Қарыз еңбек, қадірсіз кадр
Қарыз еңбек, қадірсіз кадр
194
оқылды

Қазақстан «заманауи құлшы­лықтың» өркениетті түрін заңдас­тырады. Сарапшылар аузынан шы­ғып, әлеуметтік желілерде желдей ескен осы сөздің анық-қанығын зерделеп көрдік. Мәселе, әрине аутстаффинг жайында. Елімізге жат бұл тәжірибенің дендей енуіне ұлттық ком­паниялар мен мемкәсіпорын­дарға жұмысқа адам алмау туралы 2014 жылы жарияланған мораторий да ықпал етті. Бұл олардың онсыз да үлкен штатын ары қарай ұлғайтпау үшін жасалған шара болатын.

Кеңес кезінде ауыл балалары «біздікілер және фашистер» атты ойын ойнағаны есте. Сонда ба­лақайлар образға кіру үшін майдан даласынан орал­ған аталарынан естіген «хенде хох» (қолыңды көтер) және «аусвайс» (куәлік) секілді жат сөздерді ай­ғайлайтын. Аутстаффинг және аутсорсинг тер­миндері де құлаққа түрпідей естіледі. Кеңес заманында көрмеген құқайы жоқ халық бертінде нарықпен бірге келген бұлардың да мол қиянаты барлығын білді.  


Мектептерден шу шықты

2019 жылғы желтоқсан ая­ғында журналистерге электронды пошта арқылы «Білім және ғы­лым қызметкерлерінің салалық кәсіподағынан» жанайқайға толы хат түсті. Онда Орал қаласында бар­лық есепші-бухгалтерлер, еден жуушылар, гардеробшылар, электриктер, сантехниктер, бал­ташылар (плотник) білім орда­лары штатынан шығарылатыны хабарланды.

Кәсіподақ мұның ел Үкіме­тінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысына қайшы екенін алға тартады. Қаулыда жалпы бі­лім беретін мектептердегі лауа­зымдардың штат бірліктерінің саны бекітілген. Ол тізімде бух­галтер бар. Сондай-ақ «слесарь-сантехник және балташы лауа­зымдарының штат бірліктері білім беру ұйымдарының бөлек тұрған әрбір ғимараттарына сай енгізіледі» делінген. Бұған қоса, мектеп еденінде паркет болса не­месе басқа да жабындылар тө­сел­се, онда «еден сүртуші лауа­зы­мының штат бірлігі енгізіледі».

Таратылған ақпарат бойынша Орал қаласының әкімдігі «Білім сервис» атты жаңа мемкәсіпорын құрған. Қаладағы барлық мемле­кеттік білім ұйымдарындағы бухгалтерлік есеп, шаруашылық және техникалық персонал осы мекеме қарауына тапсырылмақ. Жалпы алғанда, Оралда 51 орта мектеп бар.

Әйткенмен, жаңа мекеме ұсы­натын жалақы төмендеу көрінеді. «Мектепте бас бухгалтер болып жұмыс істеймін. Айына шамамен 140 мың теңгедей жалақы аламын. Енді бізді басқа ұйымға көшіруде. Онда жалақы әлдеқайда төмен болады» дейді шағымданушы­лардың бірі.

Орта білім ордаларына ортақ сервистік қызмет көрсететін жаңа компания құрылғанымен, іске кіріспепті. Оның басшысы Мұрат Бәйменов ақпарат құралдарына берген түсініктемесінде мектеп­тер штатында тек педагогтер қалуы тиіс екенін жеткізді. Ал бухгалтерия, білім ұйымы ғима­ратына ағымдағы жөндеу жүргізу, электрлендіру, сумен жабдықтау секілді қызметтер «білім ұйым­дары үшін бейінді емес қызмет» деп танылып, «Білім сервис» шта­тына ауыстырылмақ.

«Мектептерде шамамен 226 жұмысшы қысқартылады. Бірақ оларға жұмысқа тұруға билік көмектеседі» дейді М.Байменов.

Қала әкімдігі бұл жоба әзірге мектеп директорларымен бірге талқыланып жатқанын, қоры­тынды шешім қабылданбағанын атап өтті.

Бұрын хабарланғандай, егер 2020 жылғы бірінші тоқсанда Оралда «Білім сервис» жұмысын бастаса, онда осы «мемлекеттік аутстаффинг» тәсілі өзге өңірлер­ге үлгі болып таралуы ғажап емес.

 

Бизнес бұған жақсы қарайды

Аутстаффинг – ағылшын ті­ліндегі out (тыс) және staff (штат) деген сөздерінен құралған тер­мин. Ол персоналды компания штатынан шығарып, аутстаффинг ұйымының штатына табыстауды білдіреді. Яғни, қызметкерлердің ресми жұмыс берушісі ауысады.

– Бизнесті дөңгелетіп, үне­мі ілгері озу үшін компания ықшам, икемді, кәсіби болуы тиіс. Кә­сіпорын тосыннан үлкен тендерде жеңіске жетіп, қомақты тапсырыс алды делік. Алайда керекті ма­ман­дарды қайдан табады? Тапқа­нымен, әртүрлі мамандарды штат­қа алуға шамасы келмеуі ық­тимал. Осы жағдайда аутсор­синг және аутстаффинг көмекке келеді. Басқаша айтқанда, ком­пания сол арқылы штаттан тыс персоналды жалдайды және бел­гілі бір жұмыс процестерін мер­дігер компанияға жүктейді. Бұл үшін еншілес компания құрудың да қажеті болмайды, – дейді HR-маманы Надежда Дмитриева.


Ол өз персоналын басқа ұйым басқаруына беру арқылы компа­ния әлеуметтік салық, зейнетақы жарнасы, сақтандыру және басқа да шығысты азайтатынын жет­кізді. Іс қағаздарын жүргізу ма­шақатынан құтылады. Ары қарай жұмысшылармен келісімшарт бекіту, еңбекақы төлеу, еңбек заң­намасын сақтау, медициналық тексерулерді ұйымдастыру, нұс­қаулық-инструктаж жүргізу, бі­лік­сіз не керексіз жұмыскерлерді жұмыстан қуу, еңбек дауларын шешу секілді түйткілдердің түйі­нін тарқатуға кәсіпкер бас қатыр­майды. Оның барлығы енді аут­стаффинг компаниясының «бас ауруы».

Бұдан айырмашылығы, аут­сорсингте кәсіпорындар өзде­рі­нің қандай да бір міндетін орын­дауды өзге компанияға береді. Бірақ өз штатын сақтап қалады. Мысалы, кейбір телеарна бағдар­лама түсіруді жеке студияға жүк­тейді, дайын өнімге тиісті ақысын төлеп, эфирге жібереді.

Яғни, аутстаффингте компа­ния штатына жалақыны өзге ұйым төлейді, ал аутсорсингте тап­сырма-міндетті орындаған ма­мандарға келісім бойынша тап­сырыс беруші компанияның өзі ақы аударады.

Ірі кеңес-консалтинг фирма­сының маманы Ерлан Арлықов Батыс елдерінде көптеген компа­ния персоналымен істес болудың осы схемасын таңдайтынын ескертеді.

– 2017 жылы «Арселор Миттал Теміртау» жұмысшылары өздерін жаппай штаттан тыс шығарып жатқанына шағымданғанда, сол кездегі еңбек министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда қарыздық еңбекке тыйым салынатынын мәлімдеген. Алайда ол ниет жай сөз болып қалды. Қазақстан әлемдік дамыған елдер қатарына қосылуға бара жатыр. Демек, қалайық, қаламайық, кадрды басқарудың осы тәсілі, әсіресе ірі компаниялар арасында кең етек жая бермек. Себебі бизнес HR, адами ресурстарды дамыту секілді мәселелерге алаңдамай, өз күш-жігерін өркендеудің басты мә­селелерін шешуге шоғырлан­дыруы керек, – дейді ол.  

Сарапшының мәліметінше, аутстаффинг және аутсорсинг ұйымдарының тарифтері әртүрлі. Мысалы, кадрлық қызметті жал­дағыңыз келсе, жылына 2-2,5 миллион теңге төлеп тұруыңыз керек. Бұл ретте ол ұйым тек ма­ман іріктеумен шектелмей, еңбек дауларын реттеу, кадрлық резерв қалыптастыру, қызметкерлердің біліктілігін көтеру, сан алуан корпоративтік іс-шараны ұйым­дастыру секілді оннан астам қызмет түрін ұсынуы мүмкін.


Тең еңбекке – тең еңбекақы

Қоғам белсендісі, экономист Еділқан Балғабай мәселенің басқа қырына үңілді. Оның ай­туынша, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ, «Өзенмұнайгаз», «Маңғыс­тау­мұ­найгаз», «Қаражанбас» секілді мемлекетке қарасты мұнай өндіру компанияларында 2014 жылы мораторий жариялағалы бері жұмысқа адам алу ісі тоқтап тұр.

– Кадрлар қартайып барады. Енді бір оншақты жылдан кейін мұның зардабы білінеді. Есесіне, осы компаниялар өздері ымы­раласқан фирмалар арқылы керекті жұмыс күшін аутстаффинг жолымен аз жалақыға жұмысқа алады. Ал осы аутсорсинг пен аут­стаффинг туралы бізде заң жоқ. Еңбек кодексі бұл адам­дар­дың құқын қорғай алмайды. Бір мекемеде, әсіресе қауіпті өнді­рісте еңбек ететін штаттағы және аутстаффер мамандардың жала­қылары әртүрлі. Екеуі де Қазақ­стан азаматы, атқаратын жұмысы ұқсас, 1 сағатта жоғалта­тын күш-қуаты бірдей. Алайда біреуін ең­бек заңнамасы қор­ғай­ды, екін­шісін елемейді. Конс­ти­туцияда адамды алалауға жол бермейді деген керемет жазу бол­ғанымен, орындалуға келген­де бәрі бас­қаша, – дейді Е.Балғабай.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Біржан Нұ­рымбетов бұл мәселе алда шеші­леріне сенімді.

– Мәжіліс депутаттары «Кей­бір заңнамалық актілерге қа­рыздық еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Соның аясында штаттағы және аутстаффинг ұйымы ұсынған жұмыскерлердің тең еңбегі үшін тең жалақы және бірдей еңбек жағдайларын бекіту көзделген. Ол үшін олардың ла­уазымы ұқсас, біліктілігі тең, орындалатын жұмыстың күрде­лілігі, саны мен сапасы бірдей болуы шарт, – дейді министр.

Заң жобасында жұмыс бе­ру­шілердің аталған қызметкерлерге тең еңбекақы төлемей, кемсітуіне тыйым салынбақ. Оны бұзған­дарға 30-дан 120 АЕК-ке (318,2 мың теңгеге) дейін айыппұл салу ұсынылған.

Дегенмен заң жобасына Үкі­мет емес, Мәжіліс депутаттары бастамашы болуына орай, оның қабылдану мерзімі нақты бел­гіленбепті. Өту жылдамдығы баста­машыл топтың беделі мен сөзінің өтімділігіне байланысты болады.