Әскерде жүрген дүнгендер әлімжеттік көрді ме?

Әскерде жүрген дүнгендер әлімжеттік көрді ме?

Қордай қақтығысы талай түйткілді су бетіне қалқып шығарғаны жасырын емес. Әсіресе, дүнген азаматтардың Отан алдындағы әскери борышын өтемейтіні көпшіліктің шағымы мен түсінбеушілігін тудырды. Осыған орай былтыр бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып,  нәтижесінде  2019 жылы 27 дүнген  әскерге аттанса, 2020 жылы олардың саны 38-ге жетіп, 30 пайызға артты. Осы ретте еліміздің әскери бөлімдерінде сап түзеген дүнген сарбаздарға іздеу салған едік. Басты сауал – дүнгендер әлімжеттік көріп жүр ме?   

Қордай ауданы Сортөбе ауы­лы­ның тұрғыны Фатик Харсанның ұлы Алим Харсан әскерге өткен жылы аттанған. Әкесі баласының Отан алдындағы борышын өтеуге ерікті түрде барғанын айтады. – Ұлым 1999 жылы дүниеге кел­ген. Әскерге ерікті түрде ат­танды. Қордай қақтығысына дейін де балам әскерге баратынын айтып жүрген. Мектеп бітіргеннен кейін арнаулы орта оқу орнында оқып, одан кейін Қытай мемлекетінде де тіл үйреніп келді. Ауылға қайта оралғаннан кейін отбасымызбен келісе отырып, әскерге жібердік. Үш ұлым бар. Солардың арасында бірінші болып Алимім әскерге барып отыр. Қазір Петропавл қаласындағы «Ұлттық ұланның» сарбаздарының  қата­рын­­да. Алим – отбасымның мақ­танышы. Біздің кезімізде дүнген­дерді әскерге алмады. Егер алған­да, мен де міндетті түрде Отан алдындағы борышымды өтер едім, – дейді Фатик. Ал Алимнің өзі әскердегі жағ­дайы жақсы екенін айтады. – «Ұлттық ұлан» мені  жылы қа­былдады. Әлімжеттік деген дүниені атымен де, затымен де көр­ген жоқпыз. Керісінше, көп­теген дос таптым.  Бұрын қазақ тіліне шорқақтау болсам, қазір қазақ достарымнан көп нәрсені үйреніп жүрмін. 1 жыл көзді ашып-жұмғанша жылдам өтіп жатыр. Әскердегі мерзімім аяқтал­ғаннан кейін туған елім Қазақстан үшін қызмет еткім келеді, – дейді Алим. Леджер Сыровтың ұлы Мохам­мед Сыров болса, Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеуде. – Ұлым Шахтинск қаласын­дағы «Ұлттық ұлан» қатарына был­тыр қосылды. 3 айдан кейін әскери мерзімі бітеді. Бірақ ұлыма сонда қалып, келісімшарт бойын­ша әскери қызметін жалғастыруды ұсындым. Себебі баламмен күнде­лікті сөйлесіп, ондағы жағдай мен әскери тәртіпке көңілім толып отыр. Ендігі мәселе – ұлымның таңдауында. Мохаммедтен бөлек, ауылдың тағы 5 баласы аталған әскери бө­лім­де борышын өтеуде. Барлығы да жағдайлары жақсы екенін айта­ды. Әттең, Мохаммедім үш ұлым­ның ішіндегі кенжесі болып тұр. Әйтпесе, барлық баламды әскерге жіберер едім, – дейді Леджер Сыров. Мохаммедтің  өзі болса, әскери бөлімде ешқандай қысым көрме­генін айтады. – Келген күннен бізге жақсы қарады. Әлімжеттік сияқты қоқан-лоқыны мүлде көрмедім. Барлық жерде бейнебақылау камералары тұр. Тамақтануымыз да, жатын орнымыз да жоғары деңгейде ұйым­­дастырылған. Жаңа дос­тарым­мен бірге қазақ тілін үй­реніп, оларға дүнген тілін үй­ретудемін. Осылайша, бір үйдің баласындай тату-тәтті әскери борышымызды өтеудеміз, – дейді Мохаммед. Жасыратыны жоқ, Қордай қақ­тығысынан кейін ата-ана бала­ларын әскер түгілі қазақ мектебіне беруге қорқып қалған болатын. Алайда қазір  ауылдан әскерге а­т­тан­ған 50-ден аса дүнген жігіттер­дің жағдайы жақсы екенін әке-шешесі  айтып отыр. Бұл, әрине жан­ға жылу береді. Бірі – Петро­павлда, бірі Қарағанды облысында жүрген Алим мен Мохаммедтің қазақ және өзге де ұлттың сарбаз­дары­мен бірге түскен суреттерін көріп, мұнда әскери тәртіп пен бірліктің сал­танат құрғанына біздің де  көзіміз жетті. Лайым, татулығы­мызға сызат түспесін деп тілейміз!

Саятхан САТЫЛҒАН. Жамбыл облысы