Пікір
Пікір
147
оқылды
Президент мақаласында Абай шығармалары ұлттық сананы сақтаудың, жаңғыртудың нағыз өзегі болуы керек деген ой тұр. Бүгінгі заманның болмысына Абайдың көзімен қарауға үндейді. Адил.JPG Әділ АХМЕТОВ, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, түрколог, профессор:  

БҮГІНІМІЗГЕ АБАЙ КӨЗІМЕН ҚАРАУҒА ШАҚЫРАДЫ

 

– Мемлекет басшысының мақаласы өте таразыланған, терең тағылымды мақала болып шығыпты. Өйткені бұл жай ғана құрғақ сөз емес, Абайды те­рең зерттеп, зерделеген. Ұлт сана­сының жаңғыруына бай­л­а­нысты дүниені Абай бір ғасыр бұрын тыңғылықты етіп айтып кеткен. Соның барлығын Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты мысалдармен тиянақтап, дәлелдеп жазыпты. Президент мақаласында Абай шығармалары ұлттық сананы сақтаудың, жаңғыртудың нағыз өзегі болуы керек деген ой тұр. Бүгінгі заманның болмысына Абайдың көзімен қарауға үндейді. Өйткені заман өзгерсе де адам өзгермей тұр, адам рухани тұрғыда өте баяу өсіп жатыр.

Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ», «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» дейтіні бар ғой, сол заманда Абайды түсінетіндер аз болған, ал одан кейін қанша заман өтті, қазір де Абайдың тағылымын толық түсінетін толық адамдар аздау болып тұр. Президент ұлттың санасын жаңғырту үшін, санасына сәуле шашу үшін осы мақаланы дер кезінде жазып отыр. Мемлекет басшысы сондай-ақ дүниеге қазақты Абай арқылы танытуды бірінші орынға қойып отыр. Мақаласында орыстың Достоевскийін, ағылшынның Байроны мен Шекспирін, жалпы, шетел ғұламаларын мысалға тегін келтірген жоқ. Өйткені біздің Абайымыз бұл тұлғалардан кем емес, асып түспесе. Осы тұста мына әңгімені айта кетсем, «Ғасыр ғибраты» деген кітабымда аустралиялық жазушы Том Батлер-Боудон туралы жаздым. Ол адам парасатын кемелдендіретін елу кітапты оқып шығып, бәрінен мысал келтіреді. Елу кітаптың авторларының арасында Мао Цзедун де бар, Аврелий Августин мен Франклин Рузвельт те бар. Ал бұлардың да ойы Абаймен сабақтас. Мұндай ғұламалар бізде де бар ғой деп, Абайдың кітабын ашып жіберсем, елу кітапқа жүк болған құндылықтың бәрі ұлы ақынның өлеңдерінде тұр. Абай әлем ғұламаларынан аспаса, кем түспейді. Бірақ Абай шет тілдерге тиісті деңгейде аударылмады ғой, аударылса, Том Батлер-Боудон Абайды оқып, Абайдан да мысал келтірер еді. Сондықтан Президент Абай шет тілдерге ау­дарылса, қазақ елі Ұлы дала емес, Абай елі деп танылар еді дегенді айтып отыр.

 Президенттің Абайды түсініп, зерттеп әрі тағылым ала отырып оқу керек деген үндеуіне барша қоғам назар аударуы керек. Педагог мәртебесіне де ерекше екпін қойып отыр. Қазіргі кезде бұл бағытта оңтайлы қадамды байқап отырмыз, яғни ұстаздардың еңбекақысын көтеру, артық жұмыстан босату, ынталандыру шараларымен қамту секілді қажетті жұмыстар іске асырылып жатыр. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы саладағы кемшіліктерді жоюға айрықша екпін қойып отыр. Мұнымен қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында тіл үйренуге қатты мән берілген. Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінде тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін популистер туралы пікір білдірді. Бұл мәселе ешқандай жауапкершілігі жоқ, сынауға әуес адамдарға қатысты болып отыр. Осы орайда, популизмнен сақ болуымыз керек, яғни бұл – теріс тенденция.

Президенттің қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін шетелге Абай арқылы таныту бастамасы өте маңызды. Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында маңызды тақырыптарды қамтыған. Бұл тыңғылықты сараланған мақаланы әрбіріміз оқып шығуымыз керек деп олаймын. Осы орайда, ұлтымызды алға жетелейтін жақсы үдеріс басталғалы тұрғанын аңғаруға болады. Сондықтан Прези­дент бастамаларына өзім риза болып отырмын.

 

 

Ербол.JPG Ербол ТІЛЕШОВ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры,  филология ғылымдарының кандидаты:

БІЗДІҢ РУХАНИ БОЙТҰМАРЫМЫЗ

 

– Абайды тану, Абайды игеру, шығармашылығын қорыту – әр кезде де болған. Оның басында ХХ ғасырдың бас шенінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты азаматтар тұр. Тарихты ақтарсаңыз, Алаш арыстарының Абай Құнанбайұлына қатысты біршама мақаласы жарияланған. Содан бері Абайды тану жалғасып келеді. Абайтануды Мұхтар Әуезов үлкен бір биікке шығарды.

Одан кейінгі кезеңде Мекемтас Мырзахметов, бергіде Тұрсынжан Шапай деген азаматтар Абайды терең зерттеді. Ал Президенттің бүгінгі мақаласының жөні басқа. Неге десеңіз, ғылыми мақала бар да, қоғамға тасталған бағ­дар­ламалық ұран бар. Президенттің бүгінгі мақаласы – қоғамға тасталған ұран сияқты. Мұнда да әлбетте, ең бірінші мәсе­ле – Абайды тану, игеру деп айтар едім. Абайды тану бізге не береді? Абай – қазақтың рухани айнасы. Абайды тану арқылы біз өзімізді танимыз, өзімізді адам ретінде, қазақ ретінде жөнге саламыз. Осы тұрғыдан келгенде, адамның ниеті, пейілі, еңбекке қатынасы, ортаға қатынасы, өмірдегі әділеттілік санаттарына қатысты құндылықтың бәрі Абайда бар.

Ғұламаның шығармалары қазақтың ғасырлар бойы жетілген, сұрыпталған, көркем тілімен жазылған. Сон­дықтан Абайды танығаннан кейін біз адами мәдениетімізді жөндейміз. Оның бер жағында Абайдың тілі арқылы өзі­міздің тілдік мәдениетімізді, тіліміздің тазалығын, көркемдігін, бейнелігін игереміз.

Абайдың өзектілігі – адами қарым-қатынастың, қоғамдағы адами сабақтастықтың жөнін көрсетуінде. Адамның бүгін киген киімі өзгергенімен, пейілі, махаббаты, сезімі бұрынғыша қалды. Абай осы сезімнің бәрін шырқау шыңына жеткізе жазып кетті. Сондай-ақ Президенттің мақаласында Абайды ғаламдық деңгейде тану мәселесі айтылған. Қытайда Лао-цзы мен Конфуций бар десек, орыста Толстой мен Достоевскийді айтады. Ал Абай – біздің биігіміз. Кезінде Елбасы «Абай – қазақтың бойтұмары» деп айтқан. Біздің рухани бойтұмарымыз. Сондықтан Абай шығармаларын неғұрлым көбірек аударып, шетелге танытсақ,  Абай қазақты соғұрлым таныта түспек. Қазақтың мұнайын, Байқоңырын, қазба байлығын таныған, пайдаланған әлем енді Абайды тану арқылы бұл халықтың жай халық емес екенін, Абайдай ақынды туған ел екенін тануы керек.