткісі кел­­­­­се, 3 күн сайын тест тапсыруға мәжбүр болады. Тестілеуден өту – қымбат. Бұдан елдің тұрмысы төмендейді ғой, – дейді азаматтық белсенді Елена Воронцова. Ақпан айының басында елордадағы «Министрліктер үйі» кешенінде орналас­­қан Денсаулық сақтау министрлігі ал­дында түрлі-түсті киім киген бір топ адам наразылық акциясын өткізді. Өздерімен асүй жабдықтарын ала барған олар қазан-кәстрөлді даңғырлатып, министр Алексей Цойдың шығуын талап етті. Цой мырза шерушілер алдына шықпады: ДСМ бұл жобаны Цифрлық даму министрлігі іл­герілетіп жатқанына нұсқады. Наразылармен Цифрлық даму, инно­­­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігінің баспасөз хатшысы Мақсат Төлегенов қана кездесті. Ол «Ашық» қосым­­­­шасы да, QR-кодтар да бизнес өкіл­­­деріне арналғанын және оның ерікті сипатта болатынын түсіндіруге тырысты. –Аталған қосымшаның вакцина­­­­­­­ция­­­­лауға еш қатысы жоқ. Оны енгізу биз­­­­­неске шектеу шаралары және КВИ таралуы ке­­зінде жұмысын жалғастыра беруге мүмкіндік берер еді. Бүгінде бар­лық адам са­налылық таныта бермейді, сондай-ақ симп­­­­томсыз ауыратындар көп. Оларды кіреберісте жай қызуын өлшеу арқылы анықтай алмайды. Мына қо­­­сымша арқа­­­­­сында аталған бизнес нысан­­дар иелері келу­шілердің мәртебесін қада­ғалар еді. ПТР-тесті оң болып шыққан­дарды ішке енгізбес еді. Ондай адамдар қоғамдық орын­­­дарды аралап жүрмеуі, емделгенше оқшауланып отыруы керек, – дейді М.Төлегенов.

Адамдардың жүріс-тұрысын аңдымайды

Қалай болғанда да, ақпан айында қос министрлік те екпін-тегеурінінен айыры­лып қалды. Б.Мусиннің ведомствосы Ashyq қосымшасын міндетті шара емес деп жариялады. Нәтижесінде, қазір елор­даның өзінде спа-лар клиенттерінен осы қосым­шаны жүктеуін сұрамайды. «Кейбір әлеуметтік желі қолда­­ну­­шы­лары бұл қосымша қазақстан­­­дық­тардың конституциялық құқығын бұзады деген алаңдаушылық білдірді. Бұрма­лау­шы­лықты болдырмау үшін мынаны атап өте­міз: бұл қосымша міндетті шара емес. Биз­­­нес те, азаматтар да қосымшаны пайда­лануға мәжбүр етілмейді. Кейбір интернет қолда­нушылар айтып жүргендей, Ashyq адамның дүкенге, дәріханаға ба­­­­руына, аулада не саябақта серуендеуіне тоқтау сала алмай­ды», – деді Цифрлық даму министрлігі. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық ба­қылау комитеті Ashyq жобасына бассейн, сауна, SPA-салондар мен фитнес-ор­­талықтар секілді кәсіпкерлік нысандары қатысып жатқанына назар аудартты. «Осы пилоттық жобаға қатысушы жеке кәсіпкер өз кәсіпорнының ішкі ере­­желеріне түзету енгізіп, онда келу­­шілердің Ashyq ұялы қосымшасын пайдалануын – міндетті талап ретінде бекітуі керек. Яғни, ішке кіруі үшін дресс-код немесе або­немент қатарлы Ashyq қосымшасында тіркелуі де міндетті болады. Бүгінде пи­лоттық режимде Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында әзірге 40-тай кәсіпкерлік объектісі ғана Ashyq жоба­сының ерікті қатысушысы болып есеп­теледі», – деді ДСМ комитеті. Негізі, мұндай жоба – Қазақстанның ойлап тапқан ноу-хауы емес. Әлемде оны алғаш болып Оңтүстік Корея мен Қытай ендірді. Ұқсас бақылау құралдары Ма­лайзия, Түркия, Грекия, Кипр және басқа да елде табысты қолданылады. Озық да­мыған демократиялық державаларда да осындай тәжірибе қолданылуда. Мысалы, Франция, Италия және Германии SARS-CoV-2 вирусын жұқтыру тізбегін қа­­дағалауға арналған қосымшаны 2020 жыл­ғы жазда іске қосты. Мысалы, ҚХР қосымшасы оны пай­даланушылардың барлық қозғалысын толығымен әрі жіті бақылауда ұстайды, жиналған деректерді бақылаушы ор­­гандарға жолдайды. Егер адамның бағдар-маршрутында өзгеріс бола қалса, дереу дабыл қағады. Қазақстандық қосымша негізінен өзін пайдаланушылардың жүріс-тұрысын аңдымайды, ол тек азаматтың денсаулығын – сырқат не сырқат емесін айқындайды. Бұл тұрғыдан алғанда, ол біршама арт­та қалған саналады. Айталық, Гер­ма­ния­ның Corona-Warn-App қосым­­ша­сының өзі жасанды зердемен тізе қоса оты­­рып, ко­ронавирус жұқтырған адамның қасына қандай адам жақындағанын қа­шықтан әш­­­керелей алады. Бұл үшін азаматтардың ұялы телефонынан шы­­­ғатын сигналды саралайды. Сарапшылар Ashyq жобасының елді аңдуға құрылмағанына сенімді. Сонымен бірге небәрі 40 шақты кәсіпкер ғана пай­­даланатын жобаға мемлекеттің қанша шығын шығарғаны белгісіз қалып отыр. Қоғамды осы жайт көбірек алаңдатса, жөн сияқты.

Елдос СЕНБАЙ