Дәрігердің жақсысы – дертке дерт қоспағаны

Дәрігердің жақсысы – дертке дерт қоспағаны

Елордада екі жарым жас­тағы қыз бала 26 желтоқ­сан­нан бері ес-түссіз жатыр. Бүл­діршін тісін емдегеннен кейін аяқастынан комаға тү­сіп қалған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жағ­дайды тікелей өз бақы­ла­уына алды. Тексеру жүргізген құзырлы орган тіс емханасы­нан бірқатар заң бұзу факті­лерін тауып, талапқа сай келмейтінін анықтаған.

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қыз­меттердің сапасын және қауіпсіз­дігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова осы оқиғаға қатысты түсініктеме бер­ді. Айтуынша, Анастасия Зеле­наяның екі жарым жастағы қызына төрт жасқа толмаған балаларға мүл­де салуға болмайтын «Мепи­вас­те­зин» атты анестезия егілген екен.

– Оған қоса, екпе салған сто­матологтың клиникалық тәжірибеге міндетті рұқсаты жоқ. Оның серти­фикатының мерзімі 2019 жылдың қазанында бітіп кеткен. Сондай-ақ дәрі-дәрмек сақтайтын орында ауа температурасы мен ылғалдығын бақылайтын құрылғы болмаған. Клиникада медициналық құрал­дарды тексеру туралы сертификат жоқ, – дейді Лаура Ахметниязова.

Енді Қазақстандағы бүкіл сто­ма­тологиялық емханаға тексеру жүргізіледі. Мұндайда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Басына тимесе, былықшылыққа назар аудармайтын құзырлы орындардың баяғы әдеті ғой. Бірер жыл бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бір сұхбатында: «Сто­ма­тология саласы жеке сектор бол­ғандықтан, біз оның жұмысына араласпаймыз. Шығынның барлы­ғы нарықтың талаптарына қарай орнатылады. Тіс дәрігерлері, мейлі ол орта немесе жоғары білімді бол­сын, осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген және істей береді» деп тіс дәрігерлерінен ат-тонын ала қашып еді. «Өзі би, өзі қожа» деп қорғаш­таған стоматологтардың салғырт­тығына сонда кім жауап беруі керек?

Былтыр да Қарағандыда екі жасар бала наркозды көтере алмай, тіс емханасында көз жұмған. Ол кезде де Елжан Біртанов ел алдына шығып, медициналық көмек көр­сету стандарттарын бұзған деп дәрігерді айыптаған.

Қазір балалардың 90 пайызында, ересектердің 75 пайызында тісжегі бар. Жалпы қазақ тісі ауырған адам­ның көңілін сұрамайды. Бірақ бұл дерт асқынса, құлақ, мұрын, асқа­зан-ішек жүйкелерін зақымдап, жүрек қан-тамырлары ауруларын тудыруы мүмкін. Министр мырза мұны бізден жақсы біледі. Сон­дық­тан жауапты саланың жауапкер­шілігін күшейтуді тезірек қолға алса екен.


Ерсайын БАҒДАТ