Үш ауысымда оқытудың жыры бітер емес

Үш ауысымда оқытудың жыры бітер емес

Ақмолада әлі күнге мектеп мәселесінің түйіні тарқамай тұр. Бірқатар ауылда әлі күнге  дейін үш ауысымда оқытуға мәжбүр. Өйткені орын жетпейтін немесе апаттық жағдайдағы мектептердің орнына жаңа мектеп салу мәселесі шешілмеген. Облыс әкімімен кездесу кезінде аталған мәселе тағы кө­терілді. Бірақ өзекті жағдайдың түйіні тарқатылатын уақыттың ауылы әлі алыста сияқты. Әкім апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін біртіндеп қана шешуді жүзеге асырмақ. Ол үшін биыл төрт жалпы білім бере­тін мектеп пен екі қосымша мектеп құрылысын салуды аяқтау жоспарланған.

Өткен жылы талайдан бері то­зығы жетіп, құлағалы тұрған Жар­қайың ауданындағы Кру­пское ауылындағы апатты мек­тепке күр­делі жөндеу жүргізілген. Ал қал­ған екі мектептің құрылысы жаңа білім ордасын салғанда ғана ба­рып шешімін таппақ. Біржан сал ауданындағы Бұланды ауылын­дағы балалар бірнеше жыл­дан бері 12 шақырым қашық­тықтағы Макинск ауылына қаты­нап оқуға мәжбүр. Қыстың қыты­мыр аязы мен жауын-шашынында жолдың нашарлығынан ауыл ба­ла­лары әбден қиналады. Ал ауыл­дағы апатты жағдайдағы мектеп қабырғалары қақырап, терезелері сынып, ғимарат қаңы­рап бос қал­ған. Жаңа мектеп са­лу­ға 2019 жылы тапсырыс беріл­генімен, әлі күн­ге қазығы да қа­ғыл­маған. Өткен жылы басталуы тиіс бол­ғанымен, жобалық-сметалық құжат­тамаларында жөн­сіздік­тер­дің салдарынан құрылыс бастал­маған. – Бізде мектеп құрылысын салуға қыруар қаражат бөлінді. Қыстыгүні қалың қардан көп жағ­дайда жолдарымызды қар басып, қарға адым аяңдау мұңға айналады. Тіпті, сыртқы әлеммен мүлде байланыссыз қалатын кез­деріміз аз болмайды. Ауылда мектеп мұға­лім­дері өте мықты. Бірақ жаңа мектеп салу мәселесі әлі шешімін табар емес. Былтыр бітіреміз деп уәде еткен. Бірақ әлі де жобасы аяқ­талмапты. Бала­ларымызды көрші ауылдың мек­тебіне апару өте қиын. Өйткені Бұланды мен Макинск ара­лығындағы авто­магистральды трассасында жол апаты жиі бо­лады. Мәселенің тезірек ше­шілуін қалаймыз, – дейді Бұлан­ды ауылының тұр­ғындары. Ал есептік кездесуде аталған мәселеге тоқталған өңір басшы­сының айтуынша, бұл мектептер­дің құрылысы биыл да бітпейтін түрі бар. «Біржан сал ауданындағы Бұ­ланды орта мектебінің апатты жағдайда болуына байланысты жаңа мектеп құрылысының жо­ба­­сы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Фурманов орта мектебінің де құрылысына жобалық-смета­лық құжаттама жасау әзірленуде. Үш ауысымды мектептер мәселе­сін шешу үшін Целиноград ауда­нында Қоянды, Қажымұқан, Қара­меңді ауылдарында 1 620 орын және Көкшетау қаласында №6 және №13 орта мектептердің жа­нынан 720 орындық ғимарат­тардың құрылысы салынып жа­тыр. Қосшы, Раздольное ауыл­дары мен Аршалы ауданының Жібек жолы және Жалтыркөл ауыл­дарында 1 880 орындық 4 мек­тептің құрылысы жүреді. Ал 960 орынға арналған Көкшетау қала­сындағы №1 және №4 орта мек­теп­теріндегі 2 қосымша оқу ғи­марат­тарының құрылысы аяқ­тал­ды, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев. Өңір басшысының айтуынша, апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу үшін ақмола­лықтар әлі 2 жыл күтуі керек. Ал облыста білім берудегі аталған мәселені шешуге қомақ­ты қаражат та бөлініпті. Облыста тек былтырдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларымен 10 млрд теңге бөлініп, 147 білім ордасына түрлі деңгейдегі жөндеу жүргізілген. Дегенмен бұл қаражат об­лыстағы үш ауысымды оқыту және апатты жағдайдағы мектеп­тер мәселесін шешуге жетпей қалыпты...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы