Сатып алудағы ашықтық
Сатып алудағы ашықтық
141
оқылды

Қазақстанда 2019 жылдың 27 желтоқсанында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Қаржы ми­нистрі Әлихан Смаиловтың бұйрығымен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ол бойынша 2020 жылы мемлекеттік қыз­мет­тердің 90%-ын автоматтандыру ісі аяқталуы тиіс.

Сонымен мемлекеттік сатып алу қағидаларына еніп отырған өзгерістің бірі – «Электронды әмиян». Аталған тетік мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өнім бе­рушінің электронды әмиянында жеткілікті қаржысының болуын міндеттейді. Ал электронды де­позитарий бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар тек электронды түрде анық ақ­парат алуға көмегін тигізеді. Одан бөлек, конкурстық баға ұсыны­сына әсер ететін жаңа критерий және шартты бағалар тең болған кезде жеңімпазды анықтаудың жаңа тәсілі секілді автоматты режимдегі тетіктер веб-порталдың жұмысын айқындай түспек.

Сондай-ақ Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау минис­трлігі әлеуметтік қызметтер пор­та­лын бүкіл республика бойынша енгізбек. Яғни, мүмкіндігі шек­теулі адамдар мемлекеттік ме­кемелерде техникалық оңалту құ­ралдары мен арнаулы әлеумет­тік қызметтердің 24 түріне тап­сырыс бере алады. Айта кетейік, бұған дейін жоғарыда жазылған өзге де қызметтер мемлекеттік сатып алулар арқылы ұсынылып келді, ол көп уақытты қажет ететін. Енгізгелі отырған портал бизнес-процестердің уақытын 8 айдан 1-2 аптаға қысқартады. Ресурс 400 мыңнан астам пайда­ла­нушы мен 200 мың жеткі­зушіні қамтиды деп күтіліп отыр.

 

ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІС АШЫҚТЫҚҚА КЕПІЛДІК БЕРЕ АЛА МА?

Қазақстанда Мемлекеттік са­тып алу процесі заңда көрсетіл­гендей бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады. Ол баға ұсынысы, конкурстық негізде, өткізілмеген сатып алу бойынша бір көзден алу, тікелей келісімшарт жасау арқылы бір көзден сатып алу, аукцион және тауар биржалары деп бөлінеді.

Алайда заңда бірнеше түрі көрсеткенімен еліміздегі мем­лекеттік сатып алулардың ең аз дегенде 70%-ы бір көзден сатып алу тәсілі бойынша жүргізіледі. Мәселен, 2018 жылы бір көзден сатып алу 77%-ды құраған. Оның ішінде 48% тікелей келісімшарт жасау арқылы сатып алынса, 29% өткізілмеген сатып алу бойынша жасалған. Демек, сатып алуды басқа тәсіл арқылы өткізуге, на­рықтың тепе-теңдік заңдылығын сақтауға мән берілмей келеді. Осылайша, бір көзден сатып алу­дың үлесі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жүзеге асыратын мемлекеттік сатып алу саласын­дағы негізгі проблема болып қалып отыр.

Салыстыра қарасақ, Грузияда бір көзден сатып алу тәсілі тұтас мемлекеттік сатып алу жүйесінде 15%-дан аспайды. Сонымен бірге сатып алу процесіне қатысушы­лардың шағымдарын қарайтын арнайы орган жұмыс істейді. Ал Арменияда шағымды қарау отырысынан онлайн трансляция жүргізіледі.

Айта кетейік, Грузия – пост­кеңестік елдердің ішінде мемле­кеттік сатып алу порталын алғаш­қы болып енгізген мемлекет. Ке­йіннен олардың тәжірибесіне қарап Украина енгізді.

Zertteu Research Institute қоғамдық қорының дерегінше, Украинадағы мемлекеттік сатып алу порталын үкіметтік емес ұйым­дар мен азаматтық қоғам өкілдері жасап, барынша ашық, айқын жүйеге негіздеген. Transparency Ukraine үкіметтік емес ұйымы Prozorro порталын әзір­леп, үкіметке тегін ұсынған. Ке­йіннен саладағы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында Dozorro атты жаңа жоба жасалады.

Бұл тұрғыда алыстан ақыл сұ­рамай-ақ, мемлекеттік сатып алудағы ашықтыққа қол жеткізген Украина тәжірибесін зерделесек те жететіндей. Себебі біздің елде дәл осы саладағы көлеңкелі келі­сімдерді тоқтату мүмкін болмай отыр. Былтырдың өзінде мем­лекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлықтан 2,5 млрд теңге ел бюджетіне залал келтірілген. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліме­тінше, 2019 жылдың басынан бері 383 іс қозғалып, 92 азамат сотталған.

 

МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ – АҚША АЙНАЛЫМЫНЫҢ КӨЗІ

Сөз жоқ, мемлекеттік сатып алу саласы үлкен ақша айналымы жүретін алаң. Бірақ ол бюджет қар­жысы, халықтың игілігі. Сон­дықтан оған бақылаудың болуы шынайы нарық жүйесінің заң­дылығы. Қазақстанда мемлекеттік сатып алуға бөлінетін қаражат кө­лемі жылдан-жылға артып ке­леді. Мәселен, 2016 жылы оның мөлшері – 3,1 трлн теңге бол­са, 2017 жылы – 3,9 трлн, 2018 жы­лы – 4,1 трлн теңгеге жеткен. Был­тыр мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржы 4,6 трлн теңгені құраған. Былтыр жалпы респуб­ликалық бюджет көлемі 12,4 трлн теңге болғанын есепке алсаңыз, бұл (4,6 трлн) үлкен қаражат. Яғни, тұтас бір жылдық бюджеттің төрттен бірінен артық сома. Де­мек, жоғарыда жазғанымыздай осы қаржының 70%-ы тек бір көз­ден сатып алу тәсілі арқылы бе­ріліп келеді. Сондықтан Мем­ле­­кеттік сатып алу саласында жү­зеге асуы тиіс жұмыстар же­тер­лік. Ең бастысы, мемлекеттік са­тып алу ісіндегі ашықтық пен ай­қындыққа қол жеткізу аза­мат­тық қоғамның белсенділігінің арқасында мүмкін болмақ. Мұны Украина мысалы­нан анық көре аламыз.