Елімізде электронды техника қымбаттауы мүмкін
Елімізде электронды техника қымбаттауы мүмкін
Елімізде шетелден әкелінетін тұрмыстық техниканың бағасы қымбаттайды. Алматыдағы  «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасында жиналған бір топ бизнес өкілдері мен сарапшылар осылай мәлімдеді, – деп хабарлайды Іnbusiness.kz. Сала өкілдерінің айтуынша бұған 1996 жылы қабылданған Авторлық құқық туралы заңның 26-бабы ықпал етеді. Құжатқа сәйкес дыбыстық және бейне материалдарды көрсететін техника импорттаушылары оның авторларына ақы төлеуге тиіс. Мамандардың айтуынша, бұл бірінші кезекте кәсіпкерлерге салмақ болады. Жақында тәуелсіз аудиторлар нарыққа зерттеу жүргізіпті. Тұрмыстық электронды құрылғылардың басым бөлігі тек интернеттегі немесе теледидардағы контентті көру үшін қолданылады екен. Сауалнамаға қатысқандардың 84 проценті авторлық контентті рұқсатсыз көшірмейтіндерін айтқан. Мамандар қазір ғаламтордағы аудио, видеожазбалардың табысы жарнама арқылы түсетіндіктен оны көшіріп сату тиімсіз деп отыр. Ал авторлық алымды қосу электронды техниканың бағасын қымбаттатады.
"Компьютер немесе телефонның бағасы 100 мың теңге десек, авторлық алым үшін 400 теңге қосылады. Республикалық көлемде бұл үлкен қаражат. Мысалы, өткен жылғы тауар айналымы 500 млрд теңге болса, аталған алым көлемі 5-6 млрд теңге болады. Бұл қаражаттың басым бөлігі шетелдегі авторларға кетеді, отандық авторларда оннан бір бөлігі ғана қалады. Оған қоса авторлық қоғамның 30 проценттік қызмет көрсету құны қосылады"– дейді «Катэкс» қауымдастығының төрағасы Сергей Архипкин.