Армандар орындалады: онкологиямен ауыратын балаларға кім жәрдемші?
Армандар орындалады: онкологиямен ауыратын балаларға кім жәрдемші?

Алматыда бір топ ерікті Menin Armanym атты корпоративтік қор құрды. Олар онкологиялық ауруға шалдығып, ауруханада емделіп жүрген балалардың арман-тілегін орындайды.  «Мақсатымыз – үкілі үмітін үзбей,  дертпен күресіп жүрген жандардың көңілін сергіту»,– дейді олар.

арманЖоба басшысы Шамиль Ванкеевтің айтуынша, осындай ұйым Түркияда және АҚШ-та бар екен. Америкадағы ұйым 40 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ұйым осы күнге дейін 500 мың баланың арманын орындаған. «Қазақстанда мұндай алаң болған емес, түрік әріптестеріміздің жұмысын көріп, осылай қор құруды шештік», – дейді ол.

– Бұл жобаны қолға алмас бұрын ұзақ уақыт бойы еліміздің қайырымдылық нарығын зерттедік. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда қайырымдылық қоры өте көп. Оның әрқайсысының өз бағыты бар. Ал біздің ұйымның жолы басқа. Menin Armanym корпоративтік қоры денсаулығында кінәраты бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың армандарын орындайды. Қор сыйлықтар бермейді немесе емделуге қаражат жинамайды. Бастысы – біз балалардың арманы орындалуына тілекшіміз, – дейді Menin Armanym қорының директоры Шамиль Ванкеев.

Қордың ашылғанына төрт ай болған. Сол аралықта қор 18 баланың аңсаған арманына қол жеткізуіне көмектескен. Қазір қорға 150-ден астам бала тіркеліп, өздерінің арман-тілегі орындалуын күтуде. арман Ұйым қызметкерінің айтуынша, олар белгілі бір бағыттағы арманды орындайды. Мәселен, «Мен аз уақытқа … болсам деймін» (ғалым, полиция, кондитер, аспаз, батыр, қарақшы, ханшайым т.б.). Екінші, «Мен ... болғым келеді» (зообақ, музей, басқа қалада, өзге елде, театр шымылдығы сыртында, сүйікті тобының дайындығында, сүйікті бағдарлама түсірілімінде және т.б.).Үшінші, «Мен сүйікті … кездескім немесе қолтаңба алғым келеді» (спортшы, музыкант, тележүргізуші, әртіс, саясаткер) деген айдар бойынша пір тұтатын тұлғалармен жүздесуді ұйымдастырады. Соңғы бөлімі «Мен … өткізгім келеді» (жеке көрме, концерт, кітабының ашылу салтанатын, клипін). Яғни, жеке кешін өткізгісі келетін балақайдың арманы орындалады. Ал мұндай өтінішті ата-ана мен бала өздері жазып бере алады.

арман«Сырқат баланың көңілін көтеріп, тілеген тілегін орындау мақсатында өтінішті бала мен ата-ана ғана емес, оның достары, туыстары, тіпті дәрігерге дейін қалдыра алады.  Жалпы, қолында бала жайында толық мағлұматы болса жеткілікті. Ары қарай анықтап-тексеру – біздің жұмыс. Емделіп жүрген дәрігеріне хабарласып, баланың жағдайын білеміз. Түскен өтініш бойынша әр баламен сөйлесеміз. Баланың өзімен және оның әке-шешесімен жүздесуге тырысамыз», – деген Зәйтүн Маратқызы өзіне жүктелгендердің арасында Айана Төрегелді, Әділет Қожатаев, Мирас Қажымұратовтың кездесулері әсерлі болғанын айтады. 

арман – «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, әр баланың мінезі де әртүрлі болады. Бірі ашық-жарқын болса, енді бірі тұйықтау келеді. Мамандығым психолог болғандықтан, кез келгенімен тіл табысуға тырысамын. Мирас  Қажымұрат – кісі киіктеу, біртоға бала. Командамен үйіне бардық. Сурет салып отырған жеріне жақындамақ болғанда, ол бізден қашқақтап, жанымызға жоламай қойды. Сол кезде анасы «Ол өзі тұйықтау, адамға жақындауы қиын» деді. Команда мүшелері анасымен сөйлесіп жатқанда, мен Мирастың қасына бардым. Оған үн қатпастан, қолыма бояу алып, сурет сала бастадым. Бір уақытта ол өзі қасыма келіп, бірге сурет сала бастады. Сөйтіп, екеуміз тіл табысып кеттік. Қазір екеуміз апалы-інілі болдық, – дейді қор қызметкері Зәйтүн Маратқызы. арман

Мирас Қажымұрат – 4 жаста, диагнозы – жедел лимфобластық лейкоз. Ол – осы жобадағы ең кішкентайы. Анасының айтуынша, бұл диагноз осыдан бір жыл бұрын анықталған. Соған қарамастан ол өте позитив, көңілді бала. Оның сүйікті мульт-кейіпкері, қиялындағы қаһарманы – өрмекші адам. Мирас өрмекші адамды көргісі келген.

 width=

«Ұлым өзіне мұндай сыйлық дайындалғанын білген жоқ. Өрмекші адамды көргендегі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуанышы шексіз еді. Қордың біз жайында ақпаратты қайдан алғанын білмедім. Бірақ үйге келіп, Мирасты көріп кетті. Артынан антикафеге шақырып, ұлымды өрмекші адаммен жүздестірді. Олар балама үлкен қуаныш сыйлады. Айтар алғысым шексіз», – дейді Мирастың анасы Әйгерім Уразалиева.

11 жастағы Айана Төрегелді  де арманы орындалғанына сенер емес.

– Алғашқы химия алғандықтан бойымда әлсіздік болды. Dostyk Plaza-да Зирузаны кездестіремін деген ой болған жоқ.  Тіпті оны көргенімде танымай қалдым.  Қуанышым шексіз еді. Әлсіздігімнен болар, сол күні эмоциям байқалмады. Арманым – Зирузамен шопинг жасау еді. Екеуміз дүкенді аралап болған соң, тамақтанып, біраз әңгімелестік. Мен үшін ұмытылмас күннің бірі болды, – деді Айана Төрегелді.

арман

Анасының айтуынша, ол онкологиялық ауруға шалдыққан. Диагнозы – мидың қатерлі ісігі. Жасөспірімнің жағдайының ауырлығына қарамастан өмірге деген кұштарлығы үзілген емес.

– Былтыр қазан айында Алматыдағы онкологиялық ауруханада жаттық. Сол кезде 1-2 жігіт келіп, бізбен танысқан еді. Ол кезде қызымның жағдайы өте ауыр болатын. Карантин кезі ғой, алғашында оларды бізге кіргізбеді. Сонда қолымызға анкета таратты. Анкетаға қызымның аты-жөні мен арманы туралы жазып бердім. Бірінші болып жанымыздағы Дидар Бердалиев деген баланың арманын орындады.  Одан кейін тағы бір-екі баланың тілегі орындалды.

арманСөйтіп жүргенде қарашаның 30-ында біз ауруханадан шығатын болдық. Сағат 2-де шықсақ деп, 4-ке Шымкентке билет алып қойдым. 29 күні олар «ертең сіздерге барамыз» деп маған хабарласып тұр. Билет алып қойғанымды айтып едім, өздері билетті кешкі 8-ге ауыстырып берді. Ертеңінде бізді ауруханадан алып кетті. Қандай жұлдызбен кездесетінін, қайда баратынын айтқан жоқ. Мен де Аянаға тіс жармадым. Шыны керек, қызым оларды көріп қатты қуанды. Қасындағы балаларға келіп жүргеннен ұйымдастырушыларды жақсы танып алған. Іштей болса да, олардың келуін күтті. Сол жерде қызыма әдемі көйлек сыйлап, киіндіріп, сауда орталығына апарды. Қызым Зирузамен кездесіп, шопинг жасап, сұхбаттасты. Сол сәтте күлуге де, қуануға да жағдай болмады. Бірақ бұл қуанышын әлі күнге дейін айтып отырады. Баланың бір мәз болғаны үшін барын салып атсалысып жатқан қыз-жігіттерге үлкен рақмет!, – дейді Жұмағұл Сырлыбаева.

арман «Балалар туғанымыздай болып кетті» деген Зәйтүн Маратқызы олармен күнбе-күн сөйлесіп, хал-жағдайын біліп отыратынын жеткізді.

– Қызылорда, Түркістан, Кентау сияқты қалалардан балаларымыз хабарласып отырады. Біз де бейне қоңырау шалып, хал-жағдайын біліп отырамыз. Мәселен, осыдан үш апта бұрын командамыз Айананың үйіне барып қайтты. Жағдайы жақсы, – деді қор қызметкері.

арман Негізі команда 10 адамнан тұрады. Оның басым бөлігі – жастар. Оқуды жаңа бітірген жас мамандар мен студенттерден тұрады. Әркім өзіне міндеттелген тапсырмаға жауапты. Бірі өтініштерді қабылдаса, ендігісі оларды тексеріп-анықтайды. Әзірге Қазақстан бойынша 300-400-ге жуық волонтер жұмыс істейді. Ал қорды қаржыландыру – заңды және жеке тұлғалардан түседі. Өйткені барлық әлеуметтік парақшада реквизиттері көрсетілген. Сол жерге кез келген адам ақша аударуына болады. арман

Зәйтүн Маратқызының айтуынша, бір аптада екі баланың арманын орындауға тырысады екен. «Наурыздың соңына дейін 30 балаға жеткізсек деп отырмыз. Бәрін уақыт көрсетеді. Негізі сан маңызды емес, маңыздысы – бала арманы. Кейбіріне арнайы дайындық керек. Арасында орындауы қиын арман-тілектер де болып жатады. Мысалы, «шетелге барғым келеді», «ғарышқа ұшқым келеді», «шетелдік жұлдызбен кездескім келеді» дегендей армандардың орындалуы қиын. Бірақ барынша жолын табуға тырысып, бағудамыз. Алайда кейде қолдан келмей қалады. Өкініштісі сол... Бізге уақыт та, қаражат та тапшы,  – дейді ол.  

[embed]https://youtu.be/Af7725hfc3c[/embed]