«Айына 1 200 доллар табамын» – жас аспаз Рамазан Ахмет
«Айына 1 200 доллар табамын» – жас аспаз Рамазан Ахмет
388
оқылды

Бүгінгі жастардың танымы  бөлек. Аға буын ойлағандай олар шен алып, шекпен киюді  мақсат етпейді. Керісінше, бірінші кезекке табысты қояды. Бәлкім, содан да шығар, түрлі салада бақ сынап, табысты болса сол кәсіппен айналысуды өмрлік мұрат ететіндер көп.  Солардың бірі – біздің кейіпкер. Ол  – аспаз. Табысы да мол. 

18 жастағы Рамазан Ахмет – Түркістан қаласының тумасы. Осы кезге дейін ол бірнеше үлкен мейрамхананың бас ас­пазы болып қызмет еткен. Аспаздық өне­рі арқылы Қазақстанды жер жүзіне әй­гілі еткісі келеді. Үйінің кенжесі бол­ға­нына қарамастан, қазір отбасына жақсы жағдай жасап отыр. Жас аспаз ше­телге шығып, халықаралық деңгейде та­нылғысы келеді. Ал оның осыншама жетістікке жетуінің сыры неде? – Әуелі туған өлкеңнен бастасақ. Қай мек­тепте білім алдың? Жалпы, аспаздық өнер­­ге қызығушылығың мектеп қабыр­ғасынан басталған болар. – Түркістан қаласында Бауыржан Мо­мышұлы атындағы №18 орта мектепте білім алдым. 11-сыныпқа көшпей тұрып-ақ аспаздыққа қызыға бастадым. Артынан қала­дағы шағын мерекелерге арнап ас­ханаларда палау, кәуап секілді тағамдарды дайындап жүрдім. Бәрі солай басталған. Содан кейін Алматыға жол тарттым. 60 шақты мейрам­ханаға барып, бас аспаздың көмекшісі ретінде жұмысқа алуын сұра­дым. Бірақ ешбірі жұ­мысқа  алмады. Сосын қаладағы мейрам­хананың біріне даяшы болып тұрдым. Кейін сонда Мансұр деген бас аспаздың көмекшісі болдым. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Зеректігім үшін мені «Рататуй-Рамазан» атады. Көп өтпей бірнеше мейрамханада жұ­мыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Биыл аспаздықпен айналыс­қаныма 3 жыл болды. – Жақында бір кәсіпкер азамат сені өзінің елордадағы мейрамханасына бас аспаз етіп жұмысқа қабылдапты. Енді ас­тана­лықтарға өз тағамыңнан дәм татыр­мақсың. Бұған дейін қайда қызмет етіп едің? – Көптен бері атымды естіп жүрген соң Дәулет есімді кәсіпкер ағамыз Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан ашылайын деп жатқан мейрамханасына бас аспаз етіп шақырды. Келістім. Осы уақытқа дейін Алматы қаласында мейрамханада жұмыс істедім. – Жоғары оқу орнына түстің бе? Аспаз­дықты арнайы оқымаған екенсің. Дегенмен 1 352 тағам түрін жасай аласың. Оқырманға да қызықты болар, оның бәрін қалай үй­реніп жүрсің? – Ешбір оқуға түскенім жоқ. Түсуге ниет болды, бірақ түрлі кедергі шықты. Ас­паздық өнерді жаным қалады. Уақыт жоғалтқым келмеген соң бірден іске кіріс­тім. Ал 1 352 тағамды қалай үйренгеніме келер болсақ, әуелі 10 түрлі асхананың 600-ден астам тағамын үйрендім. Одан кейін өз қиялымнан рецепт шығара бас­тадым. Әрі қарай үздіксіз іздендім. Қазір әрбір авторлық рецептімнің құны шамамен 600-700 мың теңгеге бағаланады. Айта салуға оңай ғой, дегенмен бірталай еңбек пен уақытты қажет етті.

«Әйелдің тірлігін жасап жүрсің» деп келемеждеген жандарға талай ақталдым. Бұл істі жақсы көрсем, демек әлемдік деңгейге жете алатынымды білдім. 17 жасымда бас аспаз болғанымда бұрын сынаған біраз адам ойын өзгертіп, жақсы тілектерін айта бастады. Мамандық адамды жынысқа бөлмеуі керек деп есеп­теймін.

– Қазір жастардың арасында екі қолға бір күрек табылмайтыны, жұмыстың жоқ­тығы жиі айтылады. Оған қатысты не айтар едің? Мүмкін, кейбір жастарға жігер сый­ларсың, айлық табысың қанша? – Жастарға кінә артқым келмейді. Себе­бі мектеп қабырғасында көргенім, кей мұғалімдер сәл тентек, оқуға ниет­сіздеу оқушы болса, оны жігерлендірудің орнына «сен келешекте адам болмайсың, оқуға түсе алмайсың» деп сөгіп жатады. Бар­лығында демеймін, көп мектепте мұндай сөздер айтылатыны рас. Осындай сөздерді естіген оқушыға алдағы өмірі бұлыңғыр болып кетеді. Сосын небір қылмысқа бара­ды. Әрекет еткісі келмейді. Мейлі, мық­ты маман болмай-ақ қой, бірақ жастарды жақсы адам болуға бағыттаса жетеді деп ойлаймын. Көпке күйе жаққым келмейді. Бірақ бір шындық бар. Мектепте кейбір ер мұғалімдердің өзі жастарды қылмысқа итермелеп, жемқор­лыққа тартқанын көз­бен көрдік. Айлық табысыма келсем, қазір жаңа мейрам­ханаға ауысып жатырмын. Әлі ісіміз бір ізге түскен жоқ. Сол себепті жала­қым беймәлім. Негізі, осы кезге дейін ай сайын 1 000-1 200 АҚШ долларын тауып кел­дім. Соның арқасында отбасымды Алматыға көшіріп алдым. Жалпы, 19 жасқа толғанша алдыма «айына 1,5 млн теңге табамын» деген мақсат қойғанмын. – Аспаздық тек әйелдерге тән іс секілді кө­рініп жатады ғой. Әуелде саған да жа­ғымсыз пікір айтқандар болды ма? – Басында көп адам қарсы болды. Кейбірі тіптен мысқылдап, күлкіге айналдырып жатты. «Әйелдің тірлігін жасап жүрсің» деп келемеждеген жандарға талай ақталдым. Бұл істі жақсы көрсем, демек әлемдік деңгейге жете алатынымды білдім. 17 жасымда бас аспаз болғанымда бұрын сынаған біраз адам ойын өзгертіп, жақсы тілектерін айта бастады. Мамандық адамды жынысқа бөлмеуі керек деп есептеймін. – Өзің жассың, дегенмен шәкірттерің бар ма? – Қазір оннан астам шәкіртім бар. Көбі таңғалып жатады. Бірақ рас. Шәкірт­терімнің алды бүгінде үлкен мейрам­ханаларда бас аспаз болып жұмыс істейді. Үйреткенің біреудің кәдесіне жарап жатса, шәкірт тәрбиелеуден қысылудың қажеті жоқ. – Отбасыңда өзің секілді аспаздар бар ма? Жақындарың қай салада қызмет етеді? – Төрт ағам бар. Бауырларымның бәрі тағам өнеріне қызықпаған. Бірі ұстаз, бірі жиһаз жасау кәсібімен айналысады. Анам сұлулық салонында жұмыс істейді. – Келешекте ерекше аспаздық қабілеті үшін берілетін Мишлен сыйлығын алғың келеді екен. Одан да басқа жоспарларың бар ма? – Мишлен сыйлығын алғым ке­летінін жасырмаймын. Әлі күнге дейін қазақ ұлтынан бұл сыйлықты алған Мишлен жұл­дызы жоқ. Мен осы сыйлықты ең бірінші алған қазақ ретінде тарихта қалғым келеді. Сол үшін әрекет жасап жатырмын. Бірақ мол білімді де қажет етеді. Ол үшін шетелге барып, мол тәжірибе жинауым тиіс. Демеуші де керек. Қазіргі амалым – жаңа заман талабына сай қазақтың ұлттық асханасын жетілдіру. Қымыраннан соус жасағаным – соның бастапқы талпынысы болатын. Сушиді қазақи нақышта жаса­дым. Ет қосып, қазақи астауға салып ұсындым. Яғни, қазақтың тағамдарынан заманауи рецепт шығармақ ниеттемін. Егер осы мақсатым орындалса, сенімді айта аламын, қазақ асханасының мәзірі жер жүзіндегі таңдаулы мәзірлерге айна­лар еді.

Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ