Тағы да бір банк жабылды
Тағы да бір банк жабылды
113
оқылды

Қазақстанның қаржы секторы теңізде дауылға кезіккен қайықтай қалтақтауын жал­ғас­тыруда. Кейбір сарапшылар қара аспанды төндіріп, тіпті оның төңкеріліп қалуы да ғажап емес деп жорамал құрады. Бұл болжаммен банк саласына жауапты Мәдина Әбілқасымованың агенттігі келіспейді. Ал кейінгі бір аптада болған оқиғалар біраз банктің басына қара бұлт төнгенін байқатқандай.

Біріншіден, биылғы 15 ақпанда Tengri Bank АҚ-ын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енді. Осылайша, оны қайта «тіріл­туге» тырысқан пәкістандық қо­жайыны түпкілікті жеңілді. Енді қаржылық реттеуші дәл осы атау­мен банк ашуға ешкімге рұқсат етпейді. Екіншіден, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы 11 ақпандағы қау­лы­сымен төтенше шешім қабылдады: AsiaCredit Bank АҚ-ын банк және өзге де операцияларды, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында қыз­метті жүргізуге берілген барлық лицензиясынан айырды. Агенттіктің Сыртқы ком­му­ни­кациялар басқармасының түсін­діруінше, бұған бірнеше себеп бар: аталған банк пруденциялық нор­мативтерді және сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде, яғни 1 жыл ішінде 3-тен көп рет бұзған. Бұған қоса, агенттіктің осы банкке жолдаған ұйғарымдары мен шараларын жүйелі түрде орындамаған. Сон­дай-ақ агенттік банктің қо­жайы­нына оны қосымша капиталдан­дыру жөнінде талап қойды, ол дәрменсіз жағдайға жеткен бан­кіне қосымша ақша құймады. Осының бәрі оны лицензиядан айыруға негіз болды.

Жауапсыздығы үшін жазаланған ба?

Қаржылық реттеу агенттігі AsiaCredit Bank АҚ лицензиясының күшін шұғыл тоқтатудан басқа амалы қалмағанын ха­барлады. Клиенттер кейінгі жылдары бұл банктен қаражатын қарқынды түрде алып кетіп жатты. 2019 жылғы қазаннан бастап банктің активтері клиенттердің бұл сұра­нысын қанағаттандыруға жетпейтіні бай­қалған. Содан банк жеке және заңды тұл­ғаларға депозиттеріндегі, есепшо­­тындағы ақшасын алуға рұқсат етпей, бұғаттап тастады. Сөйтіп, адал ақшасын кері ала ал­маған адамдардың наразылығын ту­ғызды. «Осылайша, банк қаржылық реттеуші белгілеген пруденциялдық нормативтерді бұ­за бастады. Осы кезеңнен бастап агенттік тарапынан бұл банкке қатысты оның жағ­дайын жақсартуға бағытталған 14 қадағалап ден қою шарасы қабылданды және әкім­ші­лік құқықбұзушылық туралы 73 хатта­ма толтырылды. 2019 жылғы қазанда Ұлттық банк AsiaCredit Bank АҚ-ның жал­­­ғыз акционеріне банкті капиталдан­­дыру жөніндегі талап қойып, мәжбүрлеу шарасын қолданды. Бірақ ол шара орын­далмады. 2020 жылы қанағат­танарлықсыз қаржылық жағдайының сақталуына бай­ланысты агенттік банкті «қаржылық жағ­дайы орнықсыз банктер» санатына жат­қызды. Сондай-ақ банктен және оның оның акционерінен банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауды талап етті», – деді агенттік. Осы жоспарды орындау аясында банк акционері қаржы ұйымына 15,4 млрд теңге құйған. 2020 жылғы қаңтардан 2021 жылғы ақпан аралығында клиенттердің депозитін қайтару нәтижесінде «АзияКредит банкі­нің» міндеттемелері 21,8 миллиард теңгеге азайды. 2020 жылғы қарашадан 2021 жылғы ақпан аралығында банк акционері өз қаржысы есебінен мектеп пен аурухана се­кілді әлеуметтік маңызы бар мекемелер және БЖЗҚ алдындағы берешегін толы­ғымен өтеді. Онда неге банктің әрі қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмеді? – Банктің қаржылық жағдайын жақ­сарту жөніндегі іс-шаралар жоспары 2020 жылғы 25 желтоқсанда аяқталды. Алайда акционер қабылдаған шаралар банктің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға әкел­ген жоқ! AsiaCredit Bank пру­ден­циялық нормативтерді бұзуды жал­ғастыруда және өз клиенттері алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерді орындамады. Банктің қосымша прови­зиялар қалыптастыру үшін қажетті мен­шікті капитал тап­шылығы 19 млрд теңге болды, – деді агенттік.

Кәсіпкерлер қанша қаржыдан қағылды?

2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойын­ша AsiaCredit Bank-те 23 174 жеке тұлғаның депозиттері жа­тыр: олардың жинағы шамамен 19 млрд теңгені құрайды. Бұл барлық салымшының 97,7%-ын құрайды. Агенттіктің мәлім­деуін­ше, жеке тұлғалар алаңдамаса бола­­­ды: салымын Қа­зақ­станның депозиттерге кепілдік беру қоры өтейді. Қалған 2,3 пайызы – заңды тұлғалар. Бизнесмендер салымын қайтара алмайтын түрі бар. Олардың салымы кепіл­­ден­дірілмеген. 12 ақпанда олардың банк шот­тары бойынша барлық операция тоқ­­­татылды. Сонда бұл банкте бизнес пен кәсіпорындардың қанша қаржысы күйіп кетуі мүмкін? Лицензиядан айырылған күнге дейін AsiaCredit Bank 45,4 млрд теңгені уысына түсіріп үлгеріпті. Бұдан бө­лек, банк 45 млрд теңге несие таратқан. Соның ішінде 31,6 млрд теңге немесе банк несие портфелінің 70%-ы улы кредит са­налады: олар бойынша борышкерлер 90 күннен астам мерзім бойы төлем жасауды доғарған. Яғни, банк салымшыларының ақшасын қайтарылмайтын несиеге та­ратып жіберіпті. Лицензиядан айырылған күні AsiaCredit Bank-тің өтімді активтерінің мөл­­шері бар-жоғы 75 млн теңгені құрады. Бұл ретте орындалмаған клиенттік төлем­дердің мөлшері 8 млрд теңгеден асады. Агенттік төрағасының 2021 жылғы 11  ақ­­пандағы №51 бұйрығымен «АзияКредит банкіне» уақытша әкімшілік тағайындалды. Яғни, оның топменеджерлері тегіс жұ­мыс­­тан шеттетілді. Банктің барлық басқару органының өкілеттіктері уақытша әкімшіге өтті. Уақытша әкімшілік банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейді. Уақытша әкімшілік жетекшісі бо­лып Қаржылық реттеу агенттігінің қыз­­меткері Ерлан Сәрсенбекұлы тағайын­далды. Сонымен бірге агенттік банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы өті­нішпен сотқа жүгінуде.

Байлық бай банкке құйылады

Ұлттық банк банк секторының қоры­тындыларын шығарды. Оған жүгінсек, отан­дық банктер активі рекордтық өсімге қол жеткізіпті. Атап айтқанда, 2021 жыл­дың басында екінші деңгейлі банктер активтерінің жалпы сомасы 31,17 трлн тең­гені құрады. Мұндай көп триллиондық межені отандық банк секторы ешқашан бағындырмаған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан бірден 16,3%-ға артты. Мә­селен, отандық банктер активтерінің жиын­тық сомасы 2010 жылы 12 трил­лионды, 2015 жылы – 23,7 трлн, 2017 жылы – 24,2 трлн, 2018 жылы – 25,2 трлн, 2019 жылы 26,8 трлн теңгені құраған-тын. Басқаша айтқанда, пандемия, шектеу, дағдарысқа қарамастан, банкирлер байып жатыр. Қиын кезеңде 26 коммер­циялық банктің 19-ы өсімге қол жеткізді. 2019 жылдың соңында Ұлттық банк сек­тордағы барлық активтің 87%-ына және барлық несиенің 90%-ына ие 14 банкте жаппай тексеру жүргізді. AQR қоры­тындысында Ұлттық банк «активтер сапа­сын бағалауға қатысқан банктерде де, жүйе­лі деңгейде де капитал тапшылығы жоқ» деп жариялады. Дегенмен біраз банк қожайынына өз қаржы ұйымын қосымша капиталдандыруға тура келді. Ал қосымша қаржы таба алмаған банк­­тердің не жабылуға, не өзге ірі әрі бай банк­терге қосылуға мәжбүр болуы мүмкін. Сарапшылардың байламынша, қазақ­стандық банк саласы моно­по­­лияланып жатыр. Ауқатты банктердің дәулеті барған сайын артуда. Ал кедейлері ары қарай қайыр­шыланып, банкрот болуы ықтимал. Мем­­­­­лекет оларды құтқармайды. Мәдина Әбілқасымованың командасы да пру­денциялық нормативтерді орындай ал­майтын, қосымша капитал табуға қау­қарсыз ұсақ банктерді аямайтынын анық байқатты. Қаржыгер, Financial Freedom ди­­рек­торы Расул Рысмамбетов тағы бір жайт­қа назар аудартады. Банк айдынында жем азайды. «Қаржы министрлігі 28 қаңтарда KASE-де МЕККАМ-12 (мемлекеттік құн­­ды қағаздың бір түрі) орналастыру арқылы нарықтан 51,2 млрд теңге ақша тартты. Бұл ретте құнды қағаздың орташа табыстылығы жылдық 9,41% болып бел­гіленді. Оның 88,3%-ын комбанктер са­тып алды. Қал­ғаны институттық ин­вес­торлар мен өзге заңды тұлғаларға тиді. Сонымен бірге Ұлт­тық банктің нота­ла­рының көлемі күрт қысқарды. Сөй­тіп, нарықтан 7 күндік нота­лар жойылып кетті. Салдарынан қыс­қа мер­зімді қаржыға бөк­кен банктерге ин­вестициялаудың басқа нұсқаларын із­деуге тура келеді», – дейді Расул Рыс­мамбетов. Оның пікірінше, банктер үшін пан­демия жағдайында бизнесті кредиттеу, биз­неске ақша салу – тым тәуекелді. Оның үстіне, елде жекешелендіру, мүлікті қайта бөлісу жүруде. Сондықтан банктер үшін ең тұрақты құрал – мемлекеттік және квази­мемсектордың құнды қағаздарын сатып алу болып отыр, себебі олар өз қарыздарын кепілді түрде қайтарады. Бұл жерде банкирлерге бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаевтың ведомствосы кө­мекке келген сыңайлы: меморган таяуда табысы 9,47% болатын МЕУКАМ-156 ар­­қылы нарықтан тағы 25,7 млрд теңге қарыз алды. Мұнда да мемлекеттік құнды қағаздардың 93,8%-ын банктер таласа-тармаса сатып алған. Бір апта бұрын ол нарықтан 138,5 млрд теңге қарыз тартты: оның үлкен бөлігін банк­тер ұсынған. Сондай-ақ Қаржы ми­нистрлігі жылдық табысы 9,57% МЕУКАМ-180 ар­қылы 15,2 млрд теңге қа­рыз сұратты. Оны да банктер берген. Бұдан бұрын, 27 қаңтарда қаржы ве­домст­восы 10,40% сыйақымен қайтаруды уәде етіп, 5,7 млрд теңгеге МЕУКАМ-180 ор­налас­тырған-тын. Оның алдында, 25 қаң­тарда меморган биржада 55,9 млрд тең­геге құнды қағаз сатты. Оның келтіретін кірісі 10,03%-ға дейін барады. Онда да құнды қағаздардың 97,6%-ын комбанктер ханта­лапай етіп, таратып алған. Мұның барлығын не үшін тәптіштеп айтып отырмыз? Әлемде, елде қандай дағ­дарыс пен қиын кезең болса да, ірі банктер баюын қоймайды: өйткені азаматтар да, бизнес те, мемлекеттің өзі де олардан қа­рыз сұрайды. Қайта дағдарыс қысқан сайын осы үш көзден қарызға деген сұраныс арта түспек. Бұл тұрғыдан алғанда, банктерді әлдебір паразитке ұқсататындар да бар. Ен­деше ұсақ, дәрменсіз банктердің бәрі жабылып тынса да, банк секторы толық күйремесі, ілгері басары сөзсіз.

АйханАйхан ШӘРІП