Биыл да баспана қымбаттай ма?
Биыл да баспана қымбаттай ма?

Елімізде баспана бағасы қымбаттайды. Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жыл­дың желтоқсан айында жаңа үйлердің шаршы метрі орта есеппен 293,5 мың теңгені құраған. Бұл 2018 жылдың желтоқсанындағы көрсет­кіштен 6,4% жоғары. Бұдан бөлек, пәтерді жал­дау ақысы да 7,1% (шаршы метріне 1,5 мың теңгеге) өскен.

Ең қымбат үйлер Нұр-Сұлтанда әр шаршы метріне 373,7 мың теңгені құраса, Алматыда – 357,2 мың теңге. Шымкент 330,3 мың теңгеге жеткен – үшінші орында. Пәтер сату, сатып алу ісінде белсенді өңірлер – Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалалары. Республика бойынша күн сайын 50-60 операция жасалады. Мамандар ақпан айының басында жаңа үйлердің шаршы метріне 20-40 мың теңгеге дейін қосылады деп болжайды. Оған қандай негіз бар?

Мамандар бағаның көтерілуіне ипотекалық бағдарламалардың қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқаны себеп екенін айтады. Елімізде 2018 жылға дейін ипотека нарығы тұралап қалғаны белгілі. Деген­мен сол жылы Үкімет салаға дем беру үшін «7 – 20 – 25», «Баспана хит» бағдарламаларын шы­ғар­ды. Кейіннен 2019 жылы «Бақытты отбасы», «Әскери бас­пана» бағдарламалары екінші кезеңіне өтіп, жандана бастады. Осының барлығы елімізде тұрғын үйге деген сұранысты өсіріп отыр.

– Менің ойымша, баспана бағанасы ақпан айында емес, наурызда көтеріледі. Өйткені таяуда «Бақытты отбасы», «Әс­ке­ри баспана», «Әйелдер ипотекасы» деген бағдарламалар нарықта қар­қынды түрде жұмыс істей бас­тайды. Одан бөлек, доллар бағамы көтеріледі деген де болжамдар айтылып жатыр. Егер доллар өссе, ол да тұрғын үй нарығына едәуір әсер етеді. Себебі құрылыс ма­териалдарының біраз бөлігі шетел­дік нарықтардан доллар ба­ғамымен есептеліп сатып алы­нады. Қызылорда мен Ақтөбе­ден басқа қаланың барлығында баспана бағасы өсті. Әсіресе, Шымкент, Өскемен, Петропавл қалаларында баға біршама көте­рілді. Мәселен, таяуда ғана Пре­зи­дент Қ.Тоқаев Үкіметке Се­мей­дің тарихи мәртебесін айқындап, арнайы статус беруді, Семейге инвестиция тартуды тапсырды. Міне, осы жаңалықтың өзі Се­мей­дегі үйдің бағасының көте­рі­луіне жол ашады. Естеріңізде бол­са, былтыр Шымкентке рес­публикалық мәртебе берілген кезде пәтер бағасы бірден қым­баттады. Бұл – нарық заңдылы­ғы, – дейді экономист Дәулет Төлеутайұлы.

Жалпы, соңғы жылдардағы статистикалық мәліметті қарап отырсақ, жыл сайын Қазақстанда тұрғын үй нарығы 10-15%-ға өсіп отырғанын байқауға болады. Бұл елімізде қалыпты жағдайға айна­лып отыр. Тұрғын үй саласы на­ры­ғында сатып алу, сату ісін жүр­гізетін риэлторлық компаниялар 2020 жылы баспананың қымбат­тайтынын сенімді түрде хабар­лауда. Олардың келтірген дәлеліне сүйенсек, біздегі тұрғын үй алуға деген сұраныс тұрғындардың са­тып алу мүмкіндігіне байла­нысты емес, сондықтан бағаның өсуі 2020 жылы да жалғаса береді. Себебі халықтың жаңа үйлерді және қайталама нарықтағы тұр­ғын үйді сатып алудағы бел­сен­ділігі жоғары. Ақшасы бар адам­дар жаңа үйлерді сатып алып, бірден жалға беріп табыс тауып отыр. Сондықтан оны тоқтату қиын. Одан бөлек, шағын және орта бизнестің дамуы да жыл­жы­майтын мүлікке деген сұранысты ұлғайтып, құнын өсіруде.

– Нұр-Сұлтанда қазірдің өзінде үй бағасы 2-3% өскені байқалып отыр. Оған себеп – сұраныс үлкен. Үй іздеген кісі көп, кейде тәулігіне бірнеше адам хабарласып, бәріне бірдей пәтер тауып беріп үлгермей кетеміз. Біздің қызметімізге жүгініп жат­қандардың 60%-ы – елорда­лықтар. Көбісі үйлерін кеңейткісі келіп, жаңа үй сатып алады. Бі­реулер бір ауданнан екінші ау­данға көшеді дегендей. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын қаланың іргесіндегі «Лесная поляна» сияқ­ты тұрғын үй алабынан пәтер ал­ғандар ол баспаналарын сатып, орта­лықтағы жаңа үйлерді ипо­текаға ресімдеп жатыр. Мұның барлығы тұрғын үй нарығында баға көте­рілмесе, төмендемейтінін білдірсе керек, – дейді риэлтор Бақытгүл Есімханқызы.

Айта кету керек, өткен жылы елімізде «7 – 20 – 25» және «Бас­пана хит» ипотекалық бағдарла­малары өте қарқынды түрде жү­зеге асты. Қазір елордада «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі», «Сбербанк», «Халық бан­кі», «БанкЦентрКредит» секілді банктер тез, ыңғайлы ипотекалық несие ұсынып, тұрғындар ара­сында танымал болуға жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ел аста­насына жақын орналасқан об­лыстар мен өзге де өңірлерден кө­шіп келіп, үй сатып алып жат­қандар саны өсіп келеді. Бұл процестің барлығы баспана бағасының көтерілуіне әкеледі.


Дегенмен қаржыгер маман Ба­уыржан Ысқақовтың ай­туын­ша, үйдің құны қымбаттауына тікелей экономикалық фактор әсер етіп отырған жоқ.

– Нарықта ірі қалалардағы баспананың шаршы метрі 300 мың мен 600 мың теңге арасында сатылып жатыр. Әрине, баға үйдің орналасқан ауданы сапа­сына байланысты өзгеріп тұрады. Ал халықтың орташа жалақысы әлі де 100 мың теңгеден асқан жоқ. Яғни, жоғарыдағы бір шар­шы метрге қол жеткізу үшін бір адам орта есеппен 3 ай жұмыс іс­теуі керек. Сондықтан үй ба­ғасының қымбаттауына эконо­ми­калық жағдай әсер етіп отыр­ма­ғаны анық. Дегенмен «7 – 20 – 25» секілді ипотекалық бағдарлама­лар эконом класты үйлерге, бағасы 25 миллионнан төмен үйлерді сатып алуға арналған. Ал құрылыс компаниялардың негізгі саясаты – олар көбінесе шаршы метрі үлкен, бизнес класты үй­лерді салып, сатуға мүдделі. Бі­рінші кезекте олар өздерінің мар­жасын ойлайды. 100 шаршы метрге 1 пәтер салған қандай не­месе сол көлемге 3 пәтер салған қандай? Ол құрылыс компания­сына шығын. Әр үйге коммуни­кация жүргізесіз, есік, терезе саласыз дегендей. Ал 100 шаршы метрлік бір үйге ғана коммуни­кация жүргізсеңіз, ол – пайда. Бағасын да қымбатқа қоя аласыз. Эконом класты үйлерге компа­ния­лардың аса қызықпайтыны да сондықтан, – дейді Б.Ысқақов.

Қаржыгердің айтуынша, пә­тер бағасының өсуіне әсер ететін тағы бір фактор – құрылыс мате­риалдары. Себебі еліміз әлі де материалдың 50-60 пайызын сырттан тасымалдайды. «Құры­лыс жүріп жатқан жерлерде құ­рылыс комбинаттары жоқ. Ком­паниялар материалды алыстан тасиды. Ол – шығын. Яғни, өзін­дік құны қымбат. Үкімет, жер­гілікті әкімдіктер құрылыс ком­бинаттарын салып, материалға кететін шығынды барынша тө­мендетуге күш салуы тиіс. Сол кезде ғана біз нарықтағы бағаның негізсіз өсуінің алдын аламыз. Тағы бір фактор – зейнеткерлікке шыққан әскери қызметкерлердің үй сатып алуға нарыққа кіріп жат­қанын да риэлторлық компа­ния­лар жақсы пайдаланып отыр. Демек, біздегі бағаның жасан­ды өсуіне жол беріледі» дейді Б.Ысқақов.

Тұрғын үй саласын зерде­леп жүрген мамандар сайып кел­генде нарықтағы жасанды дүр­белеңге ілесіп, асығыс шешім қабылдауға негіз жоғын айтады. Халықтың арасында ақпараттық үрей ту­ғызып, сауда-саттықты жеделде­ту – бұл үй сатумен ай­налысатын делдалдардың, ком­паниялардың әрекеті. Сол се­бепті де үй сатып аларда немесе сатар кезде ақпа­раттарды ба­рынша зерделеп ба­рып шешім қабылдаған жөн.