Сыйақысы көп, субсидиясы жоқ
Сыйақысы көп, субсидиясы жоқ
5,121
оқылды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ауыл шаруашылығы вице-министріне 3 миллион теңге сыйақы мен демалысақы төленгені туралы блогерлер жариялаған мәлімет әлеуметтік желілерде дүмпу туғызды. Бұған Azattyq Rýhy агенттігі зерттеу жүр­гізген.

Youtube-те ведомствоның ішкі құжаттарының көшірмесі жарияланды. Біріншісі – Ауыл шаруашы­лығы министрі Сапархан Омаровтың өз орынбасары Гүлмира Исаеваға еңбек демалысын беру туралы 2019 жылғы 27 желтоқсандағы бұйрығы. Вице-министр былтырғы 27 желтоқсаннан биылғы 19 қаңтарға дейін 22 күнге демалысқа шыққан.

Бұған қоса, ғаламторда есептесу қағазының кө­шірмесі де ел назарына ұсынылды. Оған сәйкес, АШМ басшысының орынбасарына 512 мың теңге көлемінде демалысақы, 18 күн үшін 772 мың теңге ай­лықақы және бірден үш сыйақы (2,5 миллион), бар­лығы 3,7 миллион теңге есептелген. Ал барлық са­лығы, зейнетақы жарнасы аударылғанда, лауазым­ды шенеуніктің қолына 3 миллион 169,5 мың теңге тиіпті.

Құжатта Исаеваның мемлекеттік қызметте 12 жыл 9 ай жұмыс өтілі бар екені, жалақысы 814,9 мың теңге екені де көрсетілген.

Министрлік бұл ақпаратты не жоққа шығармады, не растамады. АШМ баспасөз хатшысы агенттік сұрағына жауабында меморгандар жыл қорытын­дысында сыйақылар беруге құқылы екеніне назар аудартты.

«Жалғыз біз емес, барлық мемлекеттік органдар жыл соңында үнемделген ақшадан сыйақылар береді. Мен баспасөз хатшысы ретінде АШМ қызметінің БАҚ-та жариялануына жауаптымын», – деген Жанжігіт Омархан журналистерден ресми сұрау жолдауды өтінді.

Бұл жаңалыққа түсініктеме берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі барлығы заң аясында екеніне екпін түсірді.

– Біз жалақымызды мақтан тұтамыз, оны же­тістігіміз деп санаймыз. Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­лігінің осынша көлемде жалақы мен сыйақы төлеуге мүмкіндігі барлығына қуаныштымыз. Вице-ми­нистр ұйымда маңызды рөл атқарады, жауап­кер­шілік деңгейі де жоғары, демек әлгі сома – әбден лайықты. Біз мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары лайықты жалақы алуын және басқа мәселелер туралы ойламауын қалаймыз. Өйткені жақсы жалақы – коррупцияға қарсы тұрудың ұстындарының бірі, – деді антикоррупциялық органның Парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев.

Сонымен бірге ақпарат құралдары таяуда, Ақтөбедегі ашынған фермерлер митингісінен кейін АШМ басшылығы Премьер-Министр атына өтініш жазып, Үкімет резервінен қаржы бөлуді сұрағанын хабарлады. Онда АШМ облыстардың басым көпшілігінде – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Павлодар, Түркістан өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жағдайын «аса ауыр» (критическое) деп бағалады. Сондықтан «шұғыл шығындарға» Үкімет резервінен 36,7 миллиард теңге бөлу керегін көрсеткен. Бұл миллиардтар асылтұқымды мал өсіретін фермерлер алдындағы субсидия бойынша мемлекет қарызын жабу үшін қажет болыпты.