Депутат сайлаушыға өзі барады
Депутат сайлаушыға өзі барады
109
оқылды

Күні кеше жергілікті мәслихат депутаттарының қолына мандат алып, жұмысқа кіріскеніне бір ай болды. VІІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары қазір белсенді жұмыс істеп жатыр.

Қалалық мәслихат депутатты­ғына «Nur Otan» партиясы атынан сайланған Анар Ізден мандат алған күннен бастап дамыл таппай келеді. Сайлауға дейін де үй аралап, халық­тың мұң-мұқтажын тыңдаған ол депутат болып сайланған соң бел­сенділігін тіпті күшейте түсті. Бірде сая­жайларда, бірде мұқтаж отбасы­лардың жанынан табылған Анар Ізденді сайлаушы іздемейді, ол сайлаушысын өзі іздеп, мәселесін шешуге ұмтылып жүр. Бір ғана мы­сал, мұқтаж отбасыға қыста көмір түсіріп беруі оның әрбір сайлаушы­ның жағдайына бейжай қарай алмайтынын байқатады. Қалалық мәслихаттағы бел­сенді әрі тыным таппайтын депутаттың бірі – Ерлан Мұсаев. «Nur Otan» партиясы атынан сай­ланған депутат мәслихаттағы жастардың қатарында болса да қаладағы көп мәселенің шешімін табуына үлесін қосып жүр. Депу­таттың айтуынша, бір ай ішінде қолға алған мәселелері аз емес. Мәселен, қаладағы Өсербаев, Әйтеке би көшесі бойындағы көпқабатты үйлерде жалдамалы пәтерлердің көбейіп кеткенінен тұрғындардың тынышы кеткенін мәселе етіп көтеріп қана қоймай, осы түйткілдің шешімін табамын дегенше басы-қасында жүрді. Құқық қорғау қызметкерлерімен бірге рейдке өзі де қатысып, бүгінде тынышы кеткен аумақта тәртіп ор­нағанын жеткізді. Сергек депутат­тың отыз күн ішіндегі жұмысы бұл ғана емес. Денсаулығына қатысты шағым жасаған сайлаушысымен бірге денсаулық мекемелерінің есігін қағып, сайлаушылармен бірге қуанып, бірге мұңайып жүр­ген депутаттың бірі. Депутаттың тағы бір көтерген мәселесі – саяжай жайы да алдағы уақытта шешімін тауып қалады деген үмітте. Яғни, бюджеттен қаржы бөлінсе, сая­жайға жол түседі деп өзі де сайлау­шылармен бірге сол күнді асыға күтіп жүр. Депутат Айгүл Мұсабаева да отыз күнін босқа өткізбегенін айта­ды. Халықтың мұң-мұқтажын тың­дап, бір ай ішінде 6 депутаттық сауал жолдаған. Қаладағы бос жатқан жер болса, сол жерге мүм­кіндігінше спорт­тық алаң, балалар ойын ала­ңын көбейтуді ойлаған халық қалау­лысының депутаттық сауалының басым бөлігі де осы мәселелер. Сондай-ақ білім сала­сының өкілі ретінде мектептер мен балабақша­лардың жайын да на­зардан қал­дырмай келеді. «Депу­таттық сауал­дарымның шешімін табуы алдағы уақыт еншісінде», – дейді ол. Қалалық мәслихат аппараты депутаттар жұмысын үйлесімді ету үшін депутаттарды 4 топқа бөлген. Яғни, халық қалаулылары өз то­бын­дағы аумақтың мәселесін ше­шуге үлесін қосады. Бұл да депу­таттардың қаланың ортақ мәселесін шешуге жұмыла кіріскенінің жарқын көрінісі.

Әбілмансұр ЖАСАН