Сауатсыздық – кедейлікке бастама

Сауатсыздық – кедейлікке бастама

Дүниежүзілік банктің былтыр шілде айында жариялаған Қазақстан туралы есебінде «пандемия кезіндегі білім теңсіздігі елдегі адам капиталының дамуына кесірін тигізеді» деп жазылған. Яғни, қазір дұрыс оқуға мүмкіндігі болмаған балалар ертең есейгенде табысының біраз бөлігінен айы­рылуы ықтимал. Сарапшылар індеттің білім саласындағы сал­дары экономикаға да әсер етіп, ондаған жылдар бойы сезілетінін айтады.

Экономикалық соққы – айс­бергтің ұшы ғана дейді мамандар. Мұның сыртында адам капи­талына тиген залалы бар. Қа­шық­тан оқы­туға көшкен жерлерде білім беру деңгейі бірден тө­мендеген. Әсіресе, кедей отба­сының бала­ларына қиын тиген. Не компью­терге, не интернетке жарымаған балалардың білімі нашарлай түскен. Ұзақ­мер­зімді болашақ тұрғысынан қа­расақ, білім теңсіздігі болашақта та­быс­тың да теңсіздігіне әкеп соға­ды екен. Өйткені коронавирус ке­сі­рінен оқушылар орта есеппен бір жылда білімінің 30-50 пайы­зынан айырылуы мүмкін. Салыс­тырсақ, жазғы демалыс оқу жы­лының 0,25 пайызына пара-пар. Ресми дерекке сүйенсек, 2019 жылы Қазақстан мектептерінде 11 оқушыға 1 компьютерден келген екен. Тәжікстанда бұл көрсеткіш 19-ға тең, көршілес Өзбекстанда бір компьютерге 33 оқушы «та­ласады». Қырғыз Респуб­лика­сында 2018 жылғы мәліметтер бойынша отбысылардың тек 27 пайызына компьютер немесе планшет бұйырған. Мұн­дай теңсіздік жар­лы-жақыбай ел­дерде ерекше қатты байқалады. Сахараның оңтүсті­гіндегі Африка мемле­кеттерінде  оқушылардың 89 пайызында компью­­­тер жоқ, 82 пайызы ин­тер­нет­ке мүлдем қо­сыла алмайды. Негізі, білім берудегі теңсіздік мәселесі бұрын да көтерілген. Бі­рақ онлайн сабақтар, мұғалімдер мен оқушылардың цифрлы сауа­тының төмендігі бұл тақы­рыпқа жаңа қырынан қарауға итер­ме­лейді. Дүниежүзілік банк­тің ба­ғалауынша, аз қамтылған және алыс аудандардағы оқушылар қауіп­ті жағдайда қалып отыр. Осы орайда PaperLab қоғамдық қоры­ның зерттеушілер тобы Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбек­­стан, Тәжікстан үкіметтерінің қабылдап жатқан шараларының тиімділігі мен рөлін бағалайтын трансше­каралық жобаны бас­таған. – Біз қазір осы тақырыпқа бай­ланысты зерттеу жасап жа­тыр­мыз. Жалпы, білім алудағы тең­сіздік кейінгі әлеуметтік-эконо­микалық теңсіздіктің бірден-бір алғышарты екенін ғалымдар дәлелдеген. Елдегі балалардың білім алуға мүмкіндігі азайған сайын олардың жұмысқа орналасып, ақша табу мүмкіндігі де азаяды. Мысалы, халықарылық PISA нәтижесі бойынша, Қазақ­стан оқушылары Эконо­микалық ынты­мақтастық және даму ұйымы ел­дері­мен салыстырғанда 2 жыл артта қалған. Ал өз ішімізде ауыл мен қала арасындағы функ­цио­налдық білім деңгейінің айыр­машылығы одан да жоғары. Яғни, білім теңсіздігі – өте өзекті мәселе. Тіпті, мектептегі дәретхананың іште немесе сыртта орналасуы да ба­ла­лардың білім алуына тікелей әсер етеді. Егер дәретхана мек­тептің сыртында болса, балалар далаға шық­қысы келмей, күні бойы суды аз ішеді. Суды аз ішкен баланың миына оқу қонбайды, – дейді әлеуметтанушы Серік Бей­сембаев. Ертеректе Еуропа ғалымдары 60 мемлекетте арнайы зерттеу жүр­гізіп, ең бай және ең кедей аза­маттардың білімін салыстырған. Зерттеу нәтижесінде кедей отба­сыдан шыққан 10 баланың біреуі­нің білімі ғана бай баласымен ша­малас екені анықталған. Ата-анасы табысты оқушылар білім жолында көп жетістікке жеткен. Себебі жақ­сы мектептерде оқыған, мықты ЖОО-ларға түскен. Ұлыбританияда әлеуметтік жағдайдың сабақ үлгері­міне әсері 11 пайыз, Норвегия мен Эстонияда 8 пайыз, Францияда 20 пайыз, Германия мен Швейцарияда 16 пайызды көрсеткен. Әрине, айтулы тұлғалардың өмір­баянына көз жүгіртсек, өз кү­ші­мен шыңыраудан шыңға өрлеген түрлі миллионерлерді табуға бо­лады. Керісінше, жегені алдын­да, же­мегені артында, үлде мен бүлдеге оранып өскен балалардың қыл­мыскер, нашақор атанғандары да баршылық. Сингапур, Жапония сияқты «Азия жолбарыстары» ке­дей мен байлардың балаларына сапалы білімді бірдей деңгейде қол­­­жетімді қылған. Онда оқушылар мектепті алыстан іздемей, алғаш табалдырығын аттаған оқу орнын бітіріп шығады. Финляндияда «ең жақсы мектеп – үйге жақын мек­теп» деген сөз бар. Яғни, олар мек­тепті рейтингіне қарай емес, жа­қын­дығына қарай таңдайды. Өйт­кені бәрінің сапасы қарайлас. Ал бізде, керісінше, 3,5 миллиондай оқушының 70 мыңға жуығы ма­мандандырылған мектептерде оқи­ды. Бұл – бүкіл оқушының екі-ақ пайызы. Үкімет арнаулы мек­тептегі балаға жалпы орта мек­тептің оқушысына қарағанда алты есе көп ақша жұмсайды. Ата-аналар да баласын арнаулы мек­тепке түсіру үшін қаржысын ая­майды. Ал жағдайы жоқ оқушы қанша жерден дарынды болса да, қабілетін шыңдай алмай, тасада қалып қояды. Осы тақырыпқа зерттеу жүргізген Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы білім бөлімінің басшысы Андреас Шлейхер «кедейлік адамның тағ­дырына айналмауы керек» деп түйіпті. Алайда экономист Мақсат Халық кедейліктің өзін Үкімет пен халықаралық ұйымдар екі түрлі сипаттайды деп қынжылады. – Дүниежүзілік банктің жаңағы есебі негізінен кедейлікке арнал­ған. Сондағы ақпараттың көбі шын­дыққа жанасады. Қазақстан Үкі­метінің кедейлік шегін анық­таған статистикасы ақиқаттан алыс жа­тыр. Пандемияға дейін біздегі кедейлік деңгейі 4,2 пайыз делі­нетін. Ал Дүниежүзілік банк, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың есептеу әдісі бойынша адам күніне 5,5 доллардан аз қаражат тапса, кедей саналады. Теңгеге шақсақ, бұл – айына 70 мың теңгеге же­теғабыл. Демек, елдегі кедей­лердің үлесі 12 пайыздан асып жығылады. Саясаттанушы Досым Сәтбаев бір сұхбатында «Қазақстанда 1 млн бала кедейлік шегінде өмір сүреді» деген дерек келтіреді. Олар қо­сымша біліктілігін арттыра ал­майды, бойын­­дағы дарын-қабі­леттерін аша алмайды. Ол балалар ертең есей­генде кәсіби қабілет­сіздер санатын толтырады, – дейді сарапшы. Осы бір теңсіздікті коронавирус дағдарысы тереңдетіп жіберді. Пан­демия салдарынан 191 елде мек­тептер жабылған. Дүниежүзі оқу­шыларының тең жартысы компьют­ерсіз, 43 пайызы ин­тернетсіз отыр. Дамыған әлемнің өзі бірталай қиын­дыққа ұшырады. Америкалық 1 247 мұғалім ара­сында жүргізілген сауалнама қоры­тындысына жү­гінсек, олар­дың 69 пайызы қашық­тан оқытуға дайын болмаған. Ұлы­британияда ата-аналар «бос уа­қытымызды бала оқытуға сарп ете­міз» деп шағым­данған соң мек­­­тептер үй жұмысын тапсыруды до­­ғарған. АҚШ-та оқушылардың сабаққа қатыспауы, тапсырма орындамауы көбейген. Әсіресе, арнайы гаджеттермен қамтуға қал­­тасы көтермейтін отба­сыларда мұндай оқиғалар жиі кездесіпті. – Балаларға бірдеңе үйрету үшін онлайн оқытуға мұғалімдер дайын болуы керек. Өзіміздің де баламыз бар, оқушының орнына оқушы, мұғалімнің орнына мұғалім болып кеттік. Ұстаздар онлайн түсіндіргісі келеді-ақ, бірақ ол жүз пайыз жүзеге аспайды. Өзім де оқытушымын. Студенттердің бәрі­мен бірдей кері байланыс жоқ. Қашықтан тыңдап отырғандар бар, тыңдамай отыр­ғандар бар. Оны мен бақылау жұмысын қабыл­да­ғанда анық сез­дім. Тең жартысы дәрісіме құлақ аспаған. Сұрағыма жауап бере алмайды. Тыңдағандар бірден білінеді. Ондай шәкірттер, өкінішке қарай саусақпен санар­лық. Әлбетте, кейін жеке-жеке бақылағанымның арқасында жағ­дай жақсарды. Де­генмен тұтастай алғанда білім саласы оңалмастай зардап шекті,  – дейді Мақсат Халық. Коронавирус егде жастағы үл­кен ғалымдарымызды баудай түсір­ді. Ғылымға бергенінен берері мол, күш-қуаты тасып тұр­ған жастарды да індет жалмап әкетті. Сол ойсы­рап қалған орын толғанша қаншама уақыт керек. Бұл – мемлекетке ора­сан шығын. Тәжірибелі ұс­­таз­­дардың айтуынша, көңілі мен қар­­ны аш адамның санасына білім сәулесін құю – қиямет-қайым шар­уа. Әлеуметтік теңсіздікпен кү­­ресу жұмысы бірыңғай мектеп формасын енгізумен бітпейтінін құзырлы орындар ойласа игі.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ