Құжатсыз өмір – өмір ме?
Құжатсыз өмір – өмір ме?

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қа­зақстан халықаралық бюросы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссарының кеңсесімен бірге азаматтығы жоқ адамдар мәселесін шешу мақсатында IBelong кампа­ниясын іске асырып жатқанына 6-жылға аяқ басты. Әлем­дік жоба нәтижесінде, осы уақыт аралығында елімізде 1500 адам азаматтық алып, төлқұжатқа ие болды.

Мынадай қызық дерек бар. Ұлы­британия патшайымының төлқұжаты жоқ. Бірақ ол әлем бойынша емін-еркін жүре алады. «Ұлыбританияның төлқұжаттары ұлы мәртебелі патшайымның аты­нан бергендіктен, патшайымның өзі бұл құжатқа мұқтаж емес» деп жазады Ұлыбритания мо­нар­хиясының ресми сайты. Бұл от­басының бас­қа мүшелерінде төлқұжат бар.

Патшайымға құжатсыз көлік жүргізуге де рұқсат етілген.

Бұл енді әлем таныған тұлға болса, жер бетінде мыңдаған адам жеке басын куәландыратын құ­жатсыз өмір сүруде. Әрине, Ұлы­британия патшайымына құжат керек емес, ал жеке куәліксіз жүр­ген азаматтар үшін бұл – бас қайғы.

Құжатсыз жүргендер тағдыр тауқыметін тартқан жандар екені сөзсіз. Жеке басыңызды куәлік ете­тін құжат жоқ па? Онда сіз бү­кіл әлеу­меттік көмектен қағыла­сыз. «Ең­бек түбі – зейнет» де­ген­дей, зей­неткерлікке де шыға алмайсыз...

Дерекке сүйенсек, 2019 жылғы алғашқы алты айда Қазақстанда 7 500 адам азаматтығы жоқ тұлға ретінде тіркелсе, тағы 5 мыңнан ас­тамының статусы айқын­дал­маған.

Құжатсыз жүргендер кімдер? Мысалы, Алматы облысы Казцик ауылының тұрғыны Шаймардан Сейітқалиев жарты ғасыр құжатсыз өмір сүруде. Сонау кеңес дәуірі ке­зінде үйі өртке оранғанда, құ­жаттары да жанып кеткен. Кейін ол құрылысшы болып жұмыс істегенде құжат жөнінде бас қатыра қой­ма­ған. Қазір қызы, немересі үшеуі бірге тұрып жатыр. Үшеуінде де бірде-бір жеке бас құжаты жоқ. Телеарналарда да бұл отбасы ту­ралы екі жыл бұрын көрсетілді. Де­генмен әлі күнге алға жылжу бай­­қалмайды. Тек бұл іспен айна­лысқан еріктілер Шаймардан ақ­сақалдың туу туралы куәлігін тап­қан. Сөйтсек, ол Ресей Феде­ра­ция­сы құрамындағы Қалмақ Рес­пуб­ликасында дүниеге келген екен.

Казцик ауылы әкімдігінің бас маманы Есет Өмірзақов: «Қазір жиналған құжаттар көші-қон қыз­метінде. Заң бойынша 3-6 ай қа­ралады. Ресейде туғаны қолбайлау болып тұр. Ол Қазақстан азаматы емес. Алдымен уақытша, кейін нақты куәлік алады», – дейді.

Анықталғандай, құжатсыз жүргендердің басым бөлігі – Кеңес Одағы кезіндегі «қызыл паспорт» иелері. Олар бауырлас он бес мемлекет арасында емін-еркін жүре берген болатын. Одақ ыды­рап, мемлекеттер өз дербестігін алып, шекарасын нықтады. Ке­шегі Ресей немесе Өзбекстаннан көшіп келгендер елдеріне қайтпай отбасын құрып, жұмыс бабымен қалып қойды. Артынан осы Шаймардан Сейітқалиев сияқты құжатын ғана емес, «өз­дерін» де жоғалтты. Кейін құжат­тарын қай­тадан жасатамыз дегендер сергел­деңге түсті.

Ал Алматыда бір үйдің екі қызы 25 жылдан астам уақыт азаматты­ғын растайтын құжатсыз өмір сү­ріп келген. Құжат жоқтығының азабын олар тұрмысқа шығып, балалары дүниеге келгеннен кейін тартады. Туу туралы куәлік, жәр­демақы ала алмай, басқа да құ­қықтық мәселелерін шеше алмай қалған. «Әпкелі-сіңлілердің құ­жат­тарын қарастырғаннан кейін көші-қон қызметі «Қазақстан Республикасы азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы 1017-XII заңының 3-бабына сәй­кес, әйелдердің азаматтығын мо­йындауы туралы шешім қабыл­дады. Оларға жеке басын куәлан­дыратын құжаттар берілді», – дейді Алматы қалалық полиция депар­таментінің көші-қон қызметінің бастығы, полиция полковнигі Асхат Бутунчин.

Сонымен бірге әр елдің көші-қонға қатысты заңы әртүрлі. Мы­салы, Қытай азаматтық беру мә­селесіне тыңғылықты қарайды. Егер Қытайдан келген адам Қа­зақ­станның азаматы болып тіркелгісі келсе, ол әуелі Қытайдың азамат­тығынан бас тартуы керек. Ал Қы­тай «Қазақстанда азаматтық ала­ды» деген анықтамасыз тіркеу­ден шығармайды. Қазақстан ондай құжатты бермейтіні белгілі.

Елімізде басқа түскен қиын­дық­ты жеңілдетіп, азаматтық алып, құжат ресімдеуге Үкіметтік емес ұйымдар атсалысып жүр. 2018 жылы 203 адамның жеке бас құжаты қайта қалпына келтірілген. Сонымен бірге 51 балаға да құжат ресімделді. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жө­ніндегі жоғары комиссары бас­қармасы мен «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орта­лығының Түркістан облысын­да, Қызылорда және Жамбыл облыс­тарында азаматтығы жоқ тұлға­ларға құқықтық көмек көрсету бірлескен жобасының нәтижесі.

«Сана сезім» орталығының қызметкерлері: «Тіпті күнгейдегі ауылдық бір мектепте 40 бала құжатсыз білім алып жатыр екен. Басты себебі, әлеуметтік мәселе. Қаржының қолбайлау болуы мен құқықтық сауатсыздық, жайба­рақаттық құжатсыздықтың баста­уы», – дейді.

«Бізде көші-қон ісімен айна­лысатын мамандарды даярла­май­ды, жұмыс істейтіндер – заң фа­культетін бітіргендер ғана. Біз олар­дың құқықтық сауатын жақ­сартуға көмектесеміз, тәжіри­бе­мізді бөлісеміз. Бірақ мұның өзі мәселені шешпейді. Бір жағынан, бізде азаматтық алудың нақты стан­дарты қалыптаспай тұр. Со­ның салдарынан адам бірнеше жыл құжатына қол жеткізе алмай қиналады. Бұл іс нақты жолға қойылса, 3-4 айда бітіруге болады. Оның үстіне, елшілікке құжат тап­сырғанда ақша төлеу керек. Ал азаматтығы жоқтардың жұмысқа тұрып, ақша табуы қиынға соға­д­ы», – дейді Адам құқығы мен заң­дылықты сақтау жөніндегі Қазақ­стан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага.

Айтқандай, ел азаматтығын ала алмай әрі құжатсыз жүргендерге тағы да бір ескерту, IBelong жобасы 2024 жылға дейін аталған мәселені түгел шешуді көздейді. Қапы қалмаңыз! Мемлекеттің көзінен тыс қалсаңыз, тегін медициналық көмек, білім ала алмайсыз, зей­нет­керлікті де ұмытасыз. Өйткені құжат жоқ болса, адам да жоқ!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ